«Молдақасымова қызметінен кетуі үшін не бүлдіруі керек?»

16 апреля, 11:12

Фото: ғаламтордан

Соңғы күндері Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің басынан дау арылмай тұр. Айзат Молдақасымоваға қатысты «Еуропадан келген соң карантинде жатпай, жұмысқа шығып, журналистерге брифинг өткізді, карантин кезінде өзіне орасан көп сомада сыйақы жазып алды» деген сөздер аздай, енді оған қаладағы 12 аурухана дәрігерлерінің айыптаулары қосылды.

Сәуірдің 14-і күні Алматыда 182 қызметкері коронавирус жұқтырды делінген орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Алмас Жұбашевтың қызметінен кеткені белгілі болды. Карантинде жатқан аурухана дәрігерлері мен медбикелер бас дәрігерді қайта орнына қоюды талап етіп, бейнеүндеу жариялады. Бас дәрігердің қызметімен қоштасуына ол басқарған аурухана қызметкерлері мен қаланың бас санитар дәрігері А.Молдақасымовамен арадағы текетірестің себеп болғанына сенімді.

Бұған дейін Алматы қаласының тауарлар мен қызмет түрлерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айзат Молдақасымова індет жұқтырған дәрігерлердің өздерін сақтық шараларына салақ қарады деп айыптаған еді.

Шенеунік «қалада қорғаныш киімдерінің тапшылығы мәселесінің жоғын» айтып, індетпен күресіп жатқандарға маска мен қорғаныш киімдерін дер кезінде ауыстыруға кеңес берген.

Мұны естіген Орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлері Молдақасымованы жала жапты деп айыптады.  Тіпті коронавирусты науқастардан емес, Молдақасымованың қарамағындағы санитарлық дәрігерлерден жұқтырдық деп күдіктенетіндерін жария етті. Оның үстіне науқаспен қарым-қатынасқа түскен тұлға ретінде өздерін ешкімнің тексермегенін, эпидемияға қарсы шаралар жүргізілмегенін мәлімдеді. Ал мұндай жұмыспен А.Молдақасымова басшылық ететін мекеме айналысуға міндетті деп нығарлаған дәрігерлер бас санитардың өзін сотқа беретінін мәлімдеген.

Одан кейін осы аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі Гауһар Әміреева Covid19-ға тапсырған тест қорытындысы дұрыс шыққанына қарамастан, өзін күштеп карантинге жапқалы жатқанын жария еткен. Дәрігер мұны А.Молдағасымованың өзіне қарсы шағым жазғаны үшін кек қайтарған түрі деп бағалаған.

Бұл шу әлеуметтік желіге тарап, оған журналистер назар аударған соң, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осыған қатысты мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Ақырында құзырлы министрлік өкілдері «дәрігерлердің сынамаларынан қате кетіпті» деп мойындауға мәжбүр болды. Денсаулық сақтау министрлігі «ешкім жәбір көрген жоқ, осымен дау аяқталды» деп жылы жапқысы келгенімен,  осы оқиғаның басты жағымсыз кейіпкеріне айналған А.Молдақасымоваға қатысты дау мұнымен тоқтамайтын сыңайлы.

Даудың басы карантиннен басталады

Айзат Молдақасымова індетке байланысты төтенше жағдай жарияланысымен-ақ дауға іліккен еді. Ақпарат құралдарында оның 9 наурыз күні Алматыға Франкфурт қаласынан ұшып келгені жария болды. Ол мінген ұшақтағы жолаушының бірінен коронавирус анықталған. Айзат Молдақасымова онымен қарым-қатынаста болғандардың тізіміне кіреді. Танымал невролог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Конеев Facebook-тегі парақшасында Алматының бас санитар дәрігерінің 14 күн бойы оқшаулану талабын өрескел бұзғаны туралы жазған еді. Оның сөзінше, Германиядан ұшып келген күннің ертесіне Молдақасымова жұмысына шығып, жиналыстарға қатысқан, ауруханаларға, әкімдік пен «Нұр Отан» партиясының ғимаратына барған. Қаланың бас санитар дәрігері бұл аралықта журналистерді жинап брифинг өткізгені де белгілі.

Бұл мәлімдемеден соң Алматы қаласының қоғамдық кеңесі А.Молдақасымованы қызметінен қууды талап еткен. Қоғамдық кеңес мүшелері «жауапкершіліктен жұрдай, азаматтардың денсаулығына қауіп төндірген басшының үстінен қызметтік тексеру жүргізуді және оны орнына алу мәселесін қарауды» сұрап қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа үндену тастады.

Кейінірек А.Молдағасымованың өзі мұның бәрін жоққа шығарып, 10 наурыздан 24 наурызға дейін үйде карантинде болғанын мәлімдеді. Қала басшылығы бас санитар дәрігердің уәжіне сенген тәрізді.

Миллиондаған сыйақы алды ма?

Жақында әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамына кіретін Айзат Молдақасымованың өзіне ең ірі сомада сыйақы жазып алғаны туралы хабар тарады. Оған дәлел ретінде әлеуметтік желіде әлдебір қаржылық құжаттың көшірмесі жүр. Оның рас-өтірігіне көз жеткізу әзірге қиын болып тұр.

Молдақасымова сыйақы алғанын мойындады. Бірақ сыйақыны басшылық бергенін және оның көлемі әріптестерінің алғанынан артық болмағағанын мәлімдеді.

Балалар емханасын жекешелендіруге қандай қатысы бар?

Былтыр ғаламторда Алматыдағы балалар стоматологиялық емханасының 2018 жылы жекешелендіруге түскені, оны әлдекімнің 621 миллион теңгеге сатып алғаны туралы ақпар тарады.

Сатып алушы өзінің аты-жөнін жария еткісі келмеген. Алайда әлеуметтік желілерде емхананы Алматы қаласының тауарлар мен қызмет түрлерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айзат Молдақасымованың туған бауыры – Азамат Молдақасымовтың сатып алғаны туралы дерек тарады.

Кейінірек А.Молдақасымова осы мәліметті жария еткен дәрігер Қайырғали Конеев пен оның әріптестері Лариса Лян, Сәуле Сиырбайды сотқа беріп, әрқайсынан 330 мың теңге өндіріп алды.

Ауру жұқтыратын ата-ана һәм медициналық маскалар

«ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» А.Молдақасымова – қызық мәлімдемелерімен, оғаш қылығымен де ерекшеленіп үлгерген жан. Балаларға коронавирустың ата-анасынан жұғатыны туралы мәлімдемесімен «сонда басқалардан жұқпай ма?» деген секілді сұрақ туғызды.

 «Көшеде медициналық маска тағудың қажеті жоқ» деген пікірі де көпшілікті екіұдай ойға қалдырды. Бір жағынан, маска тақпағандарды қоғамдық орындарға кіргізбейтін, тіпті жекелеген азаматтарды осы үшін жауапқа тартқан елде білдей бір маманның бұлай деуі жұртты адастыру сияқты көрінді. Алматының бас санитар дәрігері масканы тағу жағынан да ел алдында ерекшеленгені есімізде.

Осындай істерімен танылған А.Молдағасымованың орнынан мызғымағаны да көпшіліктің көкейіне көп ой тастайды. Тіпті әлеуметтік желілерде біраз адам «Қызметінен қуу үшін Молдағасымова енді не бүлдіруі керек сонда?» деп ащы мысқылдауда. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации