Алматы облысында Баталовтан да «блатной» әкім бар 

08 апреля, 19:11

Фото: ғаламтордан

Бүгін Алматы облысындағы Кеген ауданынан шу шықты. Шырғанақ дейтін шағын ауылдың тұрғындары «ауыл әкімін сайлау әділ өтпеді» деп, экс-әкімді қайтаруды сұрап отыр. Неге? 

«Біздің сөзімізге құлақ аспаса, Президентке дейін барамыз» деген тұрғындар бүгін әлеуметтік желіні жан-жақтан толтырып тастады. Видеоүндеуі де, Мемлекет басшыларына жолдаған хаттары да жүр.

Айтуларынша, 6 сәуір күні Кеген аудандық мәслихатының отырысында Шырғанақ ауылдық округі əкімі сайланған. Бұған дейін ауылды басқарып келген ауыл әкімі Оразбай Бекбатыров қызметінен кетіп, орнына басқа адам келіпті. Мәслихат ысырып тастаған бұрынғы әкім сол ауылдың тумасы екен. Сол округтың ыстығына күйіп, суығына тоңып, ауылды көркейтіп, өркендету жолында аянбай жұмыс істеп жүрген азамат екенін айтады жұрт.  

Ал жаңа сайланған әкім жас бала  көрінеді. «Оны сайлау ақылға қонбайтын, бармақ басты көз қысты әрекет деп есептейміз. Бұл аяқасты, атүсті    қабылданған шешім. Осы жердің тұрғыны ретінде біздің пікірімізді неге білмейді?» деп ашынды. Ауыл тұрғындары бекер шырылдамайтын сияқты.

«Ауыл тұрғындары ертең осы мәселеге қатысты қарсылық шарасын өткізеді. Кеген ауданының әкімі – Талғат Баеділовтің жекеменшігі емес» дейді сол ауылдың тұрғыны Арман Досымбеков Фейсбук желісінде. 

Тіпті, Шырғанақтағы дүрбелең туғызған «шешім» туралы әнші Рамазан Стамғазиев өз Instagram парақшасында: «20 минутта ауыл әкімі ауысты. Неге?
Біз, сол ауылдан түлеп ұшқан азаматтар, Алматы облысы, Кеген ауданы, Шырғанақ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Оразбай Бекбатыровтың ауылға сіңірген еңбегіне көз жұмып қарай алмағандықтан осы постты жазуға тура келді. Ол Шырғанақ ауылының өркендеуі үшін тек ауыл тұрғындары ғана емес, сол ауылдан неше жыл бұрын кетіп қалған біздің де басымызды қосып, сол ауылдың өркендеуіне, заманауи талаптарға сай болуына үлес қосуымызға мұрындық болды. Бұл кез келген әкімнің ойына келе бермейтін нәрсе.

Ауылдағы футбол алаңы, ардагерлер ескерткіші, жарамсыз қалған үйді пайдалана отырып жасаған жабық спорт кешені, ауылдың тоқсан жылдық мерейтойы мен қатар кітап шығарып,еш үкіметтің қаржысынсыз, спонсорлар жинауының нәтежиесінде өткізілген. Бәрі-бәрі сол Оразбай ағамыздың ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен ауылға деген махаббатының бірден-бір куәсі. Оған тек ауыл тұрғындары ғана емес, сырттағы біз, аудан және облыс әкімдері де куә.

Ендеше, Алматы облыс әкімі, аудан әкімі ауылымыздан шыққан, ауыл үшін күйетін ауыл азаматын неге қолдамай отырсыздар? Сіздер сайлаған маслихат депутаттары мен Кеген ауданы әкімінің аппараты халық мүддесін емес, тек белгілі бір адамдардың мүддесін қорғап кеткенін көріп отырмыз! Ауыл белсенділері, жанашырлары бірігіп құқықтық мемлекетте тұрып жатқанымызды ескере отырып, құзырлы органдарға үндеу тастап, Оразбай Бекбатыровты Шырғанақ ауылдық округінің әкімі етіп қайта сайлау ұсынысын тастаймыз», – деп жазды.

Әлеуметтік желідегі айтылғанның дұрыс-бұрыстығын аудан әкімінің өзі айтар. Ақ-қарасын айтуға сөз беруге дайынбыз. 

Қазіргі заң бойынша ауыл тұрғындарын мәслихат сайлайды. Одан бөлек үлкенді-кішілі шешімдер қабылдауда құзыры зор. Алайда, Шырғанақтың тұрғындары «жақында өткен сайлауда әкім сөзін сөйлейтін адамдарды мәслихатқа сайлатып алған, содан кейін өзі қалаған адамды қойып отыр» дейді.  
«Мәслихаттағы 12 депутаттың 10-ы – аудан басшылығына бағынышты мекеме басшылары. Кейбірі тіпті аудан жағдайынан мүлдем бейхабар, шаруаның жағдайын білмейді, балабақша мен мектеп қабырғасынан ары аспаған адамдар. Олардың бөлекше ойы, жеке көзқарасы жоқ. Аудан әкімі не айтса – соны орындайды. Себебі, жалақысын ауданнан алып отыр. Ауыл ақсақалдар алқасы, Әйелдер алқасы, Жастар жетекшілері, жастар – барлығы аудан әкімі мен мәслихат шешіміне наразы», – дейді.  

Шынымен де, соңғы кезде Кеген жақтың аты жиі шығады. Былтыр аудан әкімінің орынбасары басқарған жер комиссиясы жер телімдерін туған-туыстарына таратып беріп, ши шыққан. Жақында Бөлексазда сиыр фермасында мал қырылып, ауыл тұрғындары наразылық білдіріп, БАҚ жарыса жазған. Тұрғындар «ауыл іргесіндегі фермадан келетін сасық иістен ауылда тұру мүмкін емес, аудан әкімі мәселені шешеміз деген, әлі қозғалыс жоқ» дейді. 

Ауданда үлкен проблеманың бірі – жер мәселесі. Сырттан келген инвесторлар қыруар жерді сатып алып, қоршап, Қарқара, Ақсай сынды ауыл тұрғындары малын 100 шақырымға жуық жердегі Көкпек жазығына апарып жайып, шөпті Алматыдан сатып алуға көшкен. Мұны қазір жұмыс істеп жатқан Жер комиссиясының да құлағына алтын сырға ретінде айта кетейік. Мұның бәрін халық аудан әкіміне айта-айта шаршадық, түк қозғалыс жоқ екенін айтады.

Мәселе көтерілсе де, облыстан аспай, шешілмей қала береді екен. Бізге мұны жеткізген аудан тұрғыны «крышасы» мықты, Баталовтан да «блатной» әкім ол деді. Жалаңаш ауылынан барып-келіп жұмыс істейтін әкім Торайғыр деген жазықты жекеменшік малға толтырып, ауылда дүкен ашып тастаған, кішігірім олигарх деседі. Бізге жеткен мына видеоға қарасақ, аудан әкімі журналистерге де, халыққа да дікеңдеп тұр.

Бізге хабарласқан ауыл тұрғыны да атын айтуға қорықты. Соған қарағанда, Баталовтан да «блатнойлығы» рас сияқты. Егер шырғанақтықтардың шырылы тағы да облыстан аспаса, күдігіміз қоюлана түседі...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации