Ресей Алматыдағы биозертхананы «бомбалауды» ұйғарды

01 июля, 19:34

Фото: ғаламтордан

Әзірге, үгіт-насихат түрінде. Естеріңізде болса, 2019 жылы Ресейдің телеарналарының біріндегі ток-шоу жүргізушісі Ресей әскерилерін Қазақстандағы зертхананы әуеден бомбалауға шақырған. Әзірге жарылып жатқаны – тек ақпараттық бомбалар.

Мәскеу қырып-жойғыш ұшақтарды емес, әсері одан да зорырақ ресейлік телеарналарды қару етіп, ұрысқа көшкен. Әсіресе, Грузия мен Украинадағы биозертханалар басты нысанаға алынып отыр. Алматыдағы америкалық зертхана жөнінде ләм-мим деген сөз айтылған жоқ әзірге. Десе де, екіжақты кездесулерде мұның астыртын тілге тиек болып жатқаны дау тудырмаса керек.

Әңгімемізді әріден бастасақ, қаңтар айында Ресей телеарналары «Грузиядағы зертханалар коронавирус жасауға қатысқан» деп, тұспал жасаған еді. Ресейдің интернет-тролльдері «Қазақстанның зертханасы да вирус таратып жатыр» деп, лаң салуға тырысып баққаны бар. Өзбекстандағы Америка мен британ ғалымдары жұмыс істейтін биозертханаға да қатысты «елге бруцеллез таратып жатыр» деп байбалам салғаны тағы мәлім.

Бұл жайт Кремльдің шекесіне шөңге болып қадалып отыр. Сондықтан елдің үрейін ұшыратын үгіт-насихатын барынша күшейтті. Енді Бейжің де осы америкалық зертханаларға қатысты айғайға сүрең қоса бастады.

Ресейдің көзқарасы

Кеше ТМД елдерінің Терроризмге қарсы орталығының жетекшісі Андрей Новиков: «Грузия мен Украинадағы америкалық биозертханалардың қауіпсіздігі күмән тудырады. Өйткені, бұл елдердің мемлекеттік басқаруында проблемалар бар», – деп мәлімдеме жасады.

«Бүкіл әлем тап болып отырған қазіргі жағдай басқа да мәселелерді айшықтап көрсетіп отыр. Шетелдіктерге, атап айтқанда шетелдік ведомстволар мен қорларға тиесілі биозертханалар ТМД елдерімен шекаралас жатқан кейбір елдердің аумағында орналасқан», – дейді ол.

Оның сөзіне сенсек, кей жағдайларда биоматериалдардың сыртқа тарап кету қаупі бар. Бұл терроризмге жатпайды, бірақ оның жағымсыз үлкен салдары болуы мүмкін. Жоғары технологияларда мұндай жайт кездесіп отырады-мыс.

Қазіргі пандемия көрсетіп отырғандай, биоматериалдардың сыртқа тарап кетуі адам өміріне аса қауіп төндіреді.

Мұның алдында ОБСЕ жанындағы Ресейдің өкілі Александр Лукашевич: «Украина мен Грузияда орналасқан американдық зертханалардың екі мақсатта қолданылып жатқанына Мәскеу алаңдаушылық білдіреді» деген-ді. Оның сөзіне қарағанда, «эпидемияға қарсы күресеміз» деп, аталған зертханаларда қауіпті тәжірибелер жасалып жатқан көрінеді.

Батыстың уәжі

Батыстың пікірінше, биологиялық қару шығарған бұрынғы кеңес зертханаларында COVID-19-бен күрес жүргізіліп жатыр. Бұл Мәскеуге ұнамай отыр. Себебі, бұл АҚШ-пен байланысты.  

«Қырғи-қабақ соғыс» кезінде оба індетін қадағалап, биологиялық қару әзірлеуге арналған кеңес дәуірінен қалған зертханалар бар. Орталық Азия мен Қап тауының баурайындағы елдер оларды пандемияға қарсы күреске бағыттады. Ресей осы зертханаларға қарсы үгіт-насихат пен теріс ақпарат тарату науқанын бастап кетті. Шындығында, олар әлдеқашан жаңғыртылып, азаматтық қажеттілікке қарай қайта құрылған болатын».

Бұл – Карнеги қорының Ресей және Еуразия жөніндегі бағдарламаның аға ғылыми қызметкері Пол Стронскидің пікірі. Ресейдің шүйлігуінің себебі, бұл зертханалар – АҚШ-тың ең табысты сыртқы саяси бағдарламаларының бірі.

П.Стронски

1991 жылы Әзірбайжанда, Грузияда, Қазақстан мен Өзбекстанда АҚШ бірнеше зертханалар салды. Мақсаты аталған елдердің ғалымдарына жаппай қырып жоятын қаруларды бөлшектеп, қауіптен құттару болған. Батыстың көзқарасынша, осы зертханалардың арқасында Грузия Еуропадағы індетті ауыздықтап, қаза тапқандардың саны ең аз елге айналған. Ал Ресейде және оның одақтасы Арменияда инфекция барынша өршіп тұр.

Қазақстан туралы не дейді?

Батыстың пікірінше, Қазақстан инфекцияның екінші толқынын басынан өткеріп жатыр.

«18 маусымда Елбасының баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Қазақстан COVID-19-бен ауырған бірінші пациентін наурыз айының ортасында ғана анықтағанмен, Алматыдағы зертхана қаңтар айында шұғыл әрекет тобын белсенді әрекетке көшіріп, ғалымдарға орталық Азиядағы індеттің таралуын бақылауды тапсырған. Наурыз айының соңында Қазақстанда бес сағат ішінде нәтижесін көрсете алатын коронавирус сынамалары алына бастады», – дейді foreignpolicy сайты.

Америкалық сарапшылардың пікірінше, бұл – бізде орналасқан зертхананың пайдасы.

Қазақстанның ұстанымы

Ресей мен Қытайдың айтқаны ұдайы бір жерден шығып жатады. Құдды бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Қытайдың да бізді айыптағаны бар. Қытай үкіметінің пікірінше, «коронавирусты таратқан Қазақстан көрінеді», «пандемия Американың бізде орналасқан зертханасынан шыққан-мыс». Саясаттанушы Сайын Борбасовтың пікірінше, мұның бәрі – бос әңгімелер. Бактериологиялық шабуыл жасайтын қару шығаруды еліміз күн тәртібіне ешқашан қойған да емес. Қоймайды да. Себебі, Қазақстан – үлкен держава емес. Керісінше болса, біздің басшылық бұған бейқам қарамас еді. Сондықтан билік бұған әсте бармайды.

«Меніңше, біздің зертханаларда коронавирус немесе басқа вирустарды жасау жұмыстары жүргізілмейді. Өйткені, вирус таратып, әлемге қауіп төндіретіндей, біздің еліміздің ешқандай мүдделілігі жоқ. Ресейдің айтып отырғаны – бос сөз. Бізде Батыспен бірге түрлі індетпен күресуге арналған зертханалар бар. Ресей – басым держава. Біреуді бүктіріп алғысы келеді. Үнемі сондай әңгімелерді шығарып, бықсытып жүреді. Шындығында, Қазақстанның өсіп-өркендеп кеткенін Ресей де, Қытай да қаламайды»,дейді сарапшы.  

Оның пайымдауынша, бұл зертханалардың пайдасы зор. Соның арқасында түрлі балама энергияларды пайдалануды қолға алып жатырмыз. Батыспен өте жақсы қатынаста болуымыз керек-ақ.

«Жұмысы бейбіт экономикаға, шикізатты өңдеуге, энергияны үнемдеуге, экологияны жақсартуға бағытталған зертханалар бар. Американың тәжірибесі өте мол. Азық-түлік қауіпсіздігі зертханаларының бәрін АҚШ-пен бірге жасадық. Солардың арқасында дұрыс тамақ жеуге қолымыз жетті. Қытай мен Ресейге қарап отырсақ, бізде азық-түлік қауіпсіздігі, ветеринарлық қауіпсіздік деген ұғымдардың бәрі далада қалушы еді. Осының бәрін біз Батыстың көмегімен жасадық. Олар бізге грант бөлді. Өзіміз өтініш жасадық», – дейді саясаттанушы.

Сарапшының пікірінше, ғылымы озық Батыспен неғұрлым тығыз байланыс жасауымыз керек. Біз тек ресейшіл, қытайшыл саясат жүргізсек, көп нәрседен ұтыламыз. Әрине, бұл – Ресеймен немесе Қытаймен ат құйрығын кесісу деген сөз емес.

«Батыспен жақсы қарым-қатынас орнатсақ, көрші алып елдер етек-жеңін жинап, бізге құрметпен қарайды. Көпвекторлық саясатттың ұтымды жері – осы», – деп түйіндейді Сайын Борбасов.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации