Павлодар облысының әкімі: Әкімдіктер оңаша шешім қабылдайтын орынға айналмауы керек

25 февраля, 19:09

Фото: nege.kz

Павлодар облысы әкімдігінде жұмыс істейтін бір шенеунік бір есепті дайындауға орта есеппен 20 сағатқа жуық уақыт жұмсайды. Жергілікті атқарушы органдардың 1702 мемлекеттік қызметкері жүйелі түрде 2797 мерзімдік және біржолғы есеп дайындайды екен. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов мұны кадрлық ресурсты тиімсіз пайдаланудың бір ғана мысалы деп санайды.

Өңірдегі мемлекеттік басқарудың осы және басқа да жүйелі мәселелері қалай шешіліп жатқанын Әбілқайыр Сқақов тұрғындар алдындағы есебінің қорытындысы бойынша журналистермен бейресми кездесуде айтып берді.

Мұндай үлкен қағазбастылық пен оған уақыт жоғалтуға сапалы сараптама мен автоматтандырылған бизнес процестердің болмауы себеп. Мәселені шешуге Павлодар облысының әкімдігінде енгізіліп жатқан ақпараттық-талдау жүйесі ықпал етуі тиіс.

«Жүйе 90% дайын, оны жақын арада іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол әр сала бойынша деректерді жинайды және құрылымдайды, әр бөлімнен немесе басқармадан ақпарат пен сандарды сұрап, қолмен компьютерге енгізбей-ақ, аналитиканы автоматты түрде жүйелеп, реттеуге болады. Ең бастысы – тәуекелдерді талдауға және басқарушылық шешімдерді уақтылы қабылдауға мүмкіндік беретін барлық трендтерді дер кезінде анықтап, көретін боламыз. Біз басталып кеткен «өртті сөндіру» режимінде жұмыс істемеуіміз керек – шаруаны сенімді талдау негізінде тиімді жоспарлау қажет», – деді Әбілқайыр Сқақов.

Ә.Сқақов

Бірақ мақсатқа жету үшін бір ғана егжей-тегжейлі жоспарлаумен шектелмеуіміз керек. Оны іске асыру да сауатты жүргізілуі қажет. Павлодар облысы әкімі бұған операциялық басқарудан жобалық басқаруға көшу ықпал етеді деп есептейді. Әрі жобалық менеджмент шығынның неғұрлым ұтымды болуына септігін тигізеді – бюджет нақты күтетін нәтижеге бағдарланатын болады.

Кез келген қоғамдық маңызы бар жоба міндетті түрде өңір тұрғындарымен талқылануы тиіс екендігіне әкім сенімді. Әкімдікте сыртқы коммуникацияларды дамыту бойынша да үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр: ақпараттық ашықтықты арттырады, шешімдер қабылдауда жұртшылықтың рөлін нығайтады және биліктің есеп беру деңгейін көтереді. Мысалы, 2020 жылы Павлодар облысында басшылар өткізген брифингтер саны 3 есеге – 47-ден 131-ге дейін өсті. Оның ішінде облыс әкімі мен оның орынбасарлары беген брифингтер саны – тиісінше 3 және 22 есе өскен, – деді әкім.

«Келесі кезеңде қала және аудан әкімдерінің тұрғындар алдындағы есептерін тоқсан сайын жасауды жоспарлап отырмыз. Есеп беру кездесулерін жылына бірнеше рет өткізу қажет деп санаймын. Қала мен аудандардың даму жоспарына тұрғындар да ат салысуы тиіс, әкімдіктер оңаша шешім қабылдайтын орынға айналмауы керек», – деді Сқақов журналистерге.

Ол жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) мен квазимемлекеттік компаниялардың штат санын оңтайландыру жоспарлары туралы да айтып берді. ЖАО, «Павлодар» ӘКК және «Павлодар» АЭА-да персоналды 25%-ға қысқартады, бұл бюджетті әлеуметтік бастамалардың пайдасына жұмсауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Павлодар облысының әкімдігінде көліктік қызмет көрсету шығындары 200 миллионнан астам теңгеге қысқарған болатын, ал наурыздан бастап мұндағы мемлекеттік қызметкерлер кезекші көліктерге мінеді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации