Теңгені ұстап тұру үшін бір айда 95 миллион доллар кетті

06 наурыз, 11:30

Фото: inbusiness.kz

Ұлттық Банк соңғы айда биржада 94,8 миллион долларға интервенция өткізген. Ол ішкі ахуалды тұрақтандыруға септігін тигізді. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова хабарлап отыр.

Ұлттық Банк позициясын өзгерткенге ұқсайды. Бұған дейін қадағалаушы еш уақытта интервенция көлемін жарияламай, мұндай мәліметті құпия сақтап келген еді. Қазір барынша ашық болуға тырысуы көптеген сарапшылардың көңілінен шығып отыр. Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Капитал басылымына сұхбат беріп, банктің 2019 жылдың наурызынан бастап алғаш рет валюталық интервенция жүргізе бастағандығын айтты.

Өткен айлардағы салық кезеңі аяқталғаннан кейін біз коронавирусқа байланысты жағдайдың күрт нашарлауын, оның Қытайдан тыс жерлерде тез таралуын байқадық. Әлемдік қаржы нарықтарындағы динамика нашарлады, қорлар құлдырауын жалғастырды. Ресей рублі айтарлықтай әлсіреді. 24-28 ақпан аралығында мұнай бағасы барреліне 57 доллардан 50,5 долларға немесе 11 пайызға төмендеді. Мұның бәрі біздің валюта нарығымызға қатысушылардың тиісті реакциясын және шетел валютасына сұраныстың күрт өсуіне әкелді. Валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк валюта нарығының төмен өтімділігі және ұсыныстың шектеулі болуы жағдайында ақпанның соңғы күндерінде валюта интервенциясын жүргізуге мәжбүр болды.

Әлия Молдабекова Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды үнемі қадағалап отыратындығын және валюта бойынша алып-сатарлық ауытқулардың алдын-алу үшін қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін айтады. Оның сөзінше, өткен айда Ұлттық қордан бюджетке аударымдарға қажеттілік 263 миллиард теңгені құрады. Кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз ету үшін 462,5 миллион доллар немесе 175 миллиард теңге сатылды. Осы көлемнің барлығы бір айдың ішінде биржада сатылып кеткен.

#бағам #валюта #ұлттықбанк
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации