Онлайн құрбандық

01 августа, 13:33

Фото: 24.kz

"Жұлдыз" базарының кіреберіс қақпасы жартылай ғана ашық. Қақпа алдында санитарлық-эпидемиология мамандары тұр. Кірген-шыққандардың қызуы тексеріліп, көліктердің нөмірі тізімделіп жатыр. Індет табылған жағдайда келген-кеткендерді табу оңай болмақ. Құрбан шалушылардың да қарасы сирек. Құрбан айтта жыл сайын осы уақытта құжынаған халықтың аяғы сап тыйылған.

Медицина қызметкері келушілердің қызуын тексеріп жатыр. Онсыз күзетші есіктен ешкімді өткізбейді

"Міне, таңертең келіп, Жұлдыз базарында сатып тұрмыз. Шыны керек, бәрі жылдағыдай емес. Баға төмен, келушілер де аз. Бәлкім, карантин әсер еткен шығар. Мүмкін, халықтың қалтасы көтермей қалған шығар. Сауда жоқ. Таңертеңнен бері төрт-ақ қой саттым. Жылда бір күнде 50-60 қой сататын едік. Мүфтият теледидардан айтып, баға белгіледі. Ол кісілер қойды 50 мыңнан деп жоғары  айтты. Халықтың пікірін сол бұзды ма? Сондықтан халық базарға келгісі де келмеген шығар. Негізі, баға арзан болып тұр. Халықтың қалтасы жұқарып кетті ме, әлде арғы күнін ойлап тұр ма, әйтеуір құрбан шалушылар аз боп тұр. «Ораза, намаз тоқтықта» дегенге сайып тұр", - дейді қой сатушы Асқар Жанбаев.

Құрбандық шалушылардың аздығынан, биыл көп қой пышақтан аман қалатын секілді

Дін қызметкерлері адамдардың топтасуын болдырмай, құрбандық шалудың жолдарын қарастырған. Онлайн құрбандық шалуды қолға алған. Молдалар мен медіресе шәкірттері келіп, белсенді жұмысқа кіріскен.Мұны мал сатушылар аса құптап отырған жоқ. Тіпті, кейбірі «бала-шағасының нәпақасына ортақтасып жатқан молдаларды» жақтырмағанын ашық білдіріп те қойды.

Ішек-қарын аршылып, бас ұйытылатын бұрыш

"Біз базарда жүргелі он жыл болды. Жаман індеттің кесірінен сырттан мал кірмей қалды. Осы Алматы облысының малы ғана кірді. Карантин салдарынан адам жоқ. Мал бағасы жылдағыдай емес, төмен. Оның үстіне, молдакеңдер "онлайн құрбандық" дегенді шығарды. Каспий Голдқа ақша салады екенсіз. Бата жасап, бауыздап жатқан суретін жібереді. Нақты қалай боларын анық білмедік. Жылда базардан 700-800 бас кетіп қалатын. Биыл әрі кетсе, 150-дей ғана кетті. Топтануға, жиналуға болмайды деп, келген адамдардың өзін кіргізбей жатыр. Қазіргі жағдайда ол да дұрыс шығар", - дейді мал сатушы Әлмахан Жандос.

Онлайн сойылып жатқан қой - осылар

Сатушылар базар басшылығы тарапынан жасалған шектеу шараларына түсіністікпен қарап отыр. "Біз биыл бірінші рет ірі қара мал сатуға шығып отырмыз. Биыл сауда онша емес. Алла-тағала адамзатқа шипа берсін. Интернетпен тапсырыс беріліп жатыр. Қазір бар адамда азаматтық ұстаным бар. Дәрігерлерге Алла ризашылығын берсін", - деген тілектерін де айтып үлгерді.

"Біз малды алып сатамыз. Ауылдан әкелеміз. Қазір ауылдың өзінде баға қымбат. Оларға да өкпе жоқ, мал бағу да оңай емес. Жем-шөп те қымбаттап кетті. Биыл ерекше қымбат", - дейді сатушы Еркебұлан Дүнгенбай:

Алушысы аз ірі қаралар

Базарда мал көп. Түс қайта мал басы сиреп қалатын. Бұл жолы сатып алушылар бірен-саран. Ал ұсақ мал да, ірі қаралар да базарда лық толы.

Талғар ауданы Қарабұлақ мешітінің бас имамы Дәулетхан Жәнібек құрбандықтың діни рәсімдерін жасап, тізім бойынша мұқтаждарға таралуына бас-көз болып жүр

"Құдайға шүкір, онлайн құрбандық шалынып жатыр. Адамдардың көбі үйлерінен шықпай-ақ ақшаларын беріп кеткен. Біз солардың атынан ниет етіп, сойып, бір бөлігін өзіне, екінші бөлігін пакетке салып, мұүқтаж жандарға тізім бойынша таратып жатырмыз. Барша мұсылман қауымның шалған құрбандары қабыл болсын! Карантин тәртібіне сай, мал соятын жерге көп адамды кіргізбеді. Ірі қараларды екі үштен ғана кіргізіп, дұғасын жасап, тәкпірін айтып сойып жатырмыз. Індетке байланысты құрбан шалушылар жылдағының отыз пайызы ғана", - дейді Қарабұлақ мешітінің бас имамы Дәулетхан Жәнібек.

Онлан құрбандық еті осы жерде бөлініп, пакетке салынып, мұқтаждарға таратылып жатыр

"Халықта үрей бар. Індеттен кесірінен арақашықты сақтау талап етіліп отыр. Құрбан айт болмайды деп айтып жатыр. Тіпті, мешіттерде айт намазы оқылған жоқ. Бәрін көзімізбен көріп жатырмыз. Малдың бағасы да, өтімі де жылдағыдан өте төмен. Онлайнмен құрбандықтарға тапсырыс беріп те жатқан шығар. Баға тұрақты. Былтырғыдан өзгерген жоқ. Керісінше, біраз арзандады. Тоқтының бағасы - 30-35 мыңнан. Саулық қойлар 40-45 мыңның төңірегінде сатылып жатыр. Алпыс-жетпіс мың тұратын қой жоқ. Биыл мал сатып алушылар былтырғыдан екі есе аз", - дейді «Жұлдыз» базарының басшысы Жандос Несіпбайұлы.

Жылда бұл уақытта көлік қоятын жер табу өте қиын еді...

Базарға кіретін жерге санитарлық шлагбаум қойылып, құзырлы органдардан, санэпидем стансадан адамдар келіп бақылап отыр. Клиенттердің қызуы тексеріліп жатыр. Бекеттен 5 мәшинеден артық өткізбейді. Мал сойылу арасына да үзіліс белгіленді. Бұрын он бес - жиырма қойды бір жерде соятын болса, қазір бес қойдан артық союға тыйым салынған. "Көп адамдар кезек күтіп отырғысы келмей, қайтып кетіп жатыр. Адам көп шоғырланған жерден қазір кімде болса, сақтанады. Санитарлық талаптарды толық сақтап отырмыз. Бізге бір күн бұрын әкімдіктен, құзырлы органдардан келіп, ескерту жасалды. Арнайы жасақталған құрама топ келіп, тексерді. Талаптарға толық сай келген соң ғана, жұмысымызға рұқсат берілді", - дейді базар басшылығы.

Қасапхана

Мәселен, бір ірі қара малды сою бір жарым-екі сағатқа созылады. Сондықтан ұзақ кезек күтуге тура келеді. Төзімі таусылып кетіп қалып жатқандар көп. Бұрын құрбан айтта ірі қара күніне 30-40 бастан сойылса, бүгін 12-13-сі ғана сойылған. Әдетте, алғашқы күндері 300-400 қой сойылса, бүгін жүзге де жетпеген. Әрине, көбі тірідей сатып алып жатыр.

Жем-шөптің қымбаттығы мал бағасына да әсер етіп отыр

"Мал бағасы қымбат емес. Құрбан айтта қой 45 мың тұрады. Негізгі баға. Себебі, жанар-жағармай қымбат, жем-шөп қымбат. Бір бума шөп 1 200 теңге тұрады. Оны жеген қой қымбат болмағанда не болады?", - дейді Жандос Несіпбайұлы.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации