Баталов «сирақты» қыздарды НЕГЕ жақсы көреді?

14 июня, 10:42

Фото: ғаламтордан

Елімізде спорт саласына бөлініп жатқан қаржыда есеп жоқ. Мәселен, 2020 жылы спорт саласын дамытуға бөлінген қаражат 53 есеге көбейген. Егер 2001 жылы ең нәтижелі спорттық ойын түрлерін қолдауға 905 млн теңге қарастырылса, оның көлемі биыл 48,7 млрд теңгеге жеткен. Хош, қыруар ақшаның қалай және қайда жұмсалып жатқанынан былайғы жұрт хабарсыз. Ал белгілі бір спорт түріне ақша бөлу жағынан өңір әкімдіктері өзара бәсекеге түскенін білесіз бе?

Бұған дейін отандық футболды дамытамыз деп ақ тер, көк тер болғанымыз бар. Әсіресе, павлодардық «Ертіс» футбол командасының айналасындағы дау спортсүйер қауымның есінде. Футболдан топ жара алмайтынымызды білдік пе, енді әйелдер арасындағы волейбол ойынына жергілікті деңгейде жіті көңіл бөле бастаппыз. Қазір спорттың бұл түрінен көзге түсіп жүрген 6 команда бар. Олар – елордалық «Астана», Алматының «Алматы», Павлодар облысының «Ертіс-Қазхром», Қарағандының «Қарағанды», Алматы облысының «Жетісу» және Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» волейбол клубы. Ұлттық лигада алтын медаль үшін бәсекеге түсетін де осы 6  команда. Бір қызығы, республиканың 14 облысы мен ірі қалалары ішінде волейболмен «ауыратын» екі әкім бар. Олар – ШҚО әкімі Даниал Ахметов пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Бұған көз жеткізу үшін спорттың осы түрін жетік білетін маман болудың да аса керегі жоқ, оған осы екі өңірде әйелдер арасындағы волейболға бөлініп жатқан қаражаттың өзі-ақ дәлел бола алады.

Қараңыз, мысалы елорда әкімдігі «Астана» волейбол клубына бір маусымға 106 млн, Алматы қаласы әкімдігі «Алматы» клубына 279 млн, ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі 80 млн теңге бөлсе, Шығыс Қазақстан мен Алматы облысы әкімдігінің бұл спорт түріне бөлген қаржысын көріп «жаға ұстауыңыз» мүмкін.

Сонымен, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов 2016 жылдан бері миллард теңгеден көп қаражат жұмсаған. Неге? Тіпті, мыңдаған көрермен жинай алмайтын танымал емес спорт түріне осыншама қаржыны бөлуде не гәп бар? Әрі-беріден соң біздің елде волейбол ойынын қызығып көретіндер көп емес. Көп жұрт соңғы жылдары бұл спортты тек Сәбина Алтынбекова арқылы ғана білгені болмаса, басқа ешкімді танымайтыны анық. Қазіргі кезде Сәбинаның өзі шетелде өнер көрсетіп жүр. 

Ал шын мәнінде, «Алтай» волейбол клубында кілең легионерлер ойнайды, жаттықтырушылары да шетелдік. Сонда бұдан жергілікті әкімдікке не пайда? Егер ШҚО-да волейболдың арқасында он мыңдаған жас спортпен шұғылданып, ішімдік пен темекі тартудан бойын аулақ ұстады десе, мейлі дер едік. Бірақ олай емес қой. Тағы да салыстырмалы түрде айтсақ, бұл өңірде футболға бөлінетін қаржы екі есе аз. Ал бокс пен күрес түрлеріне там-тұмдап берілетін ақша туралы айтудың өзі ұят.

Шынтуайтында, Даниал Ахметов 5 жылда милиардтан астам ақшаны «желге ұшырғаннан» не абырой тапты? Не үшін? Бұл сауалға да жауап іздеп, мәселенің астарына үңіліп көрдік. Сөйтсек, гәп басқада екен. Ол ақша бөлуден лайықты бәсекелесі –  Алматы облысынан қалмауға тырысыпты.

Бір қызығы, мемлекеттік сатып алу сайтында Алматы облысы әкімдігінің нақты қанша қаражат бөлгені туралы мәлімет жоқ. Облыс волейболға деген қаржыны тікелей емес, «Жастар» спорт сарайы арқылы бөлетін көрінеді. Бәлкім, ауызды ашып, таң қалатын цифр көзге түспесін деді ме екен, әлде қандай да бір заңдық мәселе бар ма, бұл жағы маңызды емес. Ең маңыздысы, бізге былтырғы қаражат есебінің өзі жеткілікті. Айталық, 2019 жылы (жыл басында 213 млн 802 мың теңге, жыл ортасында 841 млн 206 мың теңге) 955 млн теңге бөлінген «Жетісу» волейбол клубы ойыншылары Талдықорған қаласында тұрмайды да. Олар үшін әкімдік Алматы қаласынан пәтерді де, жаттығатын залды да жалға алып береді. Жетісу өңіріне тек чемпионат кезінде ғана барады. Қолда бар мәліметке қарағанда, биыл Алматы облысы волейбол спортына 1,4 млрд теңге бөлуді көздеп қойған.

Осы жерде «НЕГЕ?» деген сұрақтың басы қылтияды. Әлде, екі облыс басшылығы волейболға ақша бөлуден өзара «жарыс» ашқан ба? Ахметов пен Баталовтың қайсысының бұл спортқа қанша қаржы жұмсап жатқаны кімге керек? Дәл қазір бір үзім нанын әрең тауып отырған қарапайым жұрт осы сметаны естісе, не дер еді?! Егер халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатын жобаға ақша бөлуден бәсекелес болып жатса, «Әп, бәрекелді!» деп, қол соғар едік. Ал мына жағдайда не айтуға болады? Әлде, бұл екі өңірде мәселенің бәрі шешімін тауып, басқа айналысатын түк қалмаған ба? Көпбалалы отбасылар баспанамен қамтылып, мүмкіндігі шектеулі жандар дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілді ме? Елді мекенде мектеп пен балабақша түгел салынып, интернет желісі жүргізілді ме? Жастар арасында жұмыссыздық мәселесі жойылып, екі қолға бір күрек табылды ма? Бәлкім, волейболдан басқа қаражат бөлетін сала жоқ па? Әлгіндей көзімізді шарасынан шығара жаздаған соманы бір волейболға ғана жұмсап отырған Шығыс Қазақстан мен Алматы облысы әкімдігі бұл арқылы кімге нені дәлелдегісі келеді? Қайдағы кубалық волейболист қыздардың Қазақстанда шалқып өмір сүруіне жағдай жасап, 10-15 мың доллар айлық төлеп отырған екі әкімнің ойында не бар?

Баталовты жақсы білетін жетісулықтар «Біздің әкім аяғы ұзын волейболшы қыздарды жақсы көреді» деп қыжыртып жүр. Мейлі ғой, жақсы көрсе, көретін шығар. Өйткені өзі де волейболды тәуір ойнайды. Мәселе онда емес. Мәселе сіз бен біздің бюджетке салық ретінде төлеп отырған миллиардтаған қаржымыздың қызығын НЕГЕ «аяғы ұзын» қыздар көруі керек?!

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации