Тоқаев Көлгіновке НЕГЕ ескерту жасады?

08 апреля, 12:46

Фото: akorda.kz

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.

Ресми хабарламаға қарағанда, Көлгінов Президентке Елордадағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина салу шаралары жөнінде мәлімет берген.

«Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар коронавирусқа қарсы екпені тезірек алған жағдайда ғана қоғамдық орындарда бір-біріне қауіп төндірмейтінін, бизнес жандана түсетінін, қызметкерлердің жұмыс орындарына алаңдамай баруына және халықтың қалыпты өмірге қайта оралуына толық мүмкіндік болатынын айтты.

Президент тұрғындарға вакцина салуды уақытылы және жаппай ұйымдастыру, эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап, халықтың денсаулығын сақтау жөнінде қала әкіміне тапсырма берді.

Мемлекет басшысына қаладағы халық санының артуына байланысты білім беру ошақтарын салу арқылы үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешу, кезекте тұрған азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша ақпарат берілді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновке қаланы газдандыру мәселесін шешуді, инвестиция тартуды, жұмыспен қамту жол картасын тиімді жүзеге асыруды, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді тапсырды».

Фото: astana.gov.kz

Бұл – ресми хабарламада айтылған жайттар. Бейресми дерекке сенсек, Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтанның әкіміне қатқыл ескерту жасаған. Бұлай етуге себеп бар.

Нұр-Сұлтанның эпидемиологиялық жағдайы мәз емес. Соңғы тәулікте ғана Нұр-Сұлтанда 578 адамнан коронавирус анықталған. Бұл көрсеткіш ақпан айында ғана 100 болса, сәуірде 600-ге жуықтапты.

Жұртты вакцинациялаудың жайы да мәз емес. Жаппай түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Есесіне, Көлгіновтің жеке басын дәріптеу күшті.

Қарғын су Нұр-Сұлтанның іргесін шайып жатыр. Көлгіновті Президент қабылдайтын күні түнде Елорданың түбіндегі Қоянды ауылының 15 үйін қарғын су басып қалды. Енді бір толқыса, Елордаға жетуі мүмкін...

Нұр-Сұлтан, Есіл көшесі. Фотолар: әлеуметтік желіден

Қаланы газдандыру мәселесі де мәз емес. Жұмыс баяу жүруде. «Бәленше үй газға қосылды» деп есепті асыра көрсету бар.  

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы бастығының міндетін атқарушының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады.

Ақпарат көзінің дерегіне сенсек, білім басқармасының басшысы әлдебір ЖШС директорымен бірігіп, өткен жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында бюджеттен 869 млн теңге жымқырған.

Өткен жылы Президент Қ.Тоқаев бірқатар әкімдер мен вице-премьерге сөгіс жариялап, тағы біраз әкімге ескерту жасағаны есте. Ескерту алғандардың ішінде А.Көлгінов те бар.

«Ескерту мен сөгістің, сөгіс пен қатаң сөгістің, қатаң сөгіс пен отставканың арасы бір-ақ қадам екенін Президент Қ.Тоқаев Елорда әкімінің есіне салғаны анық» дейді тұрақты оқырманымыз. 

#тоқаев #көлгінов #сөгіс
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации