Есік көлі НЕГЕ тартылып жатыр?

16 июня, 18:16

Фото: Ғалымұрат Жүкел

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан Есік көліне қауіп төнді.

Алматының шығысынан 70 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 1756 метр биікте жатқан Есік шатқалында, Іле Алатауының теріскей бауырында, Есіктен оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде Есік көлі бар.

Тұрғындардың демалыс орнына айналған көлдің суы қазіргі таңда тартылып, кішкентай көлшікке айналған. Экологтардың айтуынша, бұған жақын маңда жұмыс істеп тұрған 4 су электр станциясының жұмысы кінәлі. Олар көлге құятын ағын суды үнемі бұрып алып отырған көрінеді.

Алматы облысының әкімдігі де мәселені назарға алып, көл жағасындағы өзге де келеңсіздіктердің барын мойындап отыр. 

«Есік көлінің жағдайына қатысты мәселені соңына дейін жеткіземін деп шештім. Біз тек мәселенің мәнісін ғана айтумен шектелеміз, шешуге келгенде құлықсызбыз. Таңертең Еңбекшіқазақ ауданының әкімімен сөйлесуге кірдім. Анықталғандай, көл Қазселқорғаудың қарамағында болған, одан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөліміне өткізілген. Олар жеке компанияға жалға беріп үлгерген. Стратегиялық маңызы бар нысанды осылайша қолдан-қолға өткізуге бола ма? Бұл сусын сататын дүңгіршек емес қой. Ол ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты маңызды мәселе емес пе? Аталмыш көл Есік қаласын сумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгін осы мәселеге қатысты жиын да өткізілді. Мәселе облыс әкімі Амандық Баталовтың бақылауында. Бұған бей-жай қарамаған азаматтардың арқасында қол жеткіздік», – деп жазды Санжар Боқаев өзінің фейсбук парақшасында. 

Оның айтуынша, облыс әкімі мәселені жеделдетіп шешуге пәрмен берген және жақын арада жеке компанияға жалға беру туралы келісімшарт күшін жояды.

«Кеше тағы да Есік көлінде болып қайттым. Бұл жолы Алматы облысы әкімінің тапсырмасы бойынша мәселенің мән-жайын шешуге тырыстым. Есік көлі – Есік қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Ауыз су Есік тұрғындарының қажеттіліктеріне толық жетеді. «Гидросервис» ЖШС Есік қаласынан іргелес орналасқан Көктөбе, Бөлек, Рахат ауылдық округтерінің ауылшаруашылық жерлерін сумен қамтамасыз етеді», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел өзінің фейсбук парақшасында.

Алматы облысының әкімдігі көлдің таяздануын таудағы мұздықтардың кеш еруімен байланыстырады.

Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік көліне құйылған су секундына 4 текше метрге тең, оның секундына 3,6 текше метрі суаруға бағытталған (сұраныс секундына 7-8 текше метр), суаруға арналған судың жетіспейтін көлемі - 3 , 5 - 4 текше метр/сек. Есік көліне құйылуы Іле Алатауының таулы мұздықтарының еруіне тікелей байланысты. Есік көліндегі судың  аз болуына 2019-2020 ж.ж. қыста қардың аз түсуі , сонымен қатар мұздықтардың мол еруіне ықпал ететін температураның жеткіліксіздігі себеп болған. 

«Есік көліндегі судың тартылуына және суармалы судың жетіспеушілігіне байланысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қажетті судың нақты мөлшеріне негізделген шаруашылықтарды суару кестесі құрылды. Сонымен қатар, судың көлемін арттыру үшін Есік өзенінің бойында орналасқан 4 су электр станциясының жұмыстары тоқтатылды. Мерзімді түрде су ағынының деңгейін әкімдік және селден қорғау қызметкерлері, ГЭС өкілдері мен «Гидросервис» ЖШС қызметкерлері тексеріп отырады», – дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации