Төлеуғазы Сексенбаев кімдерге кедергі болды?

01 июля, 13:07

Фото: ғаламтордан

Естеріңізде болса, «Қазәуеқұтқару» директоры Мәлік Досымбеков пен «Қазәуеорманқорғау» басшысы Төлеуғазы Сексенбаев «Қытай компаниясының өкілі Ли Хуаодан «Ми-171Е» тікұшағын жеткізу туралы келісімге қол қою үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара сұрады» деп ұсталған болатын.Тергеу үш айға созылып, бұл істі 2017 жылдың 30 қыркүйегінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қараған. 2018 жылы 16 ақпанда сот күдікті Сексенбаевты кінәсіз деп танып, ақтады. Ал Мәлік Досымбаевқа тағылған айыптар алаяқтық бабына өзгертілді.

Мемлекеттік айыптау не дейді?

Тергеу кезінде және сот барысында Төлеуғазы Сексенбаев өзінің кінәсіз екенін әлдеше рет айтып, сөзін негіздеуге ұмтылды. Сот пара алғанын дәлелдей алмағанымен басқа айыптар бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда, ол 2018 жылдың күзінде шартты түрде бостандыққа шықты. Төлеуғазы Сексенбаев KRIVOSHEEV.LIVE сайтына сұхбат беріп, шын мәнінде не үшін қамалып, жазаға тартылғаны жайында пікір білдірді.

 Прокурор Аян Ақбердиевтің ойынша, мемлекеттік айыптаушы сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушылардың қызметтік лауазымын асыра пайдаланғанын айтқан. Атап айтқанда, олар адамдарды қағаз жүзінде жұмысқа алып, төленген жалақыны қалталарына «басып отырған» көрінеді. Осылайша ҚР АШМ «Қазәуеорманқұтқару» РМКК директоры Төлеуғазы Сексенбаев ҚР ҚК «сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін жымқыру, қызметтік уәкілеттілігін асыра пайдалануға көмектесу, өзгенің мүлкін жымқыруға итермелеу, қызметтік уәкілеттігін асыра пайдалану, пара алу» баптары бойынша айыпталды. Ал ҚР ІІМ ТЖК «Қазәуеқұтқару» АҚ директоры Мәлік Досымбековке ҚР ҚК сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін жымқыру, қызметтік уәкілеттілігін асыра пайдалануға көмектесу, өзгенің мүлкін жымқыруға итермелеу, қылмыстық топ мақсатында қызметтік уәкілеттігін асыра пайдалану, пара алу баптары бойынша айып тағылды.

Сексенбаев "жүйенің құрбанымын" дейді

Айтуынша, Төлеуғазы Сексенбаев 2012 жылы наурыз айында қызметке кіріскен сәттен бастап ұнамсыз тұлғаға айналған көрінеді. Өйткені, мемлекеттік сатып алу ісін қолға алған. Электронды сатып алу енгізілмей тұрып, жаңа ереже енгізген. Оған сәйкес, Ұшақ және тікұшақ паркі бар компаниялар ғана мемлекеттік сатып алуларға қатыса алады. Осы жаңа тәртіптің нәтижесінде, «солақай» фирмалар кіре алмай, өзіне көп жау тауып алыпты. Кейбір компаниялардың базасы жоқ болған, кейбірінің құжаттары дұрыс емес, кейбірі тіпті техниканы жалға алған. Артынша «мына компанияны өткіз» деген өтінішпен жоғарыдан түрлі қоңыраулар шалына бастайды. Айтысынша, бұған Сексенбаев мүлде көнбеген. Бұл үшін біраз сөз де естіген, басына әңгір таяқ орнатқысы келгендер де табылған. Тіпті, еңбегіне рахмет айтып, қызметінен кетуді сұраған кездер де болған. Бірақ тікелей басшылығы сенім білдірген соң, қызметін әрі қарай жалғастырған. Кейбіреулер: «Былтыр біздің компанияны өткізбеген едің. Биыл өткізетін шығарсың», – деп тағы қолқалаған. Бірақ ол бұған да көнбеген. Осы уақытта Президенттің жарлығымен, мемлекеттік сатып алулар жөніндегі ережелер өзгереді. Бірақ оны ескермеген қол астындағы бір қызметкерінің салғырттығынан жауапқа да тартылады.

Ол қылмысы жасағаны үшін емес, біреудің тапсырысымен ұсталғанын айтады. Осы кезде Досымбеков екеуінің телефоны тыңдала бастаған. Жарты жыл тыңдағанмен, органдар ешбір ілік таба алмапты.

Тікұшақ оқиғасы

«Қазәуеорманқорғау» мекемесіне тікұшақ керек болады. Сол кездегі төраға Марлен Айнабеков «Саудиттер 25 млн доллар инвестиция салмақ. Сен мониторинг жасап қарап көрші», – деп тапсырма береді. Төраға өз әуе базасын құрғысы келетінін айтқан

Сексенбаев Улан-Удэден 17 млн. доллар тұратын тікұшақты табады. Екіншіден, кукурузник секілді бақылау ұшағы және өрт сөндіруші десанттар сиятын тағы бір ұшақты сатып алу көзделеді. Сексенбаев  2,5 млн. тұратын қолайсыз ұшақ емес, десантты арқанмен түсіруге жарамды құны 7 млн. тұратын ұшақ қажет екенін айтады.

2016 жылдың ақпан айында үкіметтің жаңа қаулысы шығады. Онда «Қазәуеқұтқару» мемлекеттік мекемелерге тікұшақ қызметін көрсететін бірыңғай оператор болып көрсетілген. Мұның бас директоры Мәлік Досымбеков еді. Ол мемлекеттік сатып алулар өткізбей, тек өзі арқылы жұмыс істеуге міндеттейді. 

Досымбековке қаулыны орындауды тапсырады. Оның қаулыны орындауы неғайбыл болып шықты. Себебі, ұзақ уақытқа бөлетін тікұшақтары тым аз еді.

Басшыларға өз тікұшақтарын сағатына 533000 теңге деп бекітілген тарифпен, қалған қатысушылардың (басқа жекеменшік компаниялардың бағасы арзан) 330000 теңгеге жалдауды ұсынған. Досымбеков оператор ретінде барлығын жоғары тарифпен жалдайтынын айтып, көнбеген. Айырмасын өзінде қалдырып отырған.

Досымбеков Сексенбаевқа қол астындағылардың айлығын көтеріп, 140 мыңға жеткізуді ұсынады. Ол үшін жарты ставкаға өтуі тиіс. Төлеуғазы Сексенбаев бұған дейін де қызметкерлердің жалақысын көтеруді сұрап, талай табалдырықты тоздырғанын айтады. Жиналыста талқыға салынып, жалақысы мардымсыз ұшқыштар бұған қуана келіседі.

Мұның арты айып тағылауға ұласып, істі болады. «Мен жоғары жаққа ұнамсыз болып шықтым. Үкімет ақыры біздің зарымызды естіп, қаулыны өзгертті. Жалақыны көтеру қарастырылды. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң ғана, 2016 жылы 30 пайызға көбейткен. Девальвация жалақының өскенін жоққа шығарып жіберді», – дейді бір сөзінде Төлеуғазы Сексенбаев. Ол ешқандай сыбайлас жемқорлыққа қатысы жоғын, жаладан толық ақталу үшін барын-салмақ.

Түйін

Әрине, Төлеуғазы Сексенбаевтың ақталуға толық құқығы бар. Әр азамат өзінің абыройы мен қадір-қасиетін қорғауға құқылы. Пара алды деген айыптың қолдан құрастырылғаны сотта анықталды. Қол астындағылардың айлығын көтеремін деп жүріп, ақыры жалалы болды. Рас, Сексенбаев жіберген қателіктер мен кемшіліктер де болған шығар. Заңға томпақ тұсы кездесетінін де жоққа шығаруға келмес. Ол үшін жазаға тартылды да. Жазасын алды. Ендігі бар мәселе – Төлеуғазы Сексенбаев әшкерелеп отырған жайттар. Қоғамның жегі құрты сыбайластық, тендер өткізудегі әділетсіздік, тамыр-таныстық, бармақ-басты, көз қысушылық. Ұсақ-түйекті теріп, азаматтарды түрмеден бір-ақ шығартып жатқандардың өздері түйені түгімен жеп жатса, сонда не болмақ? Бұл олқылықтардың жүйемен кірігіп, әбден жымдасып үлгерген. Сондықтан оның тамырына балта шабу – жүйенің өзіне қауіпті. Сондықтан өз қағидасына берік, адал адамдардың жүйенің жауына айналып, түрмеге тоғытылып жатқаны бір бұл емес секілді. Рухани жаңғырып болсақ, елді теспей сорып отырған жегі құрттардан да тазаратын уақыт жеткен секілді. Бұған биліктің саяси ерік-жігері жете ме, бүгінгі күннің басты сауалы – осы.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации