Вирус. НЕГЕ?

08 сәуір, 08:30

Фото: Nege.kz, Ғалым Смағұлұлы

Өмірім қалай өзгереді? Енді мен кім боламын? Болашақта мені не күтіп тұр? Nege.kz әр адамның ұйқысын бөліп жүрген сұрақтың жауабын дәл таппаса да, экономикалық негіздерін іздейді. Ал, кеттік.

Біздің есебімізше, кез-келген әлемдік кризис Қазақстанға 40-50 күннен кейін жетеді. 2008 жылғы дағдарыста солай болған. Қазір де осы мерзім сақталуы тиіс. Демек, пандемия туғызған дағдарыс наурыздың ортасынан бастап күшейе түсті десек, халқымыз ауыр сәттерді алдағы мамыр айында бастан кешетін болады.

Экономиканы не күтіп тұр?

Әлемдік экономикаға келсек, кез-келген түсініксіз жағдайда азулы екі экономист – Нассим Талеб пен Нуриэль Рубинилерді тыңдап, инвестор Уоррен Баффеттің нені сатып, нені алып жатқандығын байқау керек. Нассим Талеб не дейді? Ол «қазіргі жағдай «қара аққу» емес, демек мемлекеттердің пандемия кризисіне дайындалатын уақыты жеткілікті болды» дейді. «Қара аққу» терминін Талебтің өзі енгізген болатын. Ол –қапелімде ауыр жағдай болып, оған ешкім дайын болмай, ауыр кризис басталып кететін сәт.

Уоррен Баффет

Карантиннің орта есеппен бір айға созылатынын ескерсек, одан әр мемлекет әртүрлі зардап шекпек. Мысалы, тек қана туризмге қарап отырған елдер, Мальдив аралы, Камбоджа, Черногория ауыр жағдайға душар болады. Әлемдегі туризм саласы қайта қалпына келмей, бұл елдердің қалай тығырықтан шығатыны белгісіз. Импортқа аса тәуелді емес, ішкі нарығы мықты және ауыл шаруашылығы дамыған елдердің экономикасын пандемия бір түйреп өтер, бірақ құлата алмайды. Олардың тез қалпына келетінін Дүниежүзілік банк бастаған халықаралық ұйымдар сенімді түрде болжап отыр. Біз айтқан екінші азулы экономист Нуриэль Рубини дағдарыстың мұндай түрімен бірінші рет кездесіп отырғанын ескертеді. «Әлемдік экономикада рецессия (артқа шегіну) болатыны анық. Кең көлемде қаржы құйылады. Тек оның нақты әсерін болжау қиын». Рубинидің пандемия дағдарысы салдарын нақты болжай алмай отырғаны жақсы сигнал емес. Ал Уоррен Баффет өз қоржынындағы әуе компаниялардың акцияларын сата бастады. Демек, әуе байланысы саласының, оған қоса туризмнің тез қалпына келеріне сұңғыла инвестор сенбей отыр.

Ал Қазақстан ше? Біздің экономика не болмақ. Біздің бар тағдырымыз мұнай баррелі бағасына байланып қалған. Қарапайым ережені жаттап алыңыз: мұнай бағасы өссе, бізге жақсы болады, құласа - жаман болады.

Қазіргі экономиканың ең ауыр диагнозы – ертеңгі күнге деген сенімсіздік. Қазақстан шамасы келгенше, мұндай жағдайларға барынша дайындалды. Ұлттық қор сынды сандыққа тығып отырған әмиянымыз бар. Бұның барлығы көңілге демеу, бірақ мұнай бағасы көтерілмесе, бар қорымыз тез сарқылып қалуы мүмкін. Сондықтан біз, туризмге тәуелді мемлекеттер сынды, барынша зардап шегетін елдер легінде екінші қатарда тұрмыз.

Жағдай 90-жылдардағыдай бола ма?

Жоқ, уайымдамаңыз, олай болмайды. 90-жылдарда алып мемлекет күйреп, бар саланың демі бір уақытта тоқтаған. Ол кезде мемлекет басындағылардың дағдарысты еңсеретін тәжірибесі, экономикалық қабілеті аз болды. Сонымен бірге, зейнетақы төленбеді, бюджеттік қызметкерлер жалақысыз қалды. Қазір ондай жағдай болмайды.

90-жылдардағы дағдарыс

Басқа жеке мекемелердің барлығы жабылып қалса да, зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар, дәрігерлер, мұғалімдер, әскерилер мен полицейлер тұрақты төлемдері мен жалақыларын ала береді. Демек, кем дегенде 3 миллион тұрғынның нақты ай сайынғы тұрақты табысы болады.

Кімдер ұтады, кімдер ұтылады?

Бұл кризистің бір қызығы, бәрі бірдей тақырға отырмайды. Кейбір сала, керісінше, гүлденіп өседі. Егер сіз шетелдерге жолдама сататын туристік фирма мен әуе компаниясында жұмыс істеп жүрген болсаңыз, қазір жағдайыңыз мәз емес. Тез арада мамандық ауыстыруға тура келеді. Және оны барынша тезірек іске асырсаңыз, отбасынызды күйзелістен алып шыға аласыз. Бұл салалар жақын арада қалпына келмейтіні анық. Азық-түлік, бензин мен күнделікке өмірге қажет тауарлардан басқа, ойыншық, киім-кешек, косметика мен иіссу саудасымен айналысатын кәсіпкерлер мен олардың жұмысшылары дағдарыстың алғашқы фазасында да табыстан айрылмақ. Себебі, басында халық тек тамақты ойлайтын болады. Онымен қатар, мейрамхана, барлар, ойын-сауық орындарының табысы қысқарып, тіпті бизнес құрылымы өзгеруі мүмкін.

Асығы алшысынан түсетін сала – азық-түлік. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығына деген көзқарас түбегейлі өзгереді. Көптеген инвестиция осы салаға тартылатын болады. Ал қалаларда онлайн сауда, онлайн қызмет, жеткізу салалары қарыштап өседі. Пицца, суши мен курьерлер дәуірі басталады. Оған қоса, ішкі туризм, отандық демалыс орындары бұған дейін шетелге кетіп отырған біраз қаржыны өздеріне бұра алады. Биылғы жазда Алакөл, Бурабай, Балқаш пен Каспийдегі курорттар айтарлықтай сұранысқа ие болмақ. Туристік фирмалар өз қызметін толық ішкі туризмге бұруы ғажап емес.

Бюджет саласында бәлендей өзгерістер болмайды. Индексациядан келетін 10 пайыздық өсімді бағаның қымбаттауы түгелдей жеп қояды. Сондықтан ол еш жағымды әсер бермейді. Дәрігерлер, мұғалімдер, әскерилер мен полицейлер бұрынғысынша жұмысын істеп жүре береді. Зейнеткерлер, әлеуметтік төлем алатындар да сол қалпы. Олардың өмірі аса өзгермейді.

Тендерге қарап отырған жеке кәсіпкерлер мен ЖШС-ларға оңай тимейді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің бюджеттері қайта қаралып, қысқаруы мүмкін. Бәсекелестік көбейіп, баға демпингі артып, кәсіпкерлердің мазасы қашады. Доллар бағамының күрт өсуінен импорт тауардың құны да артады. Сондықтан қол қойылып қойған тендер келісім-шарттарын орындау қиынға соғады. Төтенше жағдай біткеннен кейін, соттасулар, дау-дамайлар көбейеді.

Пандемия біздің өмірімізді осылайша өзгертеді. Біреуге жағар, біреуге жақпас. Бірақ, одан қашып құтыла алмайсыз. Психологиялық тұрғыдан дайын болсаңыз ғана, осы сыннан сүрінбей өтесіз.

#кризис #коронавирус #42500
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации