Коронавирус туралы 7 сұрақтың жауабы

05 апреля, 21:25

Фото: ғаламтордан

Коронавирусқа қатысты деректің көптігінен қазір бас айналады. Олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айырудың өзі қиын. Nege.kz Covid-19 індеті туралы күні бүгінге дейін белгілі болған деректерді сараптап, маңызды деп тапқандарын назарыңызға ұсынады. Бір қажетіңізге жарар деген үміттеміз.

Коронавирустың табиғаты

Коронавирустар барлық дерлік аң-құста кездеседі. Вирустың дәл осы тәжвирус дейтін түрінің бізге белгілі 40 шақтысы бар. Бұған дейін болған «құс тұмауы», «шошқа тұмауы» және «түйе тұмауы» деп аталған MERS вирусы да осы топқа жатады.

Вирустың тәжге ұқсайтын ұштары пайдалы заттардың жасанды молекуласын, кей дерек бойынша жасанды ақуыз түрінде ағзамыздың «күзетшілерін» алдап өтіп, жасуша рецепторлары арқылы жасушаға еніп алады. Ауру осылай жұғады.

Індеттің «жаңа тәжвирусы» деп аталуының себебі, ол бұрын-соңды ғылымға белгісіз болған вирус, сәйкесінше, біздің иммунды жүйеміз де онымен қалай күресуді білмейді.

Ауру белгілері

Ең алдымен жаңа коронавирус тамақта, жоғарғы тыныс жолдарында көбейіп, күш алады. Одан әрі вирус өкпеге жетеді. Індет жұқтырған адам алдымен жөтеле бастайды. Содан кейін ғана дене қызуы көтеріледі. Дегенмен Ухань қаласында ауруханаға жатқызылған науқастардың 30%-ының дене қызуы қалыпты болған.
Әрбір бесінші науқаста жөтел де болмайды. Науқас өзінің ауырғанын білмеуі де мүмкін. Бірақ мұндай адам ауру таратушы болады. Түшкіру аурудың белгісіне жатпайды.

Luis Enrique Ascui / Getty Images

Аурудың жеңіл түрі кәдімгі тұмауға ұқсайды: құрғақ жөтел, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік.
Бұл жағдайда ол кәдімгі тұмауға қарсы дәрі-дәрмекпен үйдегі еммен жазылуы мүмкін.

Тәжвирусының ерекше белгісінің бірі – уақытша дәм сезу немесе иіс сезуді жоғалту. Ол барлық науқаста кездесе бермеуі мүмкін. Дегенмен осындай ерекшелігі туралы осы ауруды жұқтырған отандастарымыз да айтып отыр.

Қаншалықты тез жұғады?

Тәжвирус жұқтырған адам ауру белгілері шыққанға немесе ауырғанға дейін-ақ айналасына қауіпті болады. Вирус бір адамнан екіншісіне тез жұғады. ДДСҰ есебінше, вирусқа шалдыққан адам оны кемінде 2-ден 4 адамға дейін жұқтырады. Дегенмен науқастардың ішінде «суперспредер», қазақшалағанда «супержұқтырғыш» дейтіндері де кездеседі.

Мысалы Оңтүстік Кореяда науқас саны 30-ға жеткенге дейін індетті ауыздықтап ұстап тұра алды. Бірақ «Пациент 31» деп аталған әйел кемінде 1200 адамға ауру жұқтырған. Діндәр әйел жөтелгеніне, дене қызуының көтерілгеніне қарамастан, шіркеуге баруын тоқтатпаған. Науқастардың бәрі дерлік әйелден ғибадатханада вирус жұқтырған.  Нәтижесінде  10 күн ішінде Оңтүстік Кореяда ауру жұқтырғандар саны 30-дан 5000-ға бір-ақ өскен.
Хирургиялық бетперделер тәжвирусынан қорғауға қауқарсыз. Вирустың көлемінің кішкентайлығы соншалық, иненің ұшына 100 млн вирус сыйып кетеді.

Науқас жөтелгенде, оның ауыз-мұрнынан ауаға жүздеген ұсақ тамшы шашырайды. Олардың әрқайсында миллиардтаған вирус болуы мүмкін.

Тәжвирусы ауада үш сағатқа дейін тіршілік ете алады. Ал темір, пластик заттарда вирус үш күнге дейін, қағаз бен картонда – бір тәулікке дейін, мыста – 4 сағатқа дейін өмір сүреді.

Өлім-жітім көрсеткіші

Жаңа тәжвирусынан көз жұмғандардың көрсеткіші туралы дерек ала-құла. Дегенмен көптеген зерттеу оны 1-3% төңірегінде деп көрсетеді. Мұның алдындағы құс тұмауы (10%) және түйе тұмауымен (25%) салыстырғанда бұл әлдеқайда төмен болғанымен, маусымдық тұмаудан 20 есеге көп.

Covid-19 індетінен көз жұмғандардың саны денсаулық сақтау саласының сапасы мен науқастардың көптігімен, жәрдем берудің жылдамдығымен тікелей байланысты. Германияда бұл көрсеткіш небәрі 0,3% болса, Италияда – 9%-ға жетеді.

Халықты тестпен қамтамасыз ету ауру мен өлім-жітім санын едәуір азайтады. Оңтүстік Корея барлық дерлік азаматынан сынама алды. Кей сарапшылар мұндай профилактикалық шара аурудың асқынуы мен соның кесірінен болатын өлім санын кемітті деп санайды.

Жасы 70-тен асқан науқастардың арасында көз жұмғандар 5% болса, 80-нен кейін вирустан әрбір оныншы науқас көз жұмады.

Жаңа тәжвирусы сабыннан қорқады
Тәжвирусты сабын «өлтіреді». Мұның себебі вирустар негізінен РНК, ақуыз және липидтер секілді үш негізгі заттан тұрады. РНК — вирустың генетикалық материалы. Ақуыздар – вирус құрылымының негізі және вирусты «көздеген» жасушаға жеткізумен айналысады. Вирусты қоршап тұратын липидтердің міндеті оны қорғау және таралуына ықпал ету. Осы өздігінен қосылған үшеудің ішінде липидтер кәдімгі майларға жатады. Сабынның кез келген майды кетіретінін білеміз. Қарапайым сабын вирустың қорғанысын талқан етеді де, оның қосылыстары ыдырап, әрі қарай вирус қауқарсыз болып қалады.


Зарарсыздандыру үшін сабын мен спиртті пайдалану керек. Олар болмаған жағдайда, мирамистин немесе хлоргексидин көмектесуі мүмкін. Бұл екі зат та бактериямен бірге вирустарды жоятын күшке ие.

Антибиотиктер тәжирусының алдында дәрменсіз. Олар сонымен бірге тұмау, ұшық сияқты вирустарды да емдей алмайды.

Вакцина қашан болады?

Тәжвирусқа қарсы вакцина 2021 жылдың ортасына немесе аяғына таман табылуы мүмкін деген болжам бар. Оған дейін әлем халқының тең жартысына жуығы осы вируспен ауырып шығуы ықтимал. Оның үстіне бұл вирустың гендік тұрғыда жылдам мутацияға ұшырайтыны туралы дерек бар. Мәселен Ресейде ауырған науқастардан табылған вирустың «тегі» Қытайдан емес, Италиядан екені анықталған. АИТВ (ВИЧ) секілді мұның вакцинасы табылмауы да мүмкін. Әлем ғалымдары 35 жылдан бері адамнан маймыл арқылы берілген АИТВ-ға қарсы вакцина әзірлей алмай келеді. 

Бұған дейін 2002–2003 жылдары өршіген өкпе қабынуының жаңа түріне қарсы ешкім сол күйі вакцина жасамады. 2012 жылы науқастардың үштен екісінің өмірін қиған таяушығыстық респираторлы синдром вирусының да вакцинасы жоқ. Соңғы 20 жылда 3 мәрте бас көтеріп, ескерту жасаған тәжвирусына қарсы адамзат осы жолы мән беріп вакцина мен дәрі жасауға ұмтылуы мүмкін.

Қалай емеделеді?

Тәжвирусын емдеудің бірегей әдісі табылмай тұр. Дәрігерлер аурудың өзін емес, оның салдарын емдеуде. Сондықтан, тәжвирусынан айыққан науқастың онымен қайта ауырмасына еш кепіл жоқ.

Тәжвирустың жаңа түріне қарсы дәрі жоқ болғандықтан, әлемде дәрігерлер емнің барлық түрін қолдануда. Қытай мамандары бұл індеттен сауықтыруға безгектен емдейтін хлорохин препараты көмектесетінін мәлімдеді. Сонымен бірге АИТВ жұқтырған науқасты емдейтін лопинавир мен Эбола безгегі, Марбург вирусына қарсы қолданылатын ремдесивирмен емдеу де оң нәтиже көрсеткен. Жапонияда вирусқа қарсы авиган (фавипиравир) дәрісін қабылдаған науқастардың жазыла бастағаны туралы дерек бар. Ол РНК-вирустар тобымен күрес мақсатында арнайы әзірленген. Уханьда авиган қабылдаған науқастар орташа төрт күнде айыққан.

Қытайдың денсаулық сақтау министрлігі науқастарды дәстүрлі қытай медицинасының әдістерімен емдеуге рұқсат етті. Мәселен ханзу елінің басылымдары қытай қылшасы мен кәдімгі мия тамырынан жасалған ішірткілердің жақсы әсер еткені туралы жазуда.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации