COVID-19: Қандай дәрі-дәрмек тиімділігін көрсетті?

16 сентября, 18:06

Фото: ғаламтордан

 COVID-19-бен күресте қандай дәрі-дәрмек тиімділігін көрсетіп отыр? Коронавируспен ауырған жағдайда ілеспе патологиясы бар пациенттерді қараудың ерекшеліктері бар ма?

Алматы, NEGE. Осы сауалдарға С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, Еуропалық кардиологтар қоғамы тромбозам және инсульт пен жүрек жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ахметжан Сүгірәлиев жауап берді. Оның атап өтуінше, әлемдегі бүгінгі ахуалға шолу өзінің тиімділігін көрсеткен емдеу әдістеріне негізделіп отыр. Ең алдымен бұл – қан ұюға қарсы терапияны қолдану. Француз дәрігерлерінің мәліметтеріне сәйкес, амбуторлық амбулаторлық жағдайда қан ұюға қарсы терапияны қолдану науқасты ауруханаға жатқызу тәуекелін төмендетеді. Ал ауруханада алдын алу дозасын қолданған жағдайда аталған науқастардың қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылу тәуекелін азайтып, тромбоэмболиялық асқынудың күрделі формасынан өлім-жітімді төмендетеді. Бұған қоса америкалық дәрігерлердің ауыр халдегі науқастарға қан ұюға қарсы терапияны қолдану өлім-жітімнің 18 пайызға жуық төмендеуіне сеп болған. «Дәрі-дәрмектің екінші тобы - стероидтық терапияны қолдану.

Әрине, бұл – дексаметазон мен өзге де дәрі-дәрмектер. Оттекке тәуелді пациенттерге осы препараттарды қолдану өлім-жітімді төмендететіндігін көрсетіп отыр. Пациентке көмек бере алатын препараттардың үшінші тобы – антибиотиктер қолдану. Олар қайталама бактериялық инфекцияның болу белгілері зертханалық жағдайда анықталып, ауруханаға жатқызылған пациенттерге тағайындалады», – деп түсіндіреді медицина ғылымдарының кандидаты. Сонымен қатар ол жанама аурулары бар COVID-19 жұқтырған науқастар жүрегінің зақымдануының алдын алу үшін колхицин препаратын қолдану мүмкіндігіне қатысты да айтып берді. Жалпы халықаралық сарапшылардың пайымынша, коронавирус кезінде жүрегі ауыратын немесе жүрегі зақымданған пациенттерге бұл препаратты қолдауға болады. «Грекияда колхицинмен емдеу тәуір нәтиже көрсетіп отыр. Бірақ, зерттеу әлі аяқталған жоқ», – деді Ахметжан Сүгірәлиев. Оның сөзіне қарағанда, салмағы шамадан тыс науқастар, қант диабетімен, артериалды гипертониямен, жүрек, өкпе ауруларымен ауыратын адамдар коронавирусты тез жұқтырып алуы мүмкін. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации