Түркі әлемі VS Орыс әлемі. Мәскеуді Анкараға алмастыру Қазақстан экономикасы үшін НЕГЕ маңызды?

16 февраля, 14:00

Фото: Nege.kz

Санкцияға белшесінен батқан Ресей батыспен біржолата ат құйрығын үзіссе, экономикасын оқшаулаудан басқа амалы қалмайды. Және ол осы құрдымға өзімен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерді, әсіресе Қазақстанды ала кетуге ниетті. Ол бізге керек пе?

Nege.kz Еуразиялық экономикалық одақты Түркі әлемінің экономикалық одағымен алмастыру мүмкіндігін саралап көрді және оның қаржылай артықшылықтарын есептеді.

Экономикалық «Тұран» – жаңалық емес. Ол көптен бері саясаттанушылардың тілге тиек етіп жүрген тақырыбы. Бірақ бұл тақырыпқа қатысты экономист мамандардың бағасы жетіспей жүрген еді. Экономикамызға Ресеймен бірге болған тиімді ме? Әлде Ресейден гөрі Түркия дұрыс па?

«Егер түрлі жағдайларды ескермей, таза салмағымен сараптасақ, бізге түркі әлемімен және Түркиямен тығыз интеграция орнату бірнеше себепке байланысты қолайлы», – дейді «Ұлағат консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

«Біріншіден, Түркиямен біздің экономикамыз бір-бірімен бәсекелеспейді. Мысалы, біз Ресеймен әлемдік нарықта, экспортта тікелей бәсекелеспіз. Өйткені біз де, Ресей де көмірсутектер, металдар, астық және басқа бірдей тауарлар түрін экспорттаймыз. Және бұл фактор бізге көптеген шектеулер мен тәуекелдер жүктейді»

Марат Қайырленовтың айтуынша, екінші жағынан технологиялық даму тұрғысынан Түркия экономикасы Батыс әлемімен тығыз байланыста және қатты дамып келеді. Таяу Шығыстағы соғыстар да, Әзірбайжан мен Армения арасындағы соңғы қақтығыс да ескірген және тиімсіз ресейлік техникамен салыстырғанда түрік қаруының артықшылығын көрсетті.

Фото: 360 арнасы

«Үшіншіден. Сыртқы әлеммен байланыс. Ресей Сыртқы істер министрінің жуырдағы мәлімдемесіне сәйкес, оның Еуропамен барлық қатынасты үзіп, толық оқшаулану қаупі бар. Батыс әлемі – бұл ең алдымен заманауи технологиялар. Сондықтан, Ресейге қарағанда, Түркиямен ынтымақтастық анағұрлым қолайлы болып көрінеді. Бірақ түркі мемлекеттерінің біріге бастауы Ресей тарапынан қарсы әрекет туғызуы мүмкін»

Сарапшының ойынша, Ресейдің құрамында көптеген түркі республикалары бар. Шығыс Түркістанды ескерсек, бұл тақырып Қытай үшін де жанды жерге тиетін фактор. Сонымен қатар, Түркия НАТО-ға мүше мемлекет және солтүстік альянстың шекараға жақындауы Ресей мен Қытайдың қытығына тиетіні анық.

Еуразиялық экономикалық одақты немен ауыстыруға болады? Nege.kz осы тақырыпта экономистермен әңгімелесуін жалғастыра бермек.

Саясатсыз, таза прагматикалық тұрғыдан Ресеймен тығыз байланыс бізге экономикалық пайда әкелді ме? Бізді осы сұрақ қызықтырады.

#ресей #ЕАЭС #түркия
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации