Сенат депутаттары сайлауының бюллетеньдері әзір

24 июля, 17:56

Фото: inform.kz

Орталық сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға арналған сайлау бюллетеньдерін әзірлеу туралы қаулы қабылдады.

Алматы, NEGE. «Сайлау бюллетенінің формасы Орталық сайлау комиссиясының 2016 жылғы 26 сәуірдегі №33/129 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен Ортсайлаукомның 2014 жылғы 6 маусымдағы №10/233 қаулысымен бекітілген. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 37-бабының 2-тармағына сәйкес, сайлау бюллетеньдері сайлау округіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервімен сайлау округіндегі сайлаушылар санына тең мөлшерде дайындалады», - деді ҚР ОСК хатшысы Сабила Мұстафина ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында. Осыған байланысты «2020 жылы 12 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауына сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы» қаулы қабылданды. Қаулыға сәйкес облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының сайлау комиссияларына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің сайлаушылар санына сәйкес сайлау бюллетеньдерін дайындау тапсырылды. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттарды тіркеу кезеңінің қорытындылары қаралды. 2020 жылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша елімізде Сенат депутаттығына сайлау комиссиялары 58 кандидатты тіркеді. Орташа алғанда бір орынға үш үміткер бар. Айта кетейік, 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі осы жылдың қазан айында аяқталады. Осылайша, 2020 жылдың 12 тамызында еліміздің жоғары заң шығарушы органы жоғары палатасына 17 өңірден бір-бір депутаттан сайлануы қажет.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации