Түркістанды тарихымызды паш ететін орталық ретінде қалдыруымыз керек

01 декабря, 21:25

Фото: kk.wikipedia.org

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды жаңғыртқан кезде астананың құрылысы көз алдында тұрғанын мәлім етті.

Алматы. NEGE. «Мен өңір тарихында ең бірінші қала салуға кіріскенім – Теміртау болатын. Теміртауда комбинаттың, партияның басшысы болып жүрген кезде Мәскеудің тапсырмасымен біз қаланы қайтадан құрып, жылына 80 мың шаршы метр үй, балабақша, мектеп, аурухана салып, қаланы көтергенбіз. Екінші үлкен құрылыс – елордамыз астананы салу болды. Бұл енді батыл шешім болды. Бәрі бірдей оған келіскен жоқ. Қарсы болғандар да көп болды. Бірақ қазір ол шешімді бәрі дұрыс деп санайды. Бұл істі атқару барысында біз көп қиындық көрдік, оны жұрт біледі», - деді Елбасы «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Түркістан: Көне мен келешек көпірі» деректі фильмінде. Нұрсұлтан Назарбаев бұл ретте Түркістанның тарихи келбетін сақтауға баса мән берілгенін атап өтті. «Әрине, Түркістанды жаңғыртқан кезде астананың құрылысы көз алдымда тұрды. Өзінің қазіргі келбеті де ұқсайды. Астанада Ақордадан былай қарай – үлкен көше. Түркістанда да облыс әкімдігінің ғимаратынан былай қарай жүрген кезде үлкен көше тұрады. Екеуі екі жақта әрине. Оны елордамен салыстыруға болмайды. Біз оның келбетін сақтап, елдің, жұрттың, туристердің баратын, тарихымызды паш ететін орталық ретінде қалдыруымыз керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации