Соттар әкімшісі Орынбасар Лештаев қайда жүр?

16 октября, 16:21

Фото: nege.kz

Nege.kz порталы 15 қыркүйекте «Түркістан облыстық сотының төрағасы Алматыдан жұмыс іздеп жүр...» деп аталатын мақала жариялаған. Онда облыстық сот төрағасы мен соттар әкімшісі арасындағы астыртын текетірес туралы айтылады. Төраға мен әкімші арасындағы қырғи-қабақ «соғыс» төрағаны Президентке хат жазуға мәжбүр еткен.

Т.Баратбеков пен О.Лештаевтың халықпен кездесуі

Облыстық сот әкімшісі Орынбасар Лештаевтың қазір қайда екені белгісіз. Қарамағындағы қызметкерлері Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевты Түркістанда мас күйінде «қарсы алып», Мемлекеттік күзет қызметіне ұсталып жүргені де «бас әкімшінің» жұмыста жоқтығынан болса керек. Бұл туралы «Түркістанда Елбасын екі мас қалай қарсы алды?» деп аталатын мақаламызда егжей-тегжейлі айтылды.

Тілшіміз соттар әкімшісі Орынбасар Лештаевтың өзінен пікір сұрағысы келгенімен, бұл мүмкін болмады. «Байланыс аясынан тыс» жүргенінің өзіндік себебі бар сияқты. «Баратбеков қызметінен кетпей, жұмысқа шықпаймын» деп декреттік демалыс алған көрінеді.

Еңбек кодексінің 99-бабында былай дейді: «Жүкті әйелдерге, бала (балаларды) туған әйелдерге, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі:

      1) жүктілікке және босануға байланысты демалыс;

      2) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс;

      3) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс».

Алғашқы екі пункттің Лештаевқа қатысы болмаса керек-ті, ал үшінші пунктті негізге алуы мүмкін. Алайда мұнда «немере бағатын ата» туралы сөз жоқ.

Еңбек кодексінің 100-бабында былай дейді: «Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс

      1. Жұмыс беруші жұмыскерге:

      1) ата-анасының таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне;

      2) баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға;

      3) ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына не қамқоршысына;

      4) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерге бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті».

Бұл баптың қай пункті О.Лештаевтың қолайына жаққаны тағы бұлыңғыр.

О.Лештаевтың үйі 

Өңірдегі кейбір БАҚ үшін Лештаев – тұрақты кейіпкер. Мәселен, «Саясат-ақпарат» газетінде ол туралы бірнеше мақала жарияланған. Мемлекет басшысына, «Нұр Отан» партиясының төрағасына, Жоғарғы сот төрағасы мен Бас прокурорға, ҰҚК басшысына және Ішкі істер министріне бағытталған мақала «Орынбасар Лештаев «Қызыл Жұлдыз» орденін тауып алды ма, әлде мүрдеден «ұрлап» алды ма?» деп аталады. Тақырыбының өзі «сөйлеп» тұрған мақалада О.Лештаевтың «Қызыл Жұлдыз» ордені жалған екені сөз болады. Одан кейін «Қызыл жұлдыз орденінің «иегері» О.Лештаев сотқа беремін деп «отқа» түсті» деген тағы бір материал жарық көрді. Мұнда Лештаевқа қатысты мәселе бұрынғыдан да «қоюлана» түседі.

«Саясат-ақпарат» газетіндегі мақала

Қысқасы, сот төрағасы мен сот әкімшісі арасындағы «соғыс» Қарабақтағы қақтығыстан да қиын болатын түрі бар. Лештаев «Баратбеков қызметінен кеткенше жұмысқа шықпаймын» депті дегенді өңірдің сот саласында жүргендердің өзі айтады.

Кімнің кететіні, кімнің қалатыны сүзіскен екеу мен олардың айналасындағылар үшін қызық болар, ал сот жүйесі үшін, қарапайым халық үшін мұның еш пайдасы жоқ.    

Түркістан облысындағы тұрақты оқырманымыздың айтуынша, соттар әкімшісі О.Лештаевқа да қойылар сұрақ көп. Айталық, Домалақ ана мавзолейінің жанындағы қонақ үй кімдікі? Кейбір сайттар «құрылысқа кәсіпкер Лештаев атсалысты» деп жазды. Бұл қонақ үйді салуға сот әкімшісі қызметкерлері мен қаржысы тартылғаны, осыған байланысты Мұсабековтің шағым түсіргені рас па?

Өткен жылы 16 қыркүйекте Шымкентте сот әкімшісінің қызметтік көлігі жолаушы автобусымен соқтығысқан. Оқиға салдарынан автобустың кондукторы көз жұмды. Жол апатына кім кінәлі?

Біздің білуімізше, жуырда Түркістан облыстық сотының төрағасы қызметінен босатылып, Алматы қалалық сотына қатардағы судья болып тағайындалуы мүмкін. Соттар әкімшісі О.Лештаев та қазіргі қызметінде ұзақ отырмайтынға ұқсайды. Өйткені ол төрт айдан астам уақыттан бері жұмысқа шықпаған.

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов та «екі қошқардың» сәт сайынғы сарт-сұрт сүзісінен әбден зәрезап болғанға ұқсайды. Мәселені тездетіп шешуге пәрмен берген көрінеді...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации