Путин көрші елдерден ашық түрде жер даулай бастады

23 июня, 11:52

Фото: РИА Новости

Өткен жексенбіде, яғни 21 маусым күні Ресей президенті Владимир Путин «Россия 1» телеарнасына сұхбат берді. Бағдарлама «Мәскеу. Путин. Кремль» деп аталады. Онда Путин Совет Одағы құрылғанда «Ресей жерінің көп бөлігінен айрылып қалды» деп мәлімдеме жасады.

Оның пікірінше, көп республикалар орасан зор ресейлік жерлерді, оның сөзімен айтсақ, «дәстүрлі ресейлік тарихи территорияларды» қосып алған. Кеңес одағы құрамынан шыққанда, осы республикалардың әрқайсысы немен келсе, сонымен кетуі тиіс екен. «Орыс халқынан сыйлық алып, оны өзімен бірге тасып әкетуі дұрыс емес» көрінеді.

Путин өзі меңзеп отырған республикалардың атын айтып, түсін түстемеді. Ол Кеңес Одағы құрылғандағы келісімде олардың одақтан шығу құқығы көрсетілгенін, бірақ шығудың нақты рәсімдері көрсетілмегенін айтты.

Мұны қалай түсінуге болады? Путиннің сөзі «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген тәмсілді еске түсіре ме, қалай? Украинаны меңзеп, Қырымды тартып алғанын ақтағанымен, қалған көршілеріне де зіл тастап отыр ма? Әйтпесе, «бұрынғы республикалар» деп көпше түрде сөйлегенін неге жоруға болады?

Өз ішімізге келсек, Путиннің бұл сөзі біреулерді тіксіндірсе, енді біреулердің қышыған қотырын қасу болған секілді. Жер даулау мәселесін қос қолдап қолдағандар да, бір бүйрегі бұрып тұрғандар да табылды өз арамыздан. Салған сұрауымыз осыны көрсетіп отыр.

Юрий Захаров, казак атаманы:

Қазақстанда да Ресейге тиесілі жерлер бар

­Путиннің сөзі дұрыс. Тарихты білу керек. Украинаның оңтүстік-шығысы – Ресейдің жері. Қырым да – Ресейдің жері. Осылай ұзақ мысал келтіре беруге болады. Қазақстанда да Ресейге тиесілі жерлер бар. Қазақстанда соңғы кездерге дейін бәрі жақсы болып келген. Мұның бәрі мемлекеттің ішкі саясатына байланысты. Мені Қазақстанның ішіндегі мәдени саясат қатты алаңдатып отыр. Қазақстанды жақсы көрем. Бірақ жер-су аттарын үздіксіз өзгерту адамдардың ызасын келтіріп отыр. Бұл – орыс тұрғындарды көпшіліктің көзінше кемсіту. Қазақстанның тарихында орыстар болмаған ба? Мұны қалай қабылдауға болады? Бұл маған түрпідей тиеді.

Петр Своик, саясаткер:

Заңдық тұрғыдан бұл мәселенің өмір сүруге хақысы бар

– КСРО, яғни одақтас республикалар құрылған кездегі құжаттарды қарастырып көру керек. Сонда ғана оның нені меңзегені жайлы қандай да бір тұжырым жасауға болады. Путин принципті мәселе көтерді. Заңдық тұрғыдан бұл мәселенің өмір сүруге хақысы бар. Құрылып жатқанда қандай да бір шешімдер болса, одақтан шығарда ол шешімдер ескерілуі тиіс. КСРО қалай құрылды, шекаралар қалай бөлінді, шекара сызығы өзгерді ме, жоқ па? Мұны қарастырып, бір жақты шешіп алу қажет. Қалай десек те, бұл – Ресей президентінің саяси ұстанымы. Бұған байыппен мұқият назар аудару керек.

Тұңғыш президент және қазіргі президент Тоқаев жүргізіп жатқан саясат аясында Ресей Қазақстанға ешқандай территориялық талап қоймайды деп ойлаймын.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Жеріміздің бір бөлігін тартып алуға әрекеттенуі ықтимал

– 1990-жылдардың басында, жаңылмасам, 1995 жылы «Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық  және мәңгілік достық» атты стратегиялық келісім-шартқа қол қойғанбыз. Осы келісім бойынша, Ресей Федерациясы Қазақстанға ешқандай территориялық талап қоймайды. Сол келісімде «Қазақстанның территориялық тұтастығын мойындайды» деген арнайы бап бар. Осы келісімдердің барлығын жоққа шығарып, бықсытып жүрсе, ол жағын өзі біледі. Осы келісім-шарт негізінде, оның сөздерін жоққа шығара аламыз.

Әрине, ол Украинаны, Қырымды және Қазақстанның солтүстік аймағын меңзеп отыр. Рас, қазақ жерінің бір бөлігі жағрапиялық тұрғыдан Батыс Сібірге жатады. Бірақ Сібірдің бәрі орыстың жері деп айтуға болмайды. Ұлан-байтақ Сібір өлкесінде көп халықтар өмір сүрді. Оларды ақырындап шетінен басып алды. 1939 жылғы санақ бойынша Кеңес одағында 193 ұлт пен ұлыс тұрған. 1959 жылғы санақта соның 140-ы ғана қалған. Бұл – елуден аса ұлт пен ұлыс жойылып кетті деген сөз. Сол ұлттардың территориясы болды емес пе? Әсіресе, Сібірдегі, Қиыр Шығыстағы халықтар жойылып кетті. Кейбір ұлттарда 8-9 адам ғана қалған. Шын мәнінде, орыс жерлері Орал тауымен аяқталады. Одан берісі – ненец, мордва секілді халықтардың, башқұрттың, ноғайдың, татардың, қазақтың жерлері. Қазір бұлардың бәрі Ресейге қарасты.

Ресей жерге мұқтаж емес. Жері жетіп артылады – 14 миллион шаршы шақырымнан асады. Әлемде жер көлемі жағынан бірінші орында. Осындай кең байтақ жерде 140 миллион ғана адам тұрады. Қаншама жері бос жатыр. Сонда оларға жер неге керек? Неге олай сөйлейді? Мұның бәрі – ұлыдержавалық амбиция.

Ресей халқын бірдеңе қылып алдау керек. Өйткені, Ресей халқының әл-ауқаты Батыс халықтарына қарағанда әлдеқайда төмен. Тұрғын үй мәселесі шешілмеген. Экологиялық мәселелер асқынып барады. Жұмыссыздық көбейіп жатыр. Шаруашылықты дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан, бәрін алдауға мәжбүр. Оның бір жолы – ұлтшылдықты, шовинизмді, ұлтаралық араздықты қоздыру. «Біздің кемшілігімізге батыс кінәлі. Қазақ, украин кінәлі» деген бос әңгіме.

Бізде де осындай жаман әдет бар. «Қазақ пен ұйғырдың, қазақ пен дүңгеннің арасы жаман екен» деп, халықтарды бір-біріне айдап салып, білгенін істеп жүре береді. Негізі, халықтардың арасы жаман болмайды. Бұл – тек әдіс-тәсіл. Лас технология. Орыстар осыны істеп отыр. «Путин жақсы екен. Қарашы, қазақтар жерімізді алып қойыпты», дегендей. Орынбор біздің астанамыз болып еді кезінде. Жалпы, біздің бес облыстай территориямызды – Ресей, үш облыстай территориямызды Қытай алып отыр.  Қазақ хандығы тұсындағы жеріміздің үштен бірін жоғалтып отырмыз. Осыған да тәубе.

Жалпы, қауіп бар. Қазақстанда Ресейдің ресми тіркелген алты полигоны бар. Онда кем дегенде 40-50 мыңдай әскер бар. Меніңше, Ресей бізбен соғыспайды. Өз мәселесі жетіп артылады. Бірақ басымызды қатырып, территориялық талап қойып, жеріміздің бір бөлігін тартып алуға әрекеттенуі ықтимал. Біз үнемі бұған тойтарыс беруге дайын болуымыз керек.

Шыңғыс Мұқан, журналист:

«Мына жер бұрын біздікі болған» деген әңгімелер – бос сөз

– Тарихи мәліметтер қазақ хандығы бұрынғы Ресей империясына өз еркімен  бағынды деген уәжді жоққа шығарып жатыр. Қосылуға мәжбүр еткені белгілі болды. Бұл – бір.

Екіншіден, тарихи әділеттікті қалпына келтіретін болса, Ресейдің оңтүстігі – Астраханнан бастап Омбыға дейінгі жерлер қазақтың тарихи қонысы болғаны мәлім.

Үшіншіден, 1920-жылдары кеңес өкіметінің басшылары қазіргі территорияны қалыптастырған. Бұл – тарихи шындық.

Төртіншіден, қазіргі шекара делимитациядан өтті. Екі елдің басшылығы «мынау – менің территориям, ал мынау – сенің территорияң» деп белгілеп алды. Қазіргі шекарамызды Ресей ғана емес, БҰҰ-да мойындады. Заңдық тұрғыдан алғанда, «мына жер бұрын біздікі болған» деген әңгімелер – бос сөз.

Бесіншіден, Ресейдің жері – әлемде ең үлкен территория. Халқы әлем халқының екі пайызына да жетпейді. Ресей жерден таршылық көріп отырған ел емес. Соны игеріп алса, игі іс болар еді.

Менің ойымша, Путин үшін халықты жұмылдырудың бір жолы – ұлттың қышып тұрған жерін қасу. Осындай жағдай Жапонияда да болған. Ертеректе жапондар батыс елдерімен бетпе-бет келгенде, дамуы жағынан кенжелеп қалғанын біліп, Батыс елдеріне беріле салды. Іле-шала батыстың технологиялары мен өмір салтын қабылдай бастады. Бірақ дәрменсіздік көрсетуі қыжылға айналып, ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерінен айырылып, жақсыны да, жаманды да батыстан көшіріп алғандай сезініп қорланды. Ұлттық қозғалыс белең алды. Бұл Жапонияны дүниежүзілік соғыстарға ұрындырды. Екінші дүниежүзілік соғыста үстерінен атом бомбасы тасталғаннан кейін ғана сабасына түсті.

Тарихта мұндай жағдай көп. Гитлердің саясатын алсақ, «біз ерекше халықпыз» деп ұлттық сана сезімді қоздырып, ақыры онысы екінші дүниежүзілік соғысқа әкелді. Ұлттық сана-сезім өте қуатты, сонымен қатар, өте қауіпті де. Ұлттық сана-сезімді оятқанда, оның күші сыртқа емес, ішке бағытталуы керек. Яғни, өз мәдениетіңді, өндірісіңді дамытуға жұмсалуы тиіс. Дәл сондай жағдай Ресей империясының мұрагері – Ресей Федерациясында да  кездесіп отыр. Орыс халқының ішінде қыжыл бар. Дүние екіге жарылып, АҚШ бастаған демократиялық және КСРО бастаған тоталитарлық жүйе текетіресіп тұрған кезде, орыстар әлемнің жартысын билеп тұрды. Кеңес өкіметі ол жарыста ұтылды. Ұтылғанмен, орыстық рух, ішкі қыжыл әлі басылмай жатыр. Ұлттық сана-сезімді қоздыратын популистік көзқарастарға, мәлімдемелерге орыстардың басым бөлігі мұқтаж болып отыр. Мемлекеттік саясат осы бағытта жүріп жатқан соң, санасы шайылып, ұлттық реніш алға шықты. «Кім жаман АҚШ жаман, Батыс жаман. Солардың кесірінен осындай болып отырмыз», дегендей.

Расында, Батыс емес, кінәлі өздері. Ғылымын, технологиясын дамытамын десе, кім олардың қолын байлап отыр? Өкінішке орай, Ресей халқы осындай мәлімдемелерді қолдайды. Демократиялық елдерде мұндай мәліметтерді халық «осы дұрыс па, бұрыс па?» деп сүзгіден өткізеді. АҚШ-та қоғамдық барьерлер бар. Халықтың мемлекет саясатына қарсылық көрсетуге мүмкіндіктері, қауқары бар. Мұндай қауқар Ресейде де, бізде де жоқ. Бұл жақсылыққа апарып соқпайды.

Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара - әлемдегі ең үлкен шекаралардың бірі. Әрине, мұндай мәлімдемелер қауіп төндіреді. Рас, заңдық тұрғыдан қауіп жоқ. Шекара шегеленген. Дейтұрғанмен, көршіміздің ұлттық сана-сезімді осындай деструктивтік бағытта қоздыруы еліміздегі кейбір этникалық топтар арасында сепаратистік көзқарасты қалыптастыруы мүмкін.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации