Екі адамды тірідей өртеген қылмыскерлер қалай ұсталды? news video

13 января, 14:26

Олар ағайынды екі жігітті өз үйлерінен күштеп алып кеткен. Сосын елсіз далаға апарады да, үстілеріне жанармай құйып, өртеп жібереді. Қаскөйлер тірідей өртелген адамның қандай дауыс шығаратынын кейін тергеу кезінде әңгімелеп берді.

2015 жылдың наурыз айында Қарағанды облысын дүр сілкіндірген сұмдық қылмыс болды. Себебі Полиция департаментіне Шет аудандық полиция бөлімінен суыт хабар түскен екен. Ондағы мәліметке қарағанда, қаладан 90 шақырым жерден жартылай өртеніп кеткен екі адамның мәйіті табылған. Жедел тергеу тобы оқиға орнына түн мезгілінде жетеді. Оларды адам мәйітіне кездейсоқ кез болған Қарамұрын ауылының тұрғындары бастап барған еді. Оқиға орнындағы айғақ заттар марқұмдардың кісі қолынан қаза болғанын әйгілеп тұрды. Әсіресе, полицейлер жәбірленушілердің аяқ-қолын байлаған заттарға ерекше назар аударды. Өйткені жәбірленушілерді скотчпен және арқанмен байлаған.

Демек әлдебіреулер екі адамды қасақана әрі асқан қатігездікпен өлтірген. Бірақ аяқ-қолдарын қай кезде және не үшін байлағандары белгісіз. Қалай өлтіргендері де жұмбақ. Назар аударатын тағы бір мәселе, марқұмдардың бірінің саусағында қымбат сақинасы қалып қойыпты. Оған тиіспеген. Ендеше белгісіз біреулер марқұмдарды ақша мен дүние үшін емес, есеп айырысу үшін өлтіруі мүмкін бе?

Қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарын полицейлер дәл осы мезеттен-ақ бастап кеткен. Алайда бір қиындық бар еді. Алдымен марқұмдардың кімдер екенін анықтап алмай, қылмысты ашу мүмкін емес болатын. Қарағанды облысында жуық арада адам жоғалу дерегі тіркелмегендіктен, полицейлер оларды өзге облыстың адамдары шығар деп болжаған. Бірақ олай емес екен. Марқұмдар Қарағанды тұрғындары, ағайынды Николаевтар болып шықты. Салт басты екі еркек бір үйде тұрғандықтан, олардың жоғалғанын туыстары білмей қалса керек.

 

Бірнеше аптадан кейін қылмыстық топтың бір мүшесі  20 жастағы М.Дәукенов қолға түсті. Дәукенов бұл қылмысты жалғыз жасамағанын, қасында серіктері болғанын мойындады. Оның сөзінше, бұлар ағайынды Николаевтарды ұрлап әкетуді алдын ала жоспарлаған. Бұл үшін кәдімгі атыс-шабыс фильмдерінің кейіпкерлеріндей дайындық жасаған. Базардан арқан, скотч, қолғап секілді керек-жарақтарын түгендеп, ағайынды Николаевтардың үйін бетке алады. Бұл кезде Дәукеновтың қасында А.Базылбаев және Ш.Қожахметов деген екі серігі болған.

Тергеу деректеріне қарағанда, бұлар ағайынды Николаевтарды алдап-сулап, қаладан жыраққа алып кеткісі келсе керек. Бірақ жәбірленушілер күдіктеніп, бұлармен кездесуден бас тартқан. Қылмыскерлер соңдарынан аңдыған. Тіпті пәтерге терезеден түскісі келіпті. Алайда бұл жоспарлары да жүзеге аспай қалады. Сосын амалсыз құрбандарын көп қабатты үйдің подъезінде тұрып күтеді. Дүкенге шыққан жәбірленушінің бірі үйіне оралғанда, бұлар артынан ілесе кіреді. Ұрып-соғады, қорқытады. Сосын бірі сыртқа шығып, көліктерін тура есіктің көзіне әкелген. Ал іштегілер жәбірленушілердің басына қап кигізеді. Оның сыртынан дауыстары шықпастай етіп, скотчпен орайды. Қысқасы, білгендерін істеген қылмыскерлер ағайынды екеуді мал құсатып, көліктің жүксалғышына тастай салған.

Қаскөйлер шынымен де оларға адам ретінде қарамаған. Иен далаға барғанда екеуін жерге түсіріп, айқастыра жатқызады да, үстілеріне жанармай құяды. Лаулаған оттан жаны шырқыраған жәбірленушінің бірі жандәрмен екінші қырына аунап түскен екен. Ал екіншісі адам жанын түршіктірер жалынышты үн шығарыпты. 

Дәл осы сәттегі тағы бір сұмдықты тілшімізге қылмыскерлерге үкім кескен судья Шәріп Сейсембаев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, тірідей өртеніп жатқан жәбірленушінің бірінің қол-аяғын байлаған арқан қиылып,  ойламаған жерден босанып кетеді. Алайда қаскөйлер оның қашып құтылуына еш мүмкіндік бермеген. Өртенген күйі жанұшыра жүгірген жәбірленушіні Дәукенов пен Қожахметов қуып жүріп, тепкінің астына алады.  Жалынға күйіп, өртенген адам құлап қалғанша ешқайда жібермейді.

Қандықол қылмыскерлер ағайынды екі жігітті не үшін өлтірді? Олардың қандай жазығы бар еді? Қожахметов жәбірленушілердің Гапиев көшесіндегі 5-үйде тұратынын білетін. Қарағандыда 30-ықшамаудандағы үйлердің бағасы қымбат келеді. Сондықтан олар алаяқтық жолмен Николаевтардың үш бөлмелі пәтерін рәсімдеп алып, кейін оны сатып жіберуді көздеген. Бірақ жәбірленушілер бұлардан күдіктеніп, жандарына жуытпаған. Осыдан кейін қылмыскерлер амалсыз үй иелерінің көзін жойып, мүлде жоқ қылып жіберуді мақсат етеді.

Тергеу кезінде Қожахметов бірнеше мәрте жауабын өзгертіп, түлкібұлаңға салған екен. Бірақ оның ақталуға еш мүмкіндігі жоқ еді. Өйткені нақты дәлел жетерлік. Кісі ұрлаған сәтте жәбірленушілердің үйінен әкеткен пәтердің құжаттарын да Қожахметов тығып қойған жерінен тауып берді.

Қылмыскерлер өз істеріне өкінді. Бірақ амал не, «адасқанның айыбы жоқ...» дейтін түсінік бұл жерде жүрмейді. Қылмыстық әрекетке қарай белгіленген жаза бар. Соңғы сәтке дейін кісі өлтіретіндерін білмеген Базылбаев 7 жылға сотталса, Қожахметов пен Дәукенов 21 жылдан арқалады. Бір қызығы, бұл екі жігіттің де жасы 21-де болатын. Жастықтың қадірін білмегендер енді қырықтан асқанда ғана қапастан босайды.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации