Тобырлар төңкерісі. Соңғы революция Қырғызстанды НЕГЕ банкроттыққа жетелейді?

21 октября, 08:37

Фото: Nege.kz

Қырғызстанның премьер-министрі әрі президенті міндетін атқарушы Садыр Жапаров үлкен қиындыққа тап келді. Коронавирус, революция мен бюджет тапшылығы қырғыз экономикасына үш жақтан соққы бермек.

«2020 жылы Қырғызстанға тартылған инвестиция көлемі былтырғыға қарағанда 40 пайызға құлайды», – деп жазады Ekonomist.kg.

Қырғызстанның Инвестицияларды ынталандыру және қорғау агенттігінің директоры Нұрәділ Баясовтың айтуынша, 2019 жылы ел 1 миллиард доллар инвестиция тартқан және бұл Қырғыз елінің тарихындағы өте жемісті жыл болды. Биыл коронавирус пандемиясы өрши бастаған бірінші тоқсанда инвестиция көлемі 16 пайызға азайса, бірінші жарты жылдың қортындысы бойынша құлдырау 58,3% дейін өсті. Бұдан кейін жылдың қалған екі тоқсанында коронавирустың беті қайтып, жағдай оңалар деген үміт болған. Бірақ осы кезде революция басталып, инвесторлардан одан сайын маза қашты. Кез-келген инвестор үшін ең қажет фактор – тұрақтылық екенін ескерсек, Қырғызстаннан капиталдың қашуы енді ел басқару тізгіні қолына тиген Садыр Жапаров үшін үлкен проблема болары сөзсіз.

«Қаржы министрлігінің мәліметінше, биыл Қырғызстанның бюджет тапшылығы шамамен жарты миллиард долларға жетті», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

«Биыл коронакризис алдында біз сияқты Қырғызстан да қиын жағдайда қалды. Біз ұлттық қорға қол салсақ, ал көршілерде сол кезде президент болып тұрған Сауранбай Жиенбеков халықаралық ұйымдардан көмек сұрап, біразымен келісімге келген болатын».

«Ал ендігі жағдайда ол қаржы елге келе ме, ол жағы белгісіз болып тұр. Батыс елдері Садыр Жапаровтың билікке келуіне қатысты өз позициясын әлі білдіре қоймады. Бірақ, олар Жапаровтың премьер-министр болып тағайындалуын заңсыз деп тапса, онда Қырғызстан батыстағы халықаралық қаржы институттардың гранты мен кредиттерінен айрылады»

Мұндай жағдайда Садыр Жапаровтың маневр алаңы мүлде қысқармақ. Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры мен Азия даму банкі бірден сырт айналатыны сөзсіз. Қалғаны – Ресей мен Қытай. Ресей қазір өз қаржылық көмегін тоқтатып қойды. Оның басты себебі – Ресей «Жапаров уәдесінде тұрмады» дейді. Путиннің өкілі ретінде президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дмитрий Козак Бішкекке ұшып барып, Сауранбай Жиенбеков, Садыр Жапаровпен ортақ келіссөз өткізген еді. Онда Ресей ресми түрде президент Жиенбековті қолдап, «ол елдегі ахуалды тыныштандырғанша орнында қалады» деген келісім болған.

Козак ұшып кете салсымен, Садыр Жапаров Жиенбековке қысымын күшейтіп, орнынан кетуге мәжбүрледі. Путин Жапаровтың бұл қылығын кешірмеуі де мүмкін. Мұндай жағдайда Қытай ғана қалады.

Фото: kyrgyztoday.kz

«Қырғызстан мойнын толығымен Қытайға бұрса, Жапаров бірден халықтың сенімінен айрылады», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Жергілікті тұрғындардың қытай азаматтарына деген көзқарасы өте нашар».

«Қырғызстанға құйылып жатқан Қытай инвестициясының көлемі жылдан-жылға артып келе жатқан еді. Бірақ Қытай Қырғызстан үшін қазіргі таңда бірінші орынға шыға қоймады. Бішкектің ең ірі инвесторы – Ресей Федерациясы. Одан кейінгі екінші орында Қазақстан келеді»

Садыр Жапаровтың Қытайдан ашық көмек алуға батылы бармауы мүмкін. Одан бөлек, қазіргі ресми Бішкектің бас ауруы сырттан жаңа инвестор тарту емес, қолда бар инвестордан айрылып қалмау болып тұр.

Қырғызстанның халықаралық іскерлік кеңесі мәліметінше, Альянс Алтын (Жер үй), Kaz Minerals Bozymchak LLC, Vertex Gold Company LLC, Бакыр Терексай, Фулл Голд Майнинг, Чаарат Заав және Кичи Чаарат сияқты шетелдіктермен бірлескен ірі тау-кен кәсіпорындарының көпшілігі өз жұмысын жартылай немесе толығымен тоқтатып қойған.

 Фото: elgezit.kg, талауға түскен «Жер үй» алтын кен орны

«Алтыншы қазаннан бастап біз жергілікті тұрғындармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен жұмысты қайта бастадық. Біз оларға бұл кәсіпорындар облыста жұмыс орындарын ашып, облыстық бюджетті толтыруды қамтамасыз ететінін түсіндіріп жатырмыз», – дейді Қырғызстанның Инвестицияларды ынталандыру және қорғау агенттігінің директоры Нұрәділ Баясов.

«Егер кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалса, бұл тұрғындардың өзіне зиян тигізеді. Енді біздің жұмысымыз жаңа инвесторларды тартуға емес, шығынға ұшыраған инвесторларды қорғауға және кепілдік беруге бағытталды»

Революция болған күндері Қырғызстан бір тәулікте 7 миллион доллардан жоғалтып отырды. Енді саясатты қоя тұрып, толықтай экономикамен айналысатын кез келді. Бірінші мәселе – бюджет тапшығын жою. Ол халықаралық көмек бола ма, әлде ішкі резервтер бар ма? Қырғызстанның Қаржы министрлігі осы сұраққа тез арада жауап беруі керек.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қырғызстан сырттан көмек ретінде 10 миллиардтан астам доллар алған. Оның 70 пайызы кредит ретінде, қалғаны қайтарымсыз грант ретінде берілді. Тіпті кредиттердің көбі кешіріліп те кетті. Әсіресе, Ресей Манас әуежайы маңындағы АҚШ әуе базасын жаптыру үшін, Қырғызстанның 700 миллион долларға жуық қарызын кешіре салды. Ал Қытайдың ондай кредитті кешіретін әдеті жоқ. АҚШ енді Қырғызстанды Ресеймен емес, Қытаймен күрес алаңына айналдыруы мүмкін. Онда Бішкектегі үкіметтік емес ұйымдар жергілікті халықты Қытаймен бірлескен кәсіпорындарға айдап салары анық.

Демек, Nege.kz есебінше, оңтүстіктегі көршіміз тез арада экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізе алмайды. Және күн санап экономиканы саясат ықтыра беретін болады.

#жапаров #бішкек #революция
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации