Құлаған Қызылорда. Сыр бойының экономикасы НЕГЕ коронавирустан күйреді?

28 июля, 17:30

Фото: Nege.kz

Үкімет жарты жылдың қортындысын шығарды. Өңірлерде экономикалық жағдай мәз емес. Әсіресе, пандемиядан Қызылорда облысы ауыр соққы алған.

17 өңірдің жетеуі дағдарысқа ұшыраған. Оның ішінде бес өңірдің экономикалық ахуалы ауыр жағдайда. Біз бұған дейін Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің жарты жылда 1,8 пайызға қысқарғанын жазған болатынбыз.

 

Елдің жағдайын ІЖӨ-мен бағаласақ, аймақтардың ахуалы қысқамерзімді экономикалық индикатормен (ҚЭИ) есептеледі деп жазады Tengenomika. Сонда жыл басынан бері, Қызылордада ҚЭИ 16,6%, Ақтөбеде 4,3%, Павлодарда 3% және Маңғыстауда 2,4%-ға төмен кеткен. Аталған өңірлердің соңғы үшеуі өндіріс ошақтары шоғырланған, экономикалық белсенділігі жоғары аймақтарға жатады.

Экономиканың бұлайша әлсіреуін сарапшылар барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы көлік секторындағы өндіріс көлемінің төмендеуінен көреді. Карантин қырсығынан ел аумағында көтерме және бөлшек сауданың көлемі орта есеппен 11 пайызға түсіп кеткен.

«Ал Қызылорда облысына келсек, индекстің бұлай төмендеуі өңірдегі былтырғы қарқынның тым жоғары болуымен байланысты», – дейді Nege.kz шолушысына түсініктеме берген Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті, экономист Олжас Тілеуов.

«Былтыр Қызылорда облысы аумағында «Сарыарқа» газ құбыры құрылысы жүргізіліп, ол өз кезегінде өңірдегі экономикалық белсенділікті жоғары деңгейде ұстап отырды. Биыл ондай жұмыстардың жоқтығы құрылыс көлемін 68,2 пайызға қысқартып отыр. Жалпы белсенділіктің азаюы өнеркәсіптің нақты көлемін 9,3% -ға, сауданы – 5,9% -ға, қойма шаруашылығын – 19,1% -ға құлдыратты».

 

Әзірге жарты жылдан еңсесін тік ұстап шыққан екі өңір ғана бар. Ол Нұр-Cұлтан қаласы мен Атырау облысы. Атырауда қысқамерзімді экономикалық индикатор 4,6 пайызға өскен. Нұр-Сұлтанда ол өсім 4,4%-ды көрсетті.

 

Енді бар үміт екінші жартыжылдықта. Егер көлік тасымалы мен сауда орнына келсе, өңірлер жағдайын тез түзеп алардай мүмкіндік бар. Ішкі сұраныс жинақталып қалды және карантин бітсе, бірден көлемін ұлғайта береді.  

#қызылорда #экономика #кризис
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации