ҚНРДА желкеңізден қарап тұр: Пенсияны «қай қалтаға» саласыз?

01 декабря, 08:59

Фото: Nege.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) «Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа қаулыны көпшілік талқысына ұсынды.

Бұл ұзақ және түсініксіз сөздер ҚНРДА-ның біздің зейнетақы алымдарын басқаратын компанияларды қатаң бақылауда ұстайтынын аңғартады. Жаңа жылдан кейін азаматтар зейнетақы қорында жатқан қаржының жеткіліктілік деңгейінен асатын сомасын ала алады. Оны үй жағдайын жақсартуға, емделуге, оқуға немесе басқарушы компанияларға аударуға болады.

Осы орайда, басқарушы компаниялар азаматтардың қаржысын қабылдайтын болғандықтан, ҚНРДА оларды бір тізіп шыққысы келгені анық. Жаңа өзгерістерге сай, басқарушы компанияның меншікті капиталы кем дегенде 5 миллиард теңге болуы тиіс. Басқару портфеліндегі сома кемі 10 миллиард теңгеге жетуі керек. Тіпті компания құрамындағы қызметкерлерге де талап қойылған. Штатта сертификатталған қаржылық талдаушылар мен тәуекел менеджерлерінің болуы шарт.

ҚНРДА осы қадамы арқылы нарық ойыншыларына тұсау қойып отыр ма? Nege.kz сұрау салған сарапшылар бұл бағытта бәрібір анау айтқандай бәсекелестік бола қоймайды дейді.

«Талаптарға бәлендей сұрақ жоқ. Бастысы, ҚНРДА тек қана отандық компаниялардың қамын күйттеп, шетелдік ойыншылардың аяғына тұсау салмаса болғаны», – дейді EXANTE халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев. «Бұл жерде отандық инвестиялық басқарушы компанияларға ешқандай артықшылық берілмеуі қажет».

«Бірақ бізде бұл талаптарға тек саусақпен санаулы бірнеше компанияның ғана сай екенін ескеру керек. Азаматтар зейнетақы қорынан 1,4 триллион теңге ала алады деп болжаған күннің өзінде де, оның басым бөлігі баспанаға кетеді. Басқарушы компанияларға, жалпы қаржы нарығына келетін соманың көлемі мардымсыз»

«Зейнетақы қорынан алуға рұқсат беретін ақшаны басқарушы компанияға тек қаржылық сауаты мол, қаржыны инвестияция құралы ретінде көретін азаматтар ғана салады», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Олардың саны өте аз және мұндай азаматтар тек Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларында шоғырланған. Олар нарыққа ешқандай жаңа серпіліс бере алмайды».

«Бізде инвестиция мәдениеті жоқ. Ашығын айтсақ, халықта инвестиция салатын ақша да жоқ. Көбіне азаматтар зейнетақы жинағының жеткіліктілік деңгейінің үстінен түсетін қаржыны қазіргі, бір реттік мәселесін шешуге пайдалануды жоспарлап отыр»

Мамандар зейнетақы қорынан капиталды басқару нарығына шашамен 60-70 миллиард теңге келсе де, соның өзі үлкен жетістік болар еді деген ойда. Nege.kz есебінше, бұл нарыққа келетін қаржы көлемі 50 миллиардтан асуы неғайбыл.

#зейнатақы #брокер #ҚНРДА
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации