Елге локдаун – экономикаға нокдаун

02 июля, 20:26

Фото: Nege.kz

Ел экономикасы екінші карантинге шыдай ала ма? Сарапшылардың айтуынша, бұл нарықтан уақытша кеткен, бірақ қайтадан оралуға үміті бар кәсіпкерлерді түпкілікті тақырға отырғызады. Бірақ бизнес баяғыдай наразылық танытпайтыны анық. Адам жанының экономикадан бағалы екенін қоғам енді түсініп келеді.

Бір қуантарлығы, бұл жолы толық карантин емес, тек азаматтардың жүріс-тұрысы шектеліп, ірі сауда орындары ғана жабылады. Демек, шағын және орта бизнес өкілдерінің басым бөлігі өз жұмыстарын тоқтатпауға мүмкіндік алып отыр. Ол базалық фактор ретінде жақсы жаңалық.

«Бірақ алдағы локдаунның экономикаға алып келер психологиялық жағымсыз әсері бар. Себебі, бір карантиннен одан жеңілдеу болса да, бәрібір екінші карантинге кіру бизнесті ертеңгі күнге деген сенімнен айыра бастады. Кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту, жұмысшы санын көбейту, инвестиция салу бойынша жоспарларын ысырып қойды. Олар ертең тағы да жаңа карантин басталып кетеді деп қорқады», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

Сонымен бірге, бұл психологиялық құбылыс қарапайым азаматтарға да тән. Олар бағалы заттар мен қызметтер тұтынуын қойып, тек негізгі тағамдарды үйге қор ретінде жиыстыра бастайды. Несие алуды қояды, бар ақшаны құртпай, жинап отырады. Бұл ретте сұраныс азайып, нарықтан артық ақша кетіп, экономиканың тарылу процессі қарқын ала бастамақ.  

«Ұлттық экономика министрлігінің болжамына сүйенсек, 2020 жылы ел экономикасы тіпті ең төменгі даму деңгейін де көрсете алмайды», – деп жазады, экономист Сергей Домнин.

«Биыл Қазақстанда экономика 0,9%-ға құлдыраса, 2021 жылы 2,7% өсім болады деген болжам бар. Халықаралық валюта қоры 2020 жылы Қазақстанның жалпыұлттық ішкі өнімі 2,5%-ға төмендеп, 2021 жылы 4,1% өсімді көрсетеді деп болжап отыр. V түріндегі динамикаға қарамастан, бұл 2021 жылғы орташа әлемдік өсім қарқынынан (5,8%) да, дамушы елдердің көрсеткішінен де (6,6%) төмен».

Демек, біз қатты құлаймыз және басқалар сияқты тез көтеріле алмаймыз. «Біздің экономикамыздың құрылымы қисық» дейді біз әңгімеге тартқан экономист Владислав Туркин. Мықты орта бизнес жоқ, дайын тауарлар экспорты жолға қойылмағандықтан тек шикізат экспортына байланып отырмыз. Бұл жағдайда экономиканы тек мемлекеттік шығындар мен инфрақұрылымдық шығындардың өсуі арқылы көтеруге мәжбүр боламыз.

«Осы кезде бизнеске немесе халыққа көмектесу таңдауы тұрса, бизнесті қоя тұрып, азаматтарға тікелей ақшалай қолдау білдіру керек. Бұл локдауннан кейін экономикамызды тезірек көтеріп алуға мүмкіндік береді»

Үкімет бұл жолы да дағдарысты классикалық әдіспен еңсеріп көрмек. Ол – мемлекеттік шығындарды көбейтіп, экономикаға ақшаны төгіп құю. Ekonomist.kz қалыптасқан жағдайдан шығудың ең дұрыс жолы – фискалдық саясат пен бюджет құрылымын толықтай қайта қарастыру, салық түсімдерін арттыру тәсілдерін іздеу, сонымен бірге мемлекеттік шығынды қысқарту деп сараптап жазады. Бірақ, Сергей Домниннің пікірінше, 2020 жылға арналған дағдарысқа қарсы жоспарға қарасақ, үкімет мұндай қадамға баруға дайын емес. Себебі, бюджеттің өте көп бөлігі қысқартуға келмейтін баптардан тұрады. 60 пайыздан астамы халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелер. Өткен карантин шағын және орта бизнестен түсетін салықтың қысқаруына алып келді. Мұнай компаниялары бағаның құлдырауынан пайда таппады.

Экономист Айдархан Құсайыновтың пікірінше қазір экономиканың құлдырауын әлі ешкім есептеп біткен жоқ және оның қай нүктеде тоқтайтыны да белгісіз. Біз бұл пікірмен келісеміз. Және карантиннің оралуына қатысты кәсіпкерлердің баяғыдай наразы дауыстарын да естімей отырмыз. Не ондай жағдайға кәсіпкерлер алдын-ала дайындалды немесе адам өмірі бизнестен қымбат екенін түсіне бастады.

#карантин #локдаун #экономика
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации