Үш себеп: Теңге НЕГЕ бір күнде құламайды?

02 наурыз, 18:24

Фото: kapital.kz

Көктемнің алғашқы күндері - сарапшылардың "теңге құлай ма?" деген біркелкі сарындағы прозаларынан басталды. Коронавирустың лаңы мұнай секторын тізерлетіп, Қытайдағы өндірісті тұралатқаны да отқа май құйып отыр.   

Өткен аптаның соңында сыртқы нарықтардағы жағдай тез нашарлады деп жазады, Tengenomika. Brent барреліне 49 доллардан төмендеді, ал Қытай экономикасының болжамды PMI индексі 37 тармаққа бірден құлады. Коронавирустың өршуі Қытай экономикасына ауыр әсерін тигізуде, тек бір сала ғана өршіп дамуы мүмкін деп ой түйіп отыр Forbes. Көптеген кәсіпорындар мен оқу орындары өз жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болғандықтан, онлайн-білім саласы қарқынды дами бастады. Бірақ бұл, біз айтайын деген басты мәселе емес.

Теңге құлай ма?

Теңгенің тарих беттерінде қалған, соңғысы 7 жыл бұрын болған жабайы девальвациялар сценариімен бір күнде құлауы мүмкін емес.

Бірінші себеп. Теңге бір күнде құласа, соңғы 5 жылда ұлттық валютаға деген сенімді арттырамыз деп күш жұмсаған биліктің бар еңбегі зая кетпек. Дедолларизация жоспары бұзылады. Біз доллар дәуіріне қайта ораламыз. Ол үкімет үшін мүлде жағымсыз бағыт. Инфляцияны болжап отырған коридорда ауыздықтап қалу мүмкін болмай кетеді. Импорттың бағасы шарықтайды. Өндіріс те тұраламақ.  

Екінші себеп. Мұнай нарығы. Коронавирусқа қарамастан, мұнай нарығын қолдайтын факторлар көп. ОПЕК + мүшелерінің үш күннен кейінгі кездесуі көкейге сенім ұялатады. Мұнай бағасын сақтап отыруға Путин де мүдделі. Демек Ресей мұнай өндірісін уақытша төмендетеді. Тағы бір қуаныштысы, АҚШтағы ФРС базалық мөлшерлемені 0,5 пайыздық тармаққа төмендетуі мүмкін. Коронавирус Иранда таралып, мұнай компаниялары уақытша тоқтаса, ол бағаға да оң әсер етпек. Және бастысы, Сирия мен Түркия арасында қарулы қақтығыс болып жатқанда ешкім мұнай бағасын құлдырата алмайтыны сөзсіз.

Үшінші себеп. Теңгенің айырбас бағамы. Теңгенің бағамы ішкі қауіпсіздік маржасына ие. Бұл не деген сөз. Былтырдан бастап теңге құны өсуі тиіс еді. Бірақ Ұлттық банктің "көзге көрінбейтін құдіреті" күшімен теңгенің өз деңгейінде бағаланбауы арта түсті. Демек, ұлттық валютаның ішкі потенциалы жоғары. Екіншіден, соңғы күндері Ұлттық банк теңгенің айырбастау бағамын ұстап тұруға дайын екендігін көрсетті және ол үшін Ұлттық қор мен алтынның қымбаттауы арқасында өсіп отырған ішкі валюта резервтері бар. Осының алдында ғана трендтер барысын Nege.kz-ке түсіндірген сарапшылар "Теңге сөз жүзінде ғана еркін. Ал іс жүзінде, оның бағамын түрлі интервенциялармен Ұлттық банк реттеп отыр" деген болатын.

Қазір теңгеге экономикалық факторлар емес, WhatsApp-тан қорқу керек. Мессенджерлер арқылы дүйім елге жарты сағатта таралатын фейктер ел экономикасын шайқай алатын күш екенін талайдан бері дәлелдеп келеді. Халық жаппай валюта айырбастау бекеттерінің алдына жинала бастаса ғана, теңгеге тықыр таянбақ.

Nege.kz кеңесі мынадай: Қалтаңыздада 100 мың теңге жатса, оған 100 доллар сатып алыңыз да, қалған 61 мың теңгеге жуық ақша ұлттық валютада жата берсін.

#теңге #девальвация #инфляция
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации