Үй алмақ болған зейнеткер алаяққа 1 млн теңге берген

23 февраля, 10:22

Фото: ғаламтордан

Өскемен қаласында зейнеткерді алдап соққан 36 жастағы ер адам ұсталды.

Алматы, NEGE. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өзін электрик ретінде таныстырған алаяқ 84 жастағы зейнеткердің пәтеріне келген. Үш күн бойы ол электр қуатын тексергендей кейіп танытып, қарт кісінің сеніміне кірді. «Осыдан кейін ер адам кейуанаға қиын жағдайға тап болғанын және пәтерін 2 миллион теңгеге сатып жатқанын айтқан. Алдын ала жалға алған үйді көрсетіп, сатып алуға ұсыныс жасады. Бұған сенген зейнеткер пәтерді алатындығын жеткізгенде алаяқ одан алғашқы төлем ретінде 1 млн теңге беруін сұраған.

Қарт кісі еш ойланбастан банктен несие алып ақшаны алаяқтың қолына ұстатады», - делінген хабарламада. Полиция қызметкерлері «Сергек» бейнебақылау жүйесінің көмегімен ер адамды қолға түсірді. Тергеу барысында ол кінәсін мойындады. Бірақ күдіктінің қалтасынан тек 120 мың теңге табылды. Оның айтуынша, бір күн бұрын 250 000 теңгеге «ВАЗ» көлігін сатып алып, қалған ақшаны жұмсап жіберген. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации