Алматы облысында «Санта-Барбараға» бергісіз оқиға болып жатыр

26 февраля, 17:48

Фото: Коллаж nege.kz

Тоқсаныншы жылдардың басында жұрт жаппай көрген «Санта-Барбара» дейтін телесериал есіңізде ме? Тосын оқиғалар, қым-қуыт махаббат, комедия бәрі бар еді онда. Осы «Санта-Барбараның» сюжетіне бергісіз оқиға Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігінде болып жатыр.

Естеріңізде болса, 16 ақпанда «Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев отставкаға кетті, бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады» деген жаңалықты бірнеше БАҚ таратты. Алайда көп өтпей аудан әкімдігінің баспасөз қызметі әкімінің отставкаға кетпегенін мәлімдеді.

Хабарласқан тілшімізге: «Әкім отставкаға кетпеді. Қазір жұмыста жүр. Ақпарат қате жарияланған. Әкім ешқайда кеткен жоқ, қызметін атқарып жатыр. Қазір ғана ол жұмыс бабымен шығып кетті», – деп жауап берді.

Баспасөз қызметінің не себепті әкімді «кетті-кетпеді» деп әрі-сәрі қылып қойғанының жай-жапсарын аудандағы тұрақты оқырмандарымыздың бірі түсіндіріп берді. Сену-сенбеу – өз құзырыңызда.

Қ.Қашқымбаев

Оқиғаның ұзын-ырғасы былай болған көрінеді: Жасы алпысты алқымдап қалған (1962 жылы туған) әкім Қашқымбаев қарамағында жұмыс істейтін әлдебір жас келіншекпен әмпей-жәмпей болған-мыс. Ол келіншектің де отбасы бар деседі.

Түрлі деңгейдегі әкімдіктерде мұндай «әмпей-жәмпей» көп қой, егер әлгі келіншектің аяғы ауырлап қалмағанда, бәлкім, бұл оқиға да ел құлағынан тасада қалар ма еді, кім білсін.

Көп нәрсені жасыруға болар, бірақ аяғы ауыр екенін қалай жасырады? Мұны келіншектің күйеуі біліп қалған да, ескі қала Есікте «Санта-Барбараның» көкесі басталған. Әкімдікте де, үйде де күнде қиқу.

Әкімнің жүйкесі темір емес қой, «қызметтен кетсем, құлағым тынышталар» деп ойлаған ба, әйтеуір аппаратын жинап жиналыс өткізіпті де, кететінін мәлімдепті. Баспасөз қызметінің «кетті» деп хабарлап жіберуінің себебі осы болса керек.

Келгісі келсе – келетін, кеткісі келсе – кететін қызмет емес бұл. Әкім – президенттің сол аудандағы өкілі. Барлық деңгейдегі әкімдер Президент әкімшілігінің келісімімен тағайындалады. Ендеше, әкімдерді қызметінен алатын да – Президент әкімшілігі. Қашқымбаев қызды-қыздымен осы мәселені ұмытып кеткен болуы мүмкін.

Қашқымбаевтың «қайта келуіне» бір күннен кейін – 17 ақпанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың халыққа есеп беруі өтетіні де себеп болса керек. Қарамағындағы қызметкерінің басындағы қолайсыз жағдай туралы ел алдында сұрақ қойылғаны қайбір жақсы дейсіз.

Айтпақшы, Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қатысты облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының атына ресми сауал жолдағанбыз. Онда мынадай сұрақтар бар-тын: «Қ.Қашқымбаевтың отставкаға кеткені жөнінде әңгіме қайдан шықты? Аудан әкімі қарамағында жұмыс істейтін келіншекпен интимдік байланыста болғаны әшкереленіп қалған-мыс. Сол себепті отставкаға кетуге шешім қабылдағаны рас па? Бұл мемлекеттік қызметкердің этикасына сай әрекет пе? Егер аудан әкімінің қылығы расталса, оған қандай жаза қолданылады?»

А.Баталовтың есеп беруі. Фото: gurk.kz

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Т.Егембердиевтен мынадай тілдей жауап келді: «Сіздің Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қатысты жолдаған сауалдарыңызға байланысты, 24 ақпандағы дерек бойынша Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев өзінің лауазымдық міндетін атқарып отырғанын хабарлаймыз».

Нақты сұрақтарға нақты жауап қайда? Аппарат басшысының орынбасары неге тек «24 ақпандағы дерекке» сүйенді? Оған дейін немесе кейін ше? Жалпы, аудан әкімдігінде не болып жатыр өзі?

Жоғарыдағы сұрақтарымызды жауапсыз қалдырғанына қарағанда, Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының өзі де «Санта-Барбара» сериалын сүйіп көретін болса керек, сірә.

P.S. АҚШ-тағы «Санта-Барбараның» соңғы сериясы 1993 жылы шықты. Басты кейіпкерлер София мен СиСи Кэпвелл татуласып, бай-бақуатты ғұмыр кешеді. Сонымен, сериал тәмам. Ал Есіктегі «Санта-Барбараның» қаншаға созылары және немен тынары әзірге белгісіз...

#баталов #еңбекшіқазақ #қашқымбаев #отставка
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации