Мұнай мен мұңлықтар. «2021 жылы мұнай бағасы өседі» деген үміт НЕГЕ ақталмайтын болды?

20 октября, 08:34

Фото: Nege.kz

ОПЕК өз болжамын нашарлатып, «мұнайға деген әлемдегі сұраныс 2021 жылы да оңалмайды» деген ұйғарымға келді. Шикізатқа байланған Қазақстан үшін бұл тым жағымсыз жаңалық.

ОПЕК+ техникалық комитеті сұраныс болжамының нашарлауына қарамастан, келісімнің қолданыстағы шарттарын 2020 жылдан кейін ұзартуды талқыла май отыр деп жазады Oil & Gas Analytics.

Егер бір ай бұрын мұнайға деген сұраныс 2021 жылдың екінші тоқсанында қалпына келеді деп болжанған болса, енді ондай оптимизмге орын табылмай отыр. Жалпы ОПЕК+ техникалық комитеті қазір қандай да бір дағдарыстан кейінгі іс-шаралар бойынша пікір алмасуды қойған сияқты болып көрінеді.

Мұнай нарығындағы жағдай Сауд Арабиясының жоспары және оған Ресейдің мойынұсынуына тікелей байланысты болмақ. Постпандемияға енген елдер ішкі байланыстарын арттырып, экономикалық өрлеуге аяқ басса, сұраныстың артуын көре аламыз. Бірақ, Сауд Арабиясы келер жылдан бастап өндірілетін мұнай көлемін ұлғайту бойынша жоспарларынан бас тартпақ деп жазады Wall Street Journal.

Демек, онда ОПЕК-тің қазіргі келісімі өзгермейді және келесі жылға дәл осы шарттарымен ауысады.

«Сауд Арабиясының жоспарын Ливия бұзып отыр», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

«Ливия соғыс кезінде тұралап қалған мұнай өндірісін жылдам қалпына келтіруде. Елдегі ең ірі Шарара кен орны қайтадан жұмыс істей бастады. Және экспортталатын мұнай көлемін тәулік сайын ұлғайып отыр»

Өткен аптада Bloomberg Ливияның тәулігіне 500 мың баррель мұнай өндіріп отырғанын растады. Ливия мұнайының әлемдік нарықта пайда болуы мен көптеген елдердің коронакризистен әлі шыға алмағанын ескерсек, ОПЕК-тің осы шектеу шарттарын ұстап отыруға дауыс берері анық.

Ондай жағдайда Қазақстан келесі жылы әлемдік нарыққа тек 86 миллион тонна мұнай шығара алады. Одан артыққа бізге рұқсат жоқ.

ОПЕК қазіргі келісімді ұзарту не ұзартпау бойынша шешімді 2021 жылдың желтоқсан айында талқылайтын болады.

#опек #мұнай #пандемия
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации