Ұлттық парктер туризмге жан бітіре ала ма?

29 мая, 20:58

Фото: автор

Отандық туризмді дамытуға деген нақты қадам соңғы жылдары ғана мықтап қолға алына бастады. Туризм – экономиканың негізгі тетігі екенін де енді түсіндік. Осыған байланысты былтыр Мәдениет және спорт министрлігі арнайы бағдарлама қабылдауды да қолға алған. Алайда, туристерді "мен мұндалап" шақырып тұрған сұлу табиғатымыз әлі игерілмей жатыр. 

Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Іле-Алатау ұлттық паркінде журналистерге жағымды жаңалығын жеткізіп, бұдан былай елімізде экотуризмнің тамырына қан жүгіретінін мәлім етті. Оның айтуынша, Қазақстанда 13 парк, 10 қорық бар. "Бұл ұлттық парктер бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарады. Егер ұлттық парк туризмді дамытамын десе, дамытар еді. Алайда, туризммен жеке бизнес айналысуы керек. Эко – табиғатты сақтау деген сөз. Яғни, табиғатқа ешбір залал тигізбей, отандық туризмді дамытып, туристерді тартсақ, бұл біріншіден – табыс көзі, екіншіден – жұмыс көзі", – дейді вице-министр. 

Министрлік ұлттық парктерді жандандыру үшін әлемдік тәжірибеге сүйенгенін алға тартады. Әсіресе, АҚШ-тың экотуристік қызметті дамыту жүйесі көңілге қонған. Бұл тұрғыда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев: "Біз АҚШ-тың 3 паркінде болдық. Мұнда экотуризмнің жолға қойылғанына 100 жыл болған. Қазір саланы дамытумен ірі 4 компания айналысады. Йосемити паркінің өзі жыл сайын 5 млн турист қабылдап, жылдық табысын 144 млн долларға жеткізген. Бұл жерден көзге оғаш көрінетін ешқандай алып құрылыс көрмедік. Шағын визит-орталық, тамақтанатын орын, тағы басқа маңызды нысандар ғана бар. Ал бізде экотуризм барлық ұлттық парк аумағының тек 5 пайызын ғана алады. Бізде халық паркке тамақ ішіп-жеу үшін, кейде бір күн қонып кетуге ғана келуі мүмкін. Ал Америкада адам паркке табиғатпен етене байланысқа түсу үшін барады. Осы тұжырымды ұлттық парктерді дамытудың бас жоспарына енгізуді қолға алдық. Сәйкесінше, экотуризмді дамытудың бірнеше жобасы жасалды. Бүгінге дейін бұл саланы ешбір жүйесіз, ешбір кешенді бағдарсыз жүргізіп келдік. Сервис қызметі де сапасыз болды. Сондықтан бұл салаға жаңаша көзқарас керек" деді көрген-түйгенін ортаға салып. 

                                                    Тендерге бір ғана компания қатысқан ба?

Осындай идеяны басты назарға алған министрлік 12 қаңтарда арнайы байқау жариялап, Іле-Алатау ұлттық паркінің сайтына жариялайды. Одан кейін тендер хабарламасы "Егемен Қазақстан" газетінде де жарық көреді. Ашық өткен байқауға бір ғана компания қатысып, 27 адамнан тұратын комиссия жобаны мақұлдаған. Осылайша, "Құлтау" ЖШС 35 учаскені 49 жылға жалға алып, ол жерде 10 жылда 34 нысан салу құқына ие болды. Компания бұл жобаға 14 млрд теңге құятынын да мәлімдеп, алғашқы визит-орталығын шілде айында тапсыруға уәде берді. Ал бастапқы төрт жылда ел ішінде ең танымал Маралсай, Түрген, Аюсай, Алмарасан шатқалдарында және Шарын, Асы сияқты табиғаты сұлу аймақтарда визит-орталықтар, кемпинг, тау баспалдақтары, табиғатты тамашалайтын алаңдар салынады.

Вице-министрдің айтуынша, учаскені жалға бір жылға берсек ешкім қомақты ақша салмайды. "Заң бойынша 49 жыл. Одан қорықпау керек. Компания келісім шарт бойынша 14 млрд теңгеге 8 шатқалда 34 нысан салу міндеттемесін мойнына алды. Әр нысанға 250-300 млн теңге жұмсайды. Бүкіл инфрақұрылым салынады. Тамақтану орнынан бөлек, кітап дүкені, ұлттық бұйым, сувенир сататын киоскілер болады. Бір жылдан кейін көреміз, қаражат жағынан қабілетін ескереміз. Ұлттық паркте бұған дейін 122 бизнес өкілдеріне 210 гектар жер берілген еді. Қазір 40 бизнес өкілімен келісім міндеттемесін орындамағаны үшін келісімшартты бұзуға тура келді. Бұл процесс жалғасады. Ал "Құлтау" небәрі 35 гектар жерді жалға алып, жобасын жүзеге асырам деп отыр. Ең алдымен, сервистік қызметтің сапасын жақсартуды ойластыру керек. Онсыз бізге турист те келмейді" деп тәптіштеді. 

Яғни, 8 шатқалда салынатын 34 нысанның ішінде визит-орталық, кэмпинг, этноауыл, тағы басқа шағын орталық болады. Визит-орталық – бизнес нысан емес, бұл демалушыға  жан-жақты ақпарат беретін орын. Бұдан бөлек "Құлтау" ЖШС өз қаржысына авто паркинг те салмақшы. Министрлік өкілдері "Автопаркингтің орны әзірге белгілі емес. Ең бастысы, табиғатқа еш залал тигізбеу – басты қағидамыз. Ұлттық парк – халықтың байлығы. Бұл мемлекеттің меншігіндегі нысан. Сондықтан бәрі заң жүзінде қадағаланады" дегенді қадап айтты.

 Туризм – дәретханадан басталады 

"Құлтау" ЖШС директоры Александр Гужавиннің айтуынша, бұл салада тәжірибесі мол. "Сол себептен осы жобаны жүзеге асыруға кірістім. Мұндағы ең үлкен мәселе – бұл аумақтарда дәретхана салу. Бұл мәселе талайдан бері айтылып, шешімін таппай жүр. Бұдан бөлек табиғатқа залал келтіру қоғамды алаңдататыны рас" дейді инвестор. 


Оның айтуынша, туристерді қызықтыру үшін бұл орынның тарихынан сыр шертетін визиттік карточка болады. Аюсай деген қыздың образын сомдау арқылы ертегідегі қар барысының тарихын айта келе, табиғатты қорғаудың мәнін түсіндірмек. Мұнда мекен ететін қар барысы туралы мұражайлар ашылып, сивер алмасы, мыңдаған табиғи шөптер мен өсімдіктер әлемі туралы көрнекілік құралдар пайда болады. "Визит-орталықтарда шатқалдың тарихы, ондағы жан-жануарлар әлемі, қызықты ақпараттар болады, гидтердің саны артады. Бір сөзбен айтқанда, Іле Алатауы қайта түрленеді», – дейді инвестор Александр Гужавин.

Министрлік бұл жоба бойынша, алғашқы 10 жылда 3 миллионнан астам турист келеді деп болжап отыр. Екіншіден, әр туристен 10 жыл ішінде қазынаға шамамен 1 млрд 250 млн теңге түседі деген сенімде. Тағы бір дерек, былтыр 8 шатқалдағы бекеттен 76 млн теңге табыс түсіп, бұл көрсеткіш жыл сайын 5 пайызға артып келеді. Демек, экономикаға кірісті молынан құятын салаға кешенді бағдарлама, тың көзқарас керектігі айқын. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации