Әйел Һәм экономика. Әдемілік бізге НЕГЕ көптік етпейді?

28 октября, 07:59

Фото: Nege.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік компаниялар басшылығында әйелдердің үлесін 30%-ке дейін арттыру туралы бастаманы жүзеге асыруды тапсырды. Ол экономикаға қалай әсер етеді?

Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық кеңес отырысында келтірген статистикасына сәйкес, барлық мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің 55%-тен астамы – әйелдер, сондай-ақ, парламент пен мәслихат депутаттарының 22%-і, судьялар корпусының 47%-і әйелдердің еншісінде. Сонымен бірге, бізде бір әйел әкім, екі әйел министр бар.

Бірақ енді, мемлекеттік қатысы бар компаниялардың бірінші басшылары арасында әйелдердің үлесі аз екеніне назар аударылып отыр. Қазіргі үлес 5,7 процентті құрайды. Ұлттық кеңес ол үлесті 30 процентке жеткізуді ұсынған.

«Бұл сұрақтың екі жағы бар. Классикалық еркін нарық тұрғысынан біреуге басымдық беру біртүрлі болып көрінеді», – дейді Nege.kz тілшісіне түсініктеме берген EXANTE халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев.

«Мысалы, бізде ата-анасының табысына сәйкес, балаға жоғары оқу орнына түсу кезінде басымдықтар беру туралы ақылға симайтын ұсыныстар айтылды. Грант кедей емес, білімді адамға берілу керек».

«Бұл жыныстық айырмашылықтарға да қатысты. Мен жоғарғы лауазымға білікті адам ие болуы керек деп санаймын. Ол әйел болғандықтан, немесе ұлты, нәсілі, дініне қарап бастық болмауы тиіс.  Оның бойында берілген тапсырманы орындай алатын біліктілік болуы қажет»

«Менің ойымша, оның ел экономикасына әсер етуі екіталай», – деп ескертеді Қазақстан HR қауымдастығының ресми өкілі Айгүл Ямалтдинова.

«Бұл экономикадан гөрі әлеуметтік жағдайға көбірек ықпал етуі тиіс. Әйел басшылар артынан көптеген жас қыздарға үлгі болады».

«Бизнесте әйелдер шаруаны әдетте үнемді жүргізеді және тәуекелдерге бас-көзсіз бара бермейді. Мен бұл туралы кәсіпкер әйелдер форумында естідім. Сонымен бірге, әйелдер сыбайлас жемқорлыққа да көп жоламайды. Ал ол экономика үшін пайдалы»

Ал Андрей Чеботаревтың айтуынша, сұрақтың екінші жағы да бар.

«Бізде ұзақ уақыт бойы патриархат үстемдік құрып келді де, әйелдер тиісті деңгейде терең білім ала алмады. Ал білім мансапқа керек. Сондықтан, уақытша шара ретінде дәл қазір әйелдерді қолдауға болады», – дейді Андрей Чеботарев.

«Бұл экономикаға қаншалықты жағымды яки жағымсыз әсер етеді? Айтарлықтай әсері болмайды деп ойлаймын. Оң нәтиже әйел емес, білікті басшыға байланысты. Ең бастысы – басшылықты кәсіби мамандар іске асыруы керек»

ТМД бойынша әйел басшылар саны жөнінен Қазақстанның жағдайы тәуір. Бірақ әңгіме ондай статистика жарысында тұрған жоқ. Әйелдердің басшылыққа көбірек келуі біздің еліміздің экономикалық жағдайын жақсарта ма? Сарапшылар одан тікелей байланыс көріп тұрған жоқ. Тек «сыбайлас жемқорлық фактілері азаюы мүмкін» деген пікірлер айтылды.

Дегенмен, Nege.kz зерттеуінше, дамыған елдерде әйелдер көбірек басшылық қызметке барады екен. Сондықтан одан қашудың қажеті жоқ. Көптеген мемлекеттік компаниялардағы былықтан әйелдердің ұқыптылығы арқасында арылуға болады. Сондықтан да әдемілік бізге көптік етпейді.

#әйел #тоқаев #реформа
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации