«Журналистердің көбі жарты жолдан қайтқан сайлау»

14 января, 08:32

Фото: nege.kz

Төрт-бес жылда бір өтетін парламент сайлауының әрқайсысына ат қойып, ныспы белгілейтін дәстүр болса, биылғы сайлау дәл осылай аталарына бәс тігер едік.

Білесіздер, мұрнына саясаттың иісі бармайтын кісілер де сайлау сайын үміткерлер сапында жүреді. Арыға бармай-ақ, 2016 жылғы парламент сайлауын алайықшы, Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова секілді әншілер «Нұр Отан» партиясы үміткерлерінің қатарынан көрінген. Мұны жұрт әртүрлі жорыды. Шындыққа жақын болжам – «саясаттағы дүрмекке сахна шеберлері арқылы сән қосу» дегенге келетін. Расымен солай болып шықты. Депутаттардың төбесі көрінгенде көмейіне бұлбұл ұялағандар тойдан қайтқандай үйлеріне оралды. Және «Мен Мәжіліске неге бармай қалдым?» деп ешбірі өкпе-наз айтпады.

Қайрат Нұртас – «Нұр Отанның» мүшесі

Биылғы сайлауда қолына қалам ұстаған қауым белсенділік танытты. Қараша айында ғана бес партиядан 21 журналистің үміткерлер тізіміне іліккені жарияланып, аты-жөндері аталды. Яғни, жиырмадан аса журналистің құйысқаны көтеріліп тұрғаны жалпақ жұртқа белгілі болды. Бірақ оның бәрін атап шығу шарт емес. Дегенмен өз партиясын ұран ғып көтерген бірқатарына тоқталайық. Өйткені бұлардың ешбірі осал емес, белді десең – белді, жалды десең – жалды.

Көрерменге тележүргізуші ретінде етене таныс Зейін Әліпбек пен «Қазақ әдебиеті» басылымының бас редакторы, жазушы-журналист Дәурен Қуат және айтыскер ақын, «Самұрық» журналының редакторы Дәулеткерей Кәпұлы «Ауыл» партиясынан ат қосты. Көпшілікке «Информбюро» жаңалықтары арқылы танылып, бірқатар телеарналарда тізгін ұстаған Мақсат Толықбай «Адал» партиясының жалауын көтерді. Қал-қадірлері жеткенше өз партияларын жарнамалады, жұртты дауыс беруге шақырды.

Соңында не болды? «Ауыл» да, «Адал» да жеті пайыздық межені игере алмай, омақаса құлады. Былайша айтқанда, ойыннан тыс қалды. Демек журналистерге сенім артқан қарашаның да үкілі үміті омақасқан «Ауыл» мен «Адалдың» астында қалды. Осы кезде еске түседі, үгіт-насихат кезеңінде жұртты аузына қарата алатын журналистер «Қоғамды өзгертуді өзіңнен бастау керек» дегенге саятын пәлсапаға жақындау пікірді жиі айтты. Халық олар туралы «Өзгеріс осылардан басталады-ау» деген үміттің жетегіне ерді. Тіпті «Неге» ток-шоуында Мақсат Толықбай қызды-қыздымен «Алдағы сайлауда 7 пайыз дауыс алатынымызға 100 пайыз сенімдімін» деп салды.

«Адалдықтар»

Бірақ Мақсаттың бұл мақсаты орындалмады. Орындалмақ түгілі қылтасынан қиылды. Қиған басқа емес, «Адал» партиясының төрағасы. Себебі Мақсат Толықбай екіншіліктен дәметіп жүргенде, партия төрағасы Серік Сұлтанғали «Нұр Отанды» жарқын жеңісімен құттықтады. Егер «Адал» шынымен адал болса әрі электораттың бір бөлігі өздеріне дауыс бергеніне немесе беретіндеріне (алдында өздері айтқандай – ред) сенімді болса, айғай салып, Мәжілістегі өз үлестерін даулауы тиіс еді. «Адалға» ұйыған жұрт төрағаны да, партияның бет-бейнесіне айналған журналисті де осы маңнан көруі тиіс-тін.

«Ауылдың» да басындағы кеп осыған ұқсас. Бір ерекшелігі, партия төрағасы емес, ақтаңгер ақын әрі журналист Дәулеткерей Кәпұлының өзі «Нұр Отанның» жеңісіне шүбә келтірмеді». Сонда гәп неде? Кәпұлының байламынша, «Ауылдың» жұртта қалғанына «қызылдар» кінәлі. «Оған Ресей ықпал еткен» дейді ақын-журналист.

Бір қарағанда, қызық байлам. Сонда Ресей тек «Ауылдың» үлесіне ауыз салған ба? «Ауыл» расымен де Алаш пен ауылдың байрағы ма еді?! Әлде Ресейдің араласатын жері «Ауылға» тіреліп тұр ма? Тағы бір қызығы, («ORDA» сайтына берген сұхбатына қарағанда) ақын-журналист сайлаудың әділ өтетініне қатты сенген көрінеді. Демек сайлау әділ өтпеген. Ал оған айыпты кім? Әрине, Ресей! Ендеше Алаштың ақыны «Ресей араласқан сайлау – сайлау емес» деп неге кесіп айта алмады?

Жанарбек Әшімжан

Мақпал Мыса

Иә, бұл сайлауда жоғарыда аттары аталған журналистерге қарағанда, «Ana tili» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан мен «Жетісу» газетінің тілшісі Мақпал Мысаның жолы болды.

Екеуін де ел біледі. Қабілет-қарымдары Мәжілісте отырғандардың ешбірінен кем емес. Бірақ мәселе осында ғана ма? Мәселе Мәжіліске деген ұмтылыста ғана емес, «майлы» партияны дұрыс таңдай білуде секілді. Енді қараңызшы, Жанарбек пен Мақпал дөп түскен таңдаудан жоғарыда аттары аталған журналистер қалай жаңылған?

Қызық сұрақ, ә?!

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации