Танымал қазақтар НЕГЕ Түркияға «қашып» жатыр?

23 февраля, 18:17

Фото: Nege.kz

Әлеуметтік желіні ақтарып отырсаңыз «Түркиядан қалай үй сатып алуға болады?» деген ақпарат жиі ұшырасады. Соңғы кезде әнші, шоумен, блогерлер теңіздің жағасынан арзан бағаға баспана сатып алғанын айтып, мақтанып жүр. Кейбір мәліметке сенсек, қазір бір Анталия қаласына 11 мың 537 қазақстандық қоныс аударған.

Анталия – курортты қала болған соң, өзге мемлекеттен көшіп келгендер көп. Соңғы дерек бойынша, мұндағы 100 мың шетелдіктің көшін Ресей азаматтары бастап тұр. Яғни, 18 мың ресейлік осы қалада тұруды құп көрген. Ал екінші орында – Қазақстан, 11 мың 537 қазақстандық көшіп барыпты. Үшінші орында – немістер, 9 615 неміс азаматы қоныс аударған.

Сонда Түркиядан үй сатып алу оңай ма? Негізінен кімдер сатып алып жатыр?

Таяуда ғана әнші Алтынай Жорабаева Инстаграмдағы парақшасында сүйінші сұраған еді, артынша әріптесі Қарақат Әбілдина да баспаналы болғанын хабарлады. Бұдан өзге блогер Мейіржан Төребаев, актриса Жәния Журинская да сол қатардан көрінді. Танымал қазақтар неге Түркияға қашып жатыр?

YouTube желісінде Айдын Бекмұхамбет деген азамат Түркиядан үй сатып алудың қыр-сырын жиі сөз етеді. Оның айтуынша, қазір қазақстандықтар баспанадан бөлек, жер телімін де сатып алып жатқан көрінеді.

Азаматтық алудың «құны» – 250 мың доллар

«Бір жыл бұрын Түркияда үй дағдарысы басталды. Қазір лира құнсызданып, бұрынғы 100 мың АҚШ доллары тұратын үйді 50-60 мың долларға алуға болады. Үйді қай қаласынан алған тиімді? Анталияда 300 мың халық тұрса, жаз маусымында 6 млн-ға жетеді екен. Сосын халық кетіп, үйлер бос қалады. Ал Стамбулда 20 млн халық тұрса, күніне 2-3 млн халық кіріп-шығып жатады», – дейді ол.

А.Бекмұхамбет

Жер алу тиімді ме, әлде көпқабатты үйден пәтер алу ұтымды ма? Осы тұрғыда жиі қойылатын сұраққа Айдын Бекмұхамбет: «Егер сізде 20-30 млн ақша болса, ол жақтан жер алып қойған тиімді. Уақыт өте келе жер қымбаттай береді. Ал пәтер сатып алып, пайда табам деу – бекершілік. Себебі, бағасын жоғалтпайды әрі өспейді. Тіпті, үй сатып алып, жалға беріп қоятын агенттіктерге тапсырып кетсеңіз болады. Тағы бір айта кетерлігі, Түркияның заңы бойынша, егер сізде 250 мың доллар болса, бір үйді дүкенімен қоса сатып алсаңыз, 15 күнде азаматтық береді», – деп жауап берген.

Алтынай бүгін – Алматыда, ертең – Анталияда

Біз бұдан кейін әнші Алтынай Жорабаеваға хабарласып, соңғы кезде Түркияға жиі жарнама жасап кету себебін сұрадық. Бәлкім, соның арқасында үйді де арзан бағаға алған шығар деген ойды да бүгіп қалмадық.

«Иә, пәтер алдық. Бірақ мен «бәрің көшіңдер!» деп жатқан жоқпын. Ол жерде жай ғана кәсіп жасауға мүмкіндік бар. Жылына бір-екі рет барасың, қалған уақытта компания пәтерді жалға беріп қояды. Бұл да ақша табудың көзі. Әсіресе, карантин кезінде не істерімізді білмедік қой. Мысалы, біз қолма-қол ақшамен алған жоқпыз. Пайызсыз екі жылда бөліп төлейміз. Мұнымен қоса, компания бөлек жеңілдік жасады. Содан кейін парақшамда айтып, жарнама жасадым.

Жеке парақшама не саламын, өзім білемін. Менің бар ойым адамдарға көмектескім келді. Ақшасы барлар алып қойса, жақсы табыс жасауына болады. Шетелді неге араламасқа?!

Сенесіз бе, Қазақстаннан әлдеқайда арзан. Айталық, жеті жұлдызды тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтерді 160 мың АҚШ долларына ала аласыз ба? Әрине, жоқ. Бұл жақта бәрі арзан, бәрі өздерінен шығып жатыр. Халқы еңбекқор», – деді әнші.

Қарақат Аланияда қазақтарды қарсы алады

Бұдан кейін әнші Қарақат Әбілдинаға да хабарласып көрдік. Әлеуметтік желідегі парақшасында Алания қаласының кереметін айтып, аузынан суы құрып жүрген әнші: «Сізге сенімді компанияның телефон нөмірін жіберемін. Ұнаған үйді осы компания арқылы таптым. Және көптеген адамға көмектесіп, жол сілтеп жүрмін. Басқа риэлтор компанияларымен салыстырғанда бағасы да арзан», – деді.

Біз әнші сілтеген компания өкілімен де тілдестік. Қазақ тілінде жауап берді. Бәлкім, Қазақстан тарапынан сатып алушылар көбейген соң, қызмет көрсету қатарына қазақ тілін де қосқан шығар деген ой келді. Басқа-басқа түрік азаматтары қызмет көрсету жағын жақсы меңгеріп алыпты.

Сонымен, компания өкілі дәл қазір Анталияда 1 бөлмелі пәтердің құны – 20-22 млн, 2 бөлмелі пәтер 25-30 млн шамасында тұратынын жеткізді.

«Егер аралап, таңдап алғыңыз келсе, арнайы ақпарат туры бар. Алматы қаласынан ұшсаңыз, екі ересек адамға 550 мың теңге кетеді. Бұған бес жұлдызды қонақүйде 8 күнге тұрақтап, Аланияның тарихи жерлерін аралайсыз. Сіз іздеген бағаға үйлерді көрсетеміз. Сондай-ақ, осында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қарақат Әбілдина сіздер үшін арнайы форум өткізіп, Аланияда тұру жайлы өз ойымен бөліседі. Ал қандай да бір жылжымайтын мүлік сатып алатын болсаңыз, ақпарат турының құны өзіңізге қайтарылады», – деп жауап берді. 

Бұл үйде 2 бөлмелі пәтердің бағасы 24 млн теңге. Алания. Фото: krisha.kz

Осы кезде тағы бір сұрақ туындады. Бәлкім, сатып алушыны тарту үшін танымал адамдарға жарнама жасатып, есесіне үйді арзанырақ бағаға берген шығар. Мұндай мүмкіндік үй сатып алғысы келетіндердің бәріне беріле ме? 

Шын мәнінде, тап қазір Қазақстанда үй бағасы шарықтап тұр. Зейнетақсы салымындағы ақшаның бір бөлігін алу туралы әңгіменің шеті шыққаннан-ақ қымбаттап кетті. Былтыр 11-12 млн теңге тұратын пәтер 14-15 млн-ға жеткен. Әрине, бұдан кейін ақшасы бар жұрт барлық жағынан көңілден шығатын Түркияны таңдайтыны заңдылық. Сондықтан Қазақстан билігі тұрғын үй нарығын тез арада реттемесе, талай танымал қазақстандық Түркияға қоныс аударуы мүмкін.

Теңіз жағасынан қонақ үй сатып алам десеңіз...

Айтпақшы, коронавирус індеті Түркияны айтарлықтай қаржы дағдарысына әкелген сияқты. Сату сайтының (Sahibinden.co) мәліметінше, соңғы айда Анталияда 234 қонақүй сатылымға шығарылған: Мұратпашада – 56, Аланьяда – 42, Кемерде – 39, Манавгатта – 33. Сондай-ақ Кашта – 21, Коньяалтыда – 16, Серикте – 13, Кумлуджеде – 8, Кепезде – 3 және Финикете, Газипашеде және Демреде бір туристік аймақтан сатылымға шығарылған.

Сатуға қойылған ең қымбат нысанның құны 585 миллион түрік лирасына (шамамен 35 миллиард теңге) бағаланған. Конаклы ауданында орналасқан бес жұлдызды қонақ үйде 330 бөлме бар, бір уақытта мыңға жуық қонақ тұра алады. Яғни, бұл да кәсіп жүргізгісі қалталы азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік. Түркия қонақүй федерациясының (TUROFED) бағалауынша, 2021 жылы Түркияда демалуға шетелден 25-тен 30 миллионға дейін турист келуі мүмкін. Ал 2019 жылы Түркияға 50 миллионға жуық саяхатшы барған. 

#алтынай #қарақат #түркия #туризм
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации