Ұйғыр ауданының әкімі орнынан кете ме?

22 июня, 19:41

Фото: ғаламтордан

Өткен аптада Алматы облысының Ұйғыр ауданында қазақ пен ұйғыр жастары төбелесіп, төрт адам пышақ жарақатын алған болатын.

Алматы, NEGE. Төбелескен жігіттер Шонжы және Бахар ауылының 1999-2000 жылы туған азаматтары екені белгілі болды. Бұл екі ұлт жастары арасындағы алғашқы қақтығыс емес екенін аудан тұрғындары да растаған еді. Қазіргі таңда халықтың көкейіндегі маңызды мәселе Ұйғыр ауданының атауын өзгерту болып тұр. Арнайы осы өңірге ат басын бұрған облыс әкімі Амандық Баталов та бұл мәселені Мемлекет басшысына жеткізуге уәде берді.

Осы оқиғадан кейін редакциямызға хабарласқан оқырман аудан басшысы орнынан кететінін айтты. 

Бұл, әрине, ресми ақпарат емес. Дегенмен бізге жеткен ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелге хабарластық. 

«Біз тек ресми ақапараттарға ғана пікір білдіреміз. Менің қолымда дәл осы ақпаратқа қатысты мәлімет жоқ», – деп жауап берді облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы.

1999 жылдан бері ауданды тек ұйғыр ұлтының азаматтары басқарып келіпті. Оны ғаламтордан іздеп отырып, «уикипедиядағы» ашық ақпарат көзінен алдық.

1. 1999 ж. наурыздан 2007 ж. мамырға дейін: Тохтасунов Владимир Имтахунович 

2. 2007 ж. мамырынан 2014 ж. қарашасына дейін: Омаров Коюмчан Аванович

3. 2014 ж. қарашасынан 2017 ж. қыркүйегіне дейін - Тохтасунов Алимжан Имтахунович

4. 2017 ж. қыркүйегінен бастап Нурахунов Шухрат Турдахунович басшылықта екен.

 

Өкінішке қарай, қазақ тілінде бұл ақпарат жарияланбапты.

Осыдан бірнеше күн бұрын Қанат Әбілқайыр өзінің facebook парақшасына Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы ұлтаралық мәселе туралы екі жазба жариялап, жағдайдың асқынып кетуі мүмкін екенін ескерткен. 

Оған Ақтам орта мектебінің 10 сынып оқушысы Шахсанам Турсынованың WhatsApp-тағы статусы себеп болды. Мәселе мұнымен шектелмейді. Ақтамдағы мектепте биология пәнінен сабақ беретін Турдибуби Кахарованың қағаз-құжатты ұйғыр тілінде толтырған. Мектеп директорының орынбасары құжатты мемлекеттік тілде толтыруды бірнеше рет ескерткенмен, оның сөзін елемеген. 

Нәтижесінде, аталған дерек бойынша облыстық комиссия құрылып, өңірде жұмыс жүргізген. Соның нәтижесінде, Ақтам орта мектебінің директоры Измахунов Октябрь Турганович, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қапсаламов Мұқаметқали, мектептің биология пәнінің мұғалімі Кахарова Түрдибуви қызметінен босатылған.

Бұдан бөлек, Ақтам ауылдық округі әкімі аппаратының спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Камаев Сабиржан Суняцунович және Тиірмен ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Якярова Умида қызметінен кеткен.

Осы сынды бассыздықтар аудан жұртын әбігерге салып отыр. Мұндай жағдайлар жиі қайталана берсе, аудан әкіміне қатысты тиісті шара қолдану керек емес пе?..

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации