Қазалыда – «бұзық», Шиеліде – «шыжық», Жаңақорғанда – «қызық»...

19 февраля, 20:18

Фото: nege.kz

Ақпанның 9-ы күні порталымызда «Қызылорда облысында қызық болып жатыр» деген мақала жарияланған. Онда Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкіміне қатысты сүреңсіз оқиға баяндалады.

Онда былай деппіз: «Жұрт аузында жүрген гу-гуге қарағанда, әкім жаңа жылдан кейінгі аста-төк отырыстардың бірінде қарамағындағы қызметкерімен шекісіп қалып, оны пышақпен қуалаған-мыс. Полиция оқиға орнына келгенімен, бұзақылыққа қатысты істі тіркемеген. Бұзақылық жасап жүрген адамның басқа емес, аудан әкімінің өзі екенін көргенде, полицейлер де сасып қалса керек. Қанша дегенмен біз АҚШ-та емес Қазақстандамыз, оның үстіне оқиға Қызылорда облысында болған. Дегенмен де қазір әкімнің әрекеті облыста майшаммен қаралып жатқан көрінеді. Алайда бұл туралы ресми түсініктеме берілмеді».

Тілшіміз осы оқиғаға байланысты Қызылорда облысының әкімдігіне хабарласқанымен, жауап ала алмаған.

Алайда облыстағы тұрақты оқырмандарымыздың бірі Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың бүгін-ертең «өз еркімен» қызметінен кететінін хабарлады. Өйткені әкімнің тәртібіне қатысты мәселе облыстық әкімдікте шынымен де майшаммен қаралып, тіпті Президент әкімшілігіне дейін жеткен деседі.

Айтпақшы, аудан әкімінің «өнері» туралы видео YouTube арнасында жарияланып, ол видеоны материалға тіркегенбіз. Алайда белгілі-белгісіз себептермен әлгі видео желіден жоғалып кетіпті.

Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаев 

Қызылордадағы «қызық» мұнымен бітпейтін сыңайлы. Жоғарыда сөз болған мақалада Шиелі мен Жаңақорған аудандарының әкіміне қатысты да абың-күбің әңгіме боп жатқанын айтқанбыз. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» екібастан белгілі, облыстағы көп нәрседен хабардар тұрақты оқырманымыз аудан әкімдеріне қатысты біраз жайттың басын ашып берді.

«Шиелі ауданының әкімі ұсталды» дегенді бүгінге дейін қызылордалықтар сыбырлап айтып жүрген. Тілшіміз осыны анықтамаққа Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты. Алайда баспасөз қызметінің өкілі мұны «өтірік ақпарат» деп, «қазіргі таңда ол кісі жұмыста» екенін айтты.

Шиелі ауданының әкімі Қ.Мүбараков

Оқырманымыздың сөзіне қарағанда, Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбәраковтың ұсталмағаны рас. Бірақ әкім – «пара алу» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істің фигуранты көрінеді.

«Әкімге пара ұсынды деген кәсіпкер келіншек ойда-жоқта пайда болмаған сияқты. Соған қарағанда, әкім бірақ уақыттан бері жемқорлыққа қарсы қызметтің назарында жүрген болуы мүмкін», – дейді оқырманымыз.

Егер оқырманымыздың осы айтқандары рас болса, аудан әкімінің «әлі ұсталмағаны» оның жағдайын жеңілдетпейді...

Енді Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов туралы бірер сөз.

Руслан Рүстемұлы бұған дейін Қызылорда қаласы әкімдігінде, облыс әкімдігінде бірқатар лауазымды қызметтер атқарған. Мамандығы – филолог. 2015-2016 жылдары Жаңақорған ауданының әкімі болды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары Сырдария ауданының тізгінін ұстап, өткен жылдың 3 қыркүйегінен бастап Жаңақорғанға қайта келді.

Жаңақорған ауданының әкімі Р.Рүстемов

Аудан әкімінің қызметін тізбелеп отырғанымыздың себебі бар. Істі болған Қуанышбек Ысқақов облысты басқарған тұста Р.Рүстемұлы оның орынбасары болған.

Бізге жеткен дерекке қарағанда, Р.Рүстемұлы бұрынғы бастығы Қ.Ысқақовқа қарсы жалған куәлік еткен болуы мүмкін. Бұл әрекеті қазір өзінің басына таяқ боп тиіп жатқан көрінеді.

Тілшіміз Шиелі және Жаңақорған ауданы әкімдеріне қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қырсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Алайда ондағылар «әзірге бұл істен хабарымыз жоқ» деп жауап берді.       

#қызылорда #әбдіқалықова #жемқорлық #отставка
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации