Төтенше жағдай кезінде мемлекет қабылдаған шаралар

07 сәуір, 17:18

Фото: primeminister.kz

Төтенше жағдай режимі кезеңінде ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамтудың негізгі құралы жаңа «Жұмыспен қамутдың жол картасы» болады, оны іске асыруға 1 трлн теңге қарастырылған. Бағдарламада 7 мыңнан аса жоба қамтылады. Оның ішінде 300-ден астамы өнімді, перспективалы жобалар, бұл жобалар тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 

Алматы. NEGE. ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырыстарының бірінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бүгінде ел Үкіметінің басымдықты міндеті азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Жаңа “Жұмыспен қамтудың жол картасын” қаржыландыру 240 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, ол жобаны жүзеге асыру кезінде уақытша жұмыспен қамтуды ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді. 

Жоғары тәуекелді салаларға сауда, туризм, қоғамдық тамақтандыру салаларындағы ШОБ субъектілері жатты. Бұл секторларда 1,6 млн аса жұмыскер жұмыспен қамтылған. 

Жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» нені қамтиды?

Еңбек және халықты жұмыспен қамту министрлігінің мәліметтерінше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелерін шұғыл шешу мақсатында әзірленген және онда қосымша жұмыс орындарын құруға, жұмыссыз азаматтардың санының артуына жол бермеуге бағытталған шаралар кешені белгіленген, бұл шаралар әлеуметтік, инженерлік-көлік инфрақұрылымды  және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, елді мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру есебінен іске асырылады. 

Жол картасы келесі жұмыстар мен нысандар түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қарастырады: 

1) әлеуметтік-мәдени нысандарды - білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, бос уақыт және демалыс, тұрғындарға қызмет көрсету нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, реконструкциясы (сейсмикалық қауіпті өңірлер үшін сейсмокүшейту арқылы күрделі жөндеуге жол беріледі); 

2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциясы (сумен қамту, кәріз жүйесі нысандары, газбен, жылумен, электрмен қамту жүйелері); 

3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциясы, құрылысы (қалалық автомобиль жолдары, кент ішіндегі және ауыл ішіндегі жолдар, кіре беріс жолдар, жаяу жүргінші жолдары, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, каналдар, су шаруашылығы нысандары мен құрылымдары); 

4) елді мекендерді абаттандыру (аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтар мен скверлерді жарықтандыру және жасылдандыру, иесіз нысандарды, шағын сәулет мүсіндерін, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңдарын бұзу).  

ҚР Үкіметі жанындағы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімінің негізінде басқа жұмыстар мен нысандарды, оның ішінде құрылысты іске асыруға болады. 

Қабылданған жол картасының мақсаттары:

  • жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу;
  • қосымша жұмыс орындарын құру және табыстың болуын қамтамасыз ету;
  • елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдайлар жасау.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Халықты жұмыспен қамту орталықтары қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктеп және осы ауданда (қалада) тұратын жұмыссыздарды, оның ішінде уақытша тіркеуде тұрғандарды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын мердігер жұмыс берушілер бағыттайды, ал қажет болған жағдайда жұмыс берушілердің тиісті жұмыстарын орындау үшін кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте еңбекке орналастыруда 29 жасқа дейінгі жастарға басымдық беріледі. 

Жол картасын жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлінген, Жол картасының бағыттары бойынша қаражатты әкімдіктер өз бетінше бөледі. 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» қашан іске қосылады?

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру биыл сәуір айында басталды. Күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жөндеу бойынша инфрақұрылымдық жобалар қара күзге дейін іске асырылады, ал жаңа нысандардың салынуын көздейтін жобалар жыл соңына дейін іске асырылады. 

Биыл жобаларды іске асыру кезінде 250 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Шарттарға сәйкес, жұмыскерлердің кемінде 50%-ы жұмыссыз жастарға басымдық берумен Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалданатын болады. 

Жастар күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік-мәдени, инженерлік-көлік нысандарының күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына, реконструкциясы мен құрылысына және елді мекендерді абаттандыруға қатысады.  

Жұмыссыз жастарға берілетін көтерме ақы

Ел Президенті сонымен қатар ірі қалалар - Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының маңындағы ахуалға назар аударды. Осы қалаларда жұмыс істеген жастар бүгін бұл қалаларға кіре алмай қалды. Олар қала маңындағы мекендерде табыссыз қалып отыр. 

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев  атап айтқандай, адамдардың табыс көзі болуы керек, олар жабылған шлагбаумдардың алдында тіршілікке қажеті қаражатсыз отырмауы тиіс. Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы «Жол картасы» жобаларына еңбекке орналастырылатын жұмыссыздарға 85 мың теңге көлемінде өмір сүруге бір реттік материалдық көмек (көтерме ақы) төлеу қамтамасыз етіледі. Яғни, жалақының орнына емес, оған қосымша ретінде төленеді. 

Сонымен қатар, ХЖҚО базасында ЖҚЖК бойынша іске асырылатын жобаларға еңбекке орналастыру үшін мобильді (жылжымалы) рекрут пункттерін құру қамтамасыз етіледі (кеңес беру, медициналық тестілеу, жұмыскерлерді жеткізуді ұйымдастыру). 

Айта кетейік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жалақы мөлшері 85 мың теңгеден кем болмауы тиіс. 

42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемдердің тағайындалуы және берілуі

Карантин енгізілген кезеңде тек Алматыда жалпы кәсіпорындардың жұмыскерлерінің саны 266 мың адамға қысқарды. Жеке кәсіпкерлер бойынша да осындай жағдай байқалып отыр, олардың 80%-ы өз жұмысын тоқтатқан. Осылайша, алдын ала есептеулер бойынша ағымдағы жағдай 500 мыңға жуық қалалықтың қаржылық жағдайына теріс әсерін тигізген.  

Сондықтан төтенше жағдай енгізілген кезеңде ҚР Президенті Қ. Тоқаев төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарға 1 ЖТМ (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлемдер жасауды бастауды тапсырды. Мұндай көмекке жалпы біздің кемінде 1,5 млн азаматымыз жүгіне алады. 

Мемлекеттік комиссия өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, жұмысынан айырылғандарды, сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарының кейбір топтарын қосып, әлеуметтік төлемді алушылардың санатын арттырды. 3 млн жуық қазақстандық 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдауға ие болады. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации