Жоспарлар мен стратегиялар елі. НЕГЕ бізде орындалмай қалған бағдарлама көп?

26 октября, 09:00

Фото: Nege.kz

Тәуелсіздіктен бергі жаңа тарихқа көз салсақ, жыл сайын жаңа бағдарламалардың ашылып, ескілерінің ұмыт қалғанын көреміз. Орындалмай ұмытылып кеткен жобалардың саны жиырмадан асады.

Қазақстан-2030, Бәсекеге қабілетті 50 мемлекет, 30 корпоративті лидер, Экономика чемпиондары, ГПИИР, ГПФИИР-2.... Осы тізімді жалғастыра беруге болады. Бірақ одан еш қайыр жоқ. Қазақстанда бағдарламаның орындалмағаны үшін бірде-бір шенеуік жария түрде жазаға тартылмаған. Тіпті сөгіс те алмаған. Осы бағдарламалардың барлығы экономиканы диферсификациялау жолында әзірленгенін айта кетейік. Енді осы жұмыспен арнайы құрылған экономиканы реформалау жөніндегі кеңес айналыспақ. Ол да жаңа жоспар, жаңа стратегия қабылдатар. Бірақ одан нәтиже бола ма?

Nege.kz осы сұрақты GSB UIB директоры, қазақтілді санаулы экономистердің бірі Мақсат Халыққа қойды.

«Экономиканы әртараптандыру мәселесі бізде 2003 жылдан бері көтеріле бастады. Сол уақытта 2015 жылға дейінгі индустриалды даму бағдарламасы әзірленген. Ол бағдарламаның өзі үш кезеңнен тұрды. Бағдарлама Қазақстанның экономикалық даму бағытын айқындайтын өте құнды құжат болды. Бірақ өкінішке қарай, ол бағдарлама іс жүзінде жүзеге аспады.

«Реформалардың атасы» Қайрат Келімбетов. Фото: Inbusiness.kz

2009 жылы жаңа бағдарлама әзірленді. Сол кезде Қайрат Келімбетовке біз неге бір бағдарлама аяқталмай жатып, екінші бағдарлама әзірленеді деп сұрағанбыз. Оған Келімбетов жауап берген. Біз 2007-2009 жылдардағы қаржы дағдарысына дайын болмадық және алдыңғы бағдарламада ондай тәуекелдерді ескермедік деп айтқан болатын. Екінші құжат – ол 2010-2020 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы. Мен ойымша, егер бірінші құжатты алып қарасаңыз, ол жерде ақпараттық технологиялар, ғарыштық, нанотехнологияларды дамыту туралы өте көп айтылған. Сондықтан онда біз өз мүмкіндіктерімізді ескермеген сияқтымыз. Әрине, қаржы дағдарысының да әсері бар, бірақ бағдарламаның тығырыққа тірелуінің негізгі себебі біздің ішкі мүмкіндіктерімізді дұрыс есептемеу деп ойлаймын.

Ал екінші бағдарлама – үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы. Бұл да шындап келгенде, өз жемісін бере алмады. Оған жауапты Әсет Исекешев болатын. Ол екі кезеңнің біріншісінің аяқталуы бойынша есебін бергенде Мойнақ ГЭС-ін, өзімізде вагондар құрастыратын «Тұлпар» зауытын атап өтті. Көріп тұрғанымыздай, жобалар өте аз. Бірақ Исекешов әлі алда басқа жобалар жемісін береді деген еді. Қазір 2020 жыл. Бағдарламаның мерзімі аяқталып келеді. Бірақ біз сол жемісін береді деген нақты жобаларды, өкінішке қарай, көрген жоқпыз.

Үдемелі индустриалды-инновациялық дамуына жауапты Әсет Исекешев.

НЕГЕ? Мысалы сол азамат әкім болып кетті. Аяқсыз қалатын себебі – бір бағдарламаға басынан аяғына дейін жауап беретін адамның жоқтығы.

Бағдарламаға ақша бөлінген кезде сол жақта бір беделді қаржылық топ болады. Ақша таусыла бастаған кезде бағдарлама талан-таражға ұшырайды да, әдейі ұмытылып, нәтижесінде кімнен жауап алатынымызды білмей жатамыз. Ең үлкен олқылық осы.

Осыдан 2-3 жыл бұрын Тимур Сүлейменов Ұлттық экономика министрі болып тұрған кезде осы екі бағдарламаның жалғасы ретінде үшінші бағдарлама ұсынды. Ол 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар деп аталады. Индустриалды-инновациялық деп халықты шатастыруға өздері де ұялған сияқты. Ол құжаттың бір ерекшелігі, оны дайындауға біраз еліміздегі сарапшылар тартылды.

«Қазақстан-2050» жоспарының «атасы» Тимур Сүлейменов.

Бірақ Сүлейменов министрліктен кеткеннен кейін ол құжат ұмыт қалды. Енді жаңа агенттік құрылғаннан кейін жағдай түзеледі деп үміттенемін. Бірақ бір қызығы, мұнда да жаңа стратегиялық құжат әзірлеу мәселесі көтерілуде. Ол да керек шығар.

Біз өзіміздің қолымыздан не келеді, соған назар аударымыз керек. Сол кезде ғана жоспарларымыз орындалады. Мен ауыл шаруашылығына баса назар аударуды ұсынар едім. Мал бағу, егіншілік. Қолымыздан келеді және оған сұраныс бар».

#реформа #экономика #бағдарламалар
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации