Біртановтың ісі: «Қылмыстық іс қожырай бастады...»

18 ноября, 15:08

Фото: nege.kz

Бір апта бұрын ғана «қазынаның қаржысын қымқырды» деген күдікпен ұсталған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның үстінен қозғалған қылмыстық істің тағдыры туралы жазған едік. Сенімді дереккөз бұрынғы денсаулық сақтау министрге тағылған айыптың тергеу барысында өзгеріп кетуі мүмкін екенін хабарлаған.

Тұрақты оқырманымыз Біртановқа тағылған «қазынаның қыруар қаржысын қымқырды» деген айып «қызметіне салғырт қарады» деген жеңіл бапқа ауысатынын болжаған еді. Бұл жағдайда Біртановтың амнистияға ілігуіне мүмкіндік туады. Сөйтіп экс-министрдің көп ұзамай үйіне оралуы ғажап емес екенін де айтқан.

Арада апта өтпей жатып бұл болжам расқа айнала бастаған секілді. Елжан Біртанов Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу абақтысынан үйқамаққа ауысты.

Қонақ шақыра алмайсың, біреумен хабарласа алмайсың дегені болмаса, үйде қамауда отыру абақтыда отырғаннан әлдеқайда жеңіл әрі жайлы екені түсінікті. Сот Біртановты қоғамға қауіп төндірмейді, тергеуге қысым көрсете алмайды, оның үстіне коронавируспен ауырғалы денсаулығында кінәрат бар, бұрын-соңды қақ-соқпен ісі болмаған адам деп таныса керек.

Мырзақамақ – бостандық?

Қазынаның қыруар қаржысын талан-таражға салды деген күдікке ілінген адам қоғамға қалай қауіпті болмайды? Әрине, шенеунік өз қолымен біреуді өлтіріп, мемлекетке қарсы опасыздық секілді аса ауыр қылмыс істеген жоқ. Бірақ коронавирустың алғашқы толқынында дәрінің жетіспеушілігінен, емнің дұрыс болмағанынан қаншама адамның көз жұмғанын есепке алсақ, бұл мемлекетке, қоғамға қарсы ауыр қылмыспен пара-пар болмай ма?

Кінәсіздік презумпциясы деген нәрсенің бар екенін білеміз. Сот үкімі шықпай, ешкім қылмыскер деп танылмайды. Бірақ...

Сірә, Біртановты оқшаулау жағдайын жеңілдетуге бұрынғы министр абақтыға қамалысымен әлеуметтік желілерде экс-шенеунікті мақтаған, жақтаған жазбалардың кенеттен көбейіп кеткені де әсер етсе керек. Біздің дереккөз «бұл ақпараттық қолдау Біртановтың жоғарыдағы қамқоршыларының мақұлдауымен жасалған» деп есептейді.

Е.Біртанов

Сөз жоқ, Елжан Амантайұлы – білікті дәрігер. Бірақ Біртановтың біліктілігі үстінен қозғалған қылмыстық іске алиби саналмаса керек-ті. «Биліктің бишігін білегіне ілген біраз ықпалды тұлғаға қызмет көрсетіп, олардың көңілінен шыққан» деген гу-гуді жоққа шығаруға себеп жоқ әзірге. Экс-шендінің үстінен қозғалған істің БАҚ пен қоғам үшін жабық жағдайда өтуінің де түп-төркіні осында жатқандай.  «Біртановтың үйқамаққа ауысуының өзі қозғалған қылмыстық істің қожырай бастағанының белгісі» дейді дереккөз.

Дереккөздің болжамдары мен келтірген дәйектеріне, бұрынғы министрге қатысты соңғы жаңалықтарды салыстыра келе, Біртановтың басына үйірілген бұлт көп ұзамай сейіле ме деген ойға қалдық.

Үйқамаққа ауысқан талай шендінің ісі ақырында сиырқұйымшақтанып кеткенін ел біледі. Тіпті бұрынғы министрді «кінәсі дәлелденбеді» деп босатуы да мүмкін екеніне кім қарсы уәж айта алады?..

#біртанов #цой #минздрав #коррупция #жемқорлық
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации