Белгілі профессор вакцинаға қатысты ойын білдірді

31 июля, 13:54

Фото: google.com

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Берік Хайруллин коронавирустық инфекцияға қарсы қазақстандық вакцинаның дайындалу барысы қай кезеңде екенін айтты.

Алматы, NEGE. «Қазіргі уақытта қазақстандық белсендендірілген COVID-19 вакцинасын клиникаға дейінгі зерттеулер аяқталып қалды. Біздің вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігі Ұлыбритания, АҚШ, Ресей сияқты бірқатар елдегі белгілі аналогтардан кем емес. Зертханалық жануарлар: қоян, теңіз шошқасына клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізілді. Олар вакцинамыздың қауіпсіздігі мен иммуногенділігін тексеру үшін қолданылады. Гуманитарлық зерттеулер қыркүйек айында басталады деп жоспарланған», – дейді профессор Берік Хайруллин.

Оның айтуынша, қазақстандық ғылымның әлеуеті зор және әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеу жасай алады.

«Әлеуметтік желілерде қазақстандық ғылымның болашағы жоқ екендігі туралы ақпараттар тарап жүр. Біздің институттың ашылғанына 60 жылдан асты. Бұл біздің адамның инфекциялық вирустық ауруына қарсы ойлап тапқан бесінші вакцинамыз. Жыл мезгілдерінде болатын тұмауға қатысты вакцинаға зерттеу жұмысы Алматыдағы 2000 ерікті адамға жасалды. Ешқандай кері әсер болған жоқ. Біз вакцинаны бірінші рет жасап отырған жоқпыз, өзге елдер жасап шығара алатын вакцинаны біз де жасай аламыз. Құс және доңыз тұмауына қарсы алғаш жасаған вакцинамыз Ресейде сыналған. Бәрі жақсы өткен, ешқандай кері әсер болмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының біздің вакцинаны тіркеп қоюы біздің мүмкіндігіміз қандай екенінен хабар береді. ТМД бойынша біздің ел ДДСҰ вакцинасын тіркеген Ресейден кейінгі екінші ел. Бастысы - өзімізге сенуіміз керек. Әр мемлекет алдымен өз вакцинасын тесттен өткізеді. Біз ата, апа, әке-шешемізді, медициналық қызметкерлерді қорғауымыз керек. Жақсы вакцина жасап шығаруға міндеттіміз және жасап шығарамыз», – дейді ол.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации