Тесттің құнын НЕГЕ халық төлейді?

19 июня, 20:40

Фото: 24.kz

Дәл қазір коронавирустың симптомсыз түрі өршіп тұр. Бір тәулікте 600 адамнан симптомсыз вирус анықталды. Демек, жағдай мәз емес. Мұны Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Камалжан Надыров та мойындап отыр.

Ол онлайн өткізген баспасөз мәслихатында «Аурудың өсуі байқалады. Соңғы күндері қалалық ауруханаларға күн сайын 100-ден астам науқас қабылдануда. Ал клиниканың орташа сыйымдылығы 200-300 кереуетті құрайды. Сәйкесінше, сұранысты қанағаттандыру үшін әр үш күн сайын инфекциялық аурухананы ашу қажет. Бұл – әрине, мүмкін емес. Бүгінгі таңда қалада Covid-19 науқастарын емдеу үшін 10 клиника жұмыс істеп жатыр. Қазір 1300-ден астам пациент ем қабылдауда. Қолданыстағы клиникаларды коронавирусты емдеу үшін қайта құру мүмкін емес. Өйткені олар басқа патологиялардан (инфаркт, инсульт, аппендицит және т.б.) өмірді сақтайды» деген еді.

Сонда сәуірде Алматыда бой көтерген 250 орындық жұқпалы аурухананың да септігі шамалы болғаны ма? Елімізде коронавирус індетіне қарсы күреске 56 млрд теңге бөлінгені белгілі. Аз ақша емес. Көрші Қытай, Өзбекстан сияқты 1000-2000 орындық аурухана салатын да жағдайымыз болған жоқ па?

Әлгі 56 млрд теңгенің 14,8 миллиарды – науқастарды емдеуге, 35,7 миллиарды – медицина қызметкерлеріне үстемақыға, 1,7 млрд – стационарларда ПТР тестінен өткізуге, 3,7 млрд теңге GWH-тест жасауға жұмсалған. Осы жалпы сомадан Нұр-Сұлтан қаласына 6,7 млрд, Алматы қаласына 8,3 млрд теңге бөлінген. Себебін екі қалада індет жұқтырғандар саны көптігімен байланыстырады. Есептесек, бір адамға емделу үшін күніне – 15 мың теңге, провизорлық стационорда жатса – 11 619 теңге, карантинде болса – 10 413 теңге жұмсалуы тиіс. Алайда, бұл ақша діттеген жеріне жетіп жатыр ма?

Ақшаның есебі қайда?

Бұл тұрғыда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арнайы комиссия құрамына еніп, зерттеу жүргізді. Қор індетке қарсы күреске бөлінген ақшаның жөн-жосықсыз жұмсалып жатқанын да әшкерелеп, медициналық қызметкерлерге үстемақы үшін деп бөлінген 560 млн теңгенің заңсыз бөлінгенін анықтады.

«Яғни, наурыз айында – 88,5 млн теңге, ал сәуірде – 473 млн теңгеден астам қаражат орынсыз жұмсалған. Дәлігерінде, сәуір айында Алматы облысында – 146 млн, СҚО – 101 млн, Нұр-Сұлтанда – 86,5 млн, ШҚО – 47 млн, Шымкентте – 29 млн теңгенің есебі жоқ. Ал бұйрықта бұл үстемақы тек індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне ғана беріледі делінсе де, кейбір өңірде жергілікті әкімшілік бұл тізімге блок қызметкерлерін, сантехниктер, кір жуушылар, тіпті картоп тазалаушыларды, тағы басқа індетке қарсы күреске қатысы жоқ мамандарды кіргізіп жіберген.

Біз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Медициналық көмек сапасын мониторингілеу департаментінің директоры Ләззат Әсетқызына хабарласып, мән-жайды сұрадық.

Л.Әсетқызы

«Бүкіл дәрігерге берілетін үстемақы осы қордан бөлінуде. Біз медицина саласынан тыс мамандарға бөлінген ақшаны анықтадық. Олар бұл қаражат маған да тиісті шығар дейді. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында былай жазылған деп, түсіндіреміз. Бұл әлі біреудің қалтасына кетпеген ақша. Көбі кеше ғана шыққан бұйрықты мүлдем түсінбеген. Есептегі ақшаны бөлу өте қиын. Мұны біз ғана емес, 17 аймақта 17 филиалдағы өңірлік комиссия тексеріп жатыр», ­– деп жауап берді.  

10 күн сайын тест нәтижесін талап ету дұрыс па?

Қазір кейбір жұмыс беруші мекеме қарамағындағы қызметкерлері үшін жаңа талап енгізіпті. Атын атамауды сұраған азамат күні кеше ғана ұжым болып ақылы тест тапсырғанын айтады.

«Бағасы арзан емес, бақандай 9 мың теңге. Бір айта кетерлігі, бұл тест нәтижесі 10-ақ күнге жетеді. Сонда әр 10 күн сайын өз ақшамыздың 9 мың теңгесіне тест тапсырсақ, не боламыз?», ­– дейді ол.

Шынында да, бір айда үш мәрте тест тапсырса, айлығының 30 мыңға жуығы осыған ғана кетеді. Ал егер коронавирус белгісі байқалса, ПЦР тестін тапсыруы міндетті. Бұл 19 мың теңгенің айналасында.

Жалпы, «Еңбек кодексінде» мұндай норма қарастырылған ба? Бұл мәселе бойынша Алматы қаласының бас санитары Жандарбек Бекшин мен Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Камалжан Надировтен сұрағымыз келген. Алайда, соңғы кезде журналистерден қашып жүрген шенеуніктер бірде қазақша «әліпті таяқ деп білмейтін» баспасөз хатшысына сілтесе, енді бірде көмекшісіне сілтейді.

Бұдан кейін Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріпке телефон шалдық. Оның айтуынша, бас санитар дәрігерінің қаулысында апта сайын анықтама әкелу туралы норма жоқ.

Д.Ахметшәріп

– Бұл жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы еңбек келісім-шартына сәйкес болуы мүмкін жағдай. Егер екі адам арасындағы өзара келісім-шартта жазсылса, онда талап ете алады.

– ­Сонда тестті кімдер тегін тапсыра алады?

– Тестті тегін тапсыратындар 18 топқа бөлінеді. Біз оларды осал топтар деп айтамыз. Мәселен, коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болғандар, солардың туыстары, екіқабат әйелдер, созылмалы дерті барлар, дәрігерлер, полиция өкілдері тегін тапсырады. Ал денсаулығына күмән келтіргендер ақылы тапсырады.

– Оның бағасын халықтың қалтасына қарай төмендетуге болмай ма?

– Оны біз шешпейміз ғой. Біз өз тарапымыздан 18 топқа ғана тегін көмек бере аламыз. Себебі, тесттің сатып алынғандағы өз құны бар. Бізге келетіні 25-30 доллар тұрады. Олар соның ақшасын өндіріп алуы керек. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации