Жоғалған экономика

23 наурыз, 19:03

Фото: Nege.kz

Коронавирус Тоқаевтың жаңа экономикалық бағытқа ауысу бойынша бүкіл жоспарын бір күнде бұзды. Қазіргі басты міндет - қолда барын сақтап қалу. Және оның өзі де оңай болмайтыны анық.

Бүгін өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында, Ақорданың экономиканы құтқару үшін қандай қадамдарды ойластырып отырғаны белгілі болды. Белгілі бір жоспардың нобайы бар десе де болады және ол Кейнс моделіне негізделген. Модельдің басты идеясы - мемлекет тарапынан экономикаға қаржыны көбірек құйып, тұтынушылық сұранысты қысқартпау. 2008, одан кейін 2014 жылдардағы дағдарыста Қазақстанның осы бағытпен жүріп, қиын кезеңнен өтіп алғанын айта кету керек. Бірақ қазіргі дағдарыс мүлде басқа. Бұған дейінгі кризистерде мұнай ешқашан барреліне 25 доллардан түспеп еді және вирус атымен болмады да, адамдардың жүріп-тұруына, тауар айналымына еш тосқауыл қойылмаған болатын.

Тақырыпқа орай: Тоқаевтың 5 тезисі. Президент Қазақстанды қалай құтқаратынын айтты

 

Қазіргі дағдарысты Ресей ғылым академиясындағы экономистер "Идеалды дауыл" деп атауда. Бүкіл факторлардың барлығы бір уақыт пен бір жерде тұра қалса, ғаламат дауыл тұрады. Солтүстік көршіміз экономистерінің айтуынша, қазір біз сол ғаламат дауылдың алдында тұрмыз. Жалпы осы кризистен ТМД аумағында ең көп зардап шегетін екі мемлекет бар - ол Ресей мен Қазақстан деген тұжырымдар да айтыла бастады. Себебі түсінікті, екі ел де көмірсутегінің бағасына тәуелді. Бірақ Ресей кірісінің біраз бөлігін газбен жауып отыра алады. Оған қарағанда экономикасын әртараптандыруға үлгермей қалған және мұнайға ғана иек артып отырған Қазақстанның жағдайы қиын.

Фото: Сәрсенбек Қызайбекұлы

Экономиканы құтқарудың, тіпті менің ойымша, жоғалтпаудың мемлекеттік шарасы бүгін президенттің аузынан айтылды. Демек, біздің нақты шараларымыз мемлекет басшысы берген тапсырмалардың аясында жүзеге асатын болады. Сонымен, Қасым-Жомарт Тоқаев "Салық преференциялары мен жергілікті деңгейдегі қолдауды қоспағанда, дағдарысқа қарсы шаралар жиынтығы 4,4 трлн теңгені немесе 10 млрд долларды құрайды. Осы қаражатты дұрыс игерген соң, біз дағдарысқа қарсы күресте жеңіске жететініміз сөзсіз" деді. Демек, президент біздің бұл дағдарысты еңсеріп шығатынына сенімді немесе сенімдімін деген сыңай танытып отыр. Бұл да бір жағынан жақсы сигнал.

Біздің Ұлттық қорда жылдың басында 27 трлн теңге жинақталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев дағдарыстың қазіргі кезеңінде Ұлттық қорға қол салынбайды деп мәлімдеп отыр. Онда 4,4 триллион теңге қайдан алынады? Біздің ойымызша үкімет ақша станогын іске қосады. Абаевтың сөзінше, кризистің қырсығынан республикалық бюджет биылғы алғашқы тоқсанның өзінде 350 миллиард теңге жоғалтады. Демек бюджеттің кіріс бөлігі биыл кем дегенде жоспарланып қойған 1 триллион теңге кірісінен айрылуы мүмкін.

 

Тоқаевтың жоспары бойынша экономикаға қаржы қандай бағыттармен құйылады?

Бірінші. Қарапайым заттар экономикасы. 1 триллион теңге аталған бағдарлама арқылы құйылады. Импортталатын тауарлардың орнын ауыстыру мақсатында осыдан екі жыл бұрын қолға алынған бастама. Әлі ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге шықпай отыр. Тауар өндіретін кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығындағы фермерлерді 6 пайызбен қаржыландыруы тиіс.

 

Екінші. Шағын және орта бизнеске 600 млрд теңге

"Сонымен қатар, мен шағын және орта бизнестің айналым қаражаттарына жылдық 8% несие беру үшін тағы 600 млрд теңге бөлуді ұйғардым" - деді, бүгін мемлекет басшысы. Оның алдында Ұлттық Банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп бағдарламаның негізгі шарттарын әзірлеп қойған болатын. Ол үшін екінші деңгейдегі банктерде негізделген салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінді. Несиені зардап шеккен кәсіпкерлер 12 айға дейінгі мерзімге 8 пайызбен алуы тиіс. Екінші деңгейдегі банктерге қаражатты игеру үшін 3 ай уақыт берілді.

Тақырыпқа орай: Бизнес 8 пайызбен 600 млрд теңге алмақ

 

Үшінші. Жұмыспен қамтудың жол картасы

Кәсіпкерлік белсенділікті және жұмыспен қамтуды қолдаудың тағы бір құралы ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арнайы бағдарламасы әзірленбек. Мемлекет басшысы оны қаржыландыруды кемінде 300 миллиард теңге деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды. Қаржыны өңірлерден келіп түскен өтініштер негізінде 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға резервтер бар. Президенттің есебінше, бұл 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді және тек жергілікті нысандарды ғана емес, сонымен қатар бірқатар республикалық нысандарды, соның ішінде су қоймалары, бөгеттер мен басқа да құрылыстарды салуға көмектеседі.

Қаржылай көмекпен бірге мемлекет басшысы теңгенің айырбас бағамын тұрақтандыруға қол жеткізу үшін Ұлттық Банкке, Үкіметке және квазимемлекеттік компанияларға экспорттан түскен долларлардың бөлігін қор биржасында сатуды тапсырды. Ал ұлттық компаниялар өткен жылы тапқан кірісінің барлығын мемлекетке қайтаруы тиіс. Бұл теңгеге кәдімгідей қолдау береді деп жазады, FINANCEkaz. Биржада сатылымға арналған артық доллар массасының пайда болуы теңгенің балансын түземек.

#экономика #кризис #тоқаев
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации