Теңге құлдырағанда НЕГЕ үй алған дұрыс?

16 наурыз, 17:00

Фото: ipotekablog.kz

Көзі ашық жандар теңге құлдыраған сайын ақшаның құнын сақтап қалуға тырысады. Көбісі доллар алады. Ал ұзақ мерзімді инвестиция дегенде халқымыз жылжымайтын мүлік сынды тұрақты активке қаржы салғанды дұрыс көреді. Және расымен де, баспана алып алғандар ешқашан ұтылған емес. Әсіресе теңгемен ипотека алғандар көбірек ұтты. Дәл қазір базалық ставка 12 пайыз болып тұрғанда, проценті одан әлдеқайда төмен - 5-7% болатын мемлекеттік ипотекалар бар. Оларды қолданып үй алып алсаңыз, осы шешімнің дұрыстығын біраз уақыттан кейін түсінер едіңіз. 

«Ипотекамен үй аламын» деп шешім қабылдағаннан кейін, қуануға әлі ерте деп жазады, ИпотекаБлог. Алданып қалудың мүмкіндігі көп. Енді ең алдымен үй табу керек. Дәл осы жерде, көптеген азаматтар өздері күтпеген қиындықтарға кезігіп жатады. Әсіресе, ипотека шарттары бойынша тек бастапқы үй алу қажет болса тіпті қиын. Бұдан шығатын қандай жол бар? Және алаяқтардан қалай қорғану керек? 

Неге құрылыс компаниялары ипотекадан қашады?

Көптеген клиенттер біраз құрылыс компанияларының халыққа тиімді, арзан ипотекалық бағдарламасымен жұмыс істемейтіндігін айтып шағымданады. Оның себебі, құрылыс компанияларының заңды белшесінен басып, пайдалануға берілмеген үйді сатуында. Құжаты дайын болмағандықтан, құрылыс салушылар салынып жатқан үйлерді брондап қойып, құжаты дайын болғаннан кейін ипотекаға рәсімдей аласыз деп түрлі схемаларын ұсына бастайды. Әдеттегідей, олар бронға үй құнының 20 пайызын, яғни сіздің алғашқы жарнаңызды сұрайды. Бірақ ол құрылыстың дер кезінде аяқталып, сіздің үй кілтін алатыныңызға кім кепілдік береді? Ешкім кепілдік бермейді. Ол тек сіздің жеке шешіміңіз болғандықтан, оған тек өзіңіз ғана мойныңызға жауапкершілік артасыз. Құрылыс компаниясы мен сіздің араңыздағы уағдаластық тек екіара келісім-шарт арқылы жүзеге асады. Мұны мемлекет реттемейтін болғандықтан, осындай қаупі көп, сенімсіздеу схеманы таңдау алдында  барынша ойланыңыз.

Фото: kapital.kz

Үлескерлік құрылыс

Құрылысы бітпей жатқан үйге қаржы құйып, оны сатып алу Қазақстанда көптеген жылдан бері жұмыс істейді. Өкінішке орай, дағдарыс кезінде көптеген үлескерлер өз қаржыларынан айрылып қалды. Оның зардабын мемлекет әлі күнге дейін тартып келеді. Үлескерлік құрылыстың бір ғана артықшылығы бағалары нарықтан төмен. Ал жаман жағы, тұрғын үй құрылысын ұзақ күтесіз немесе тіпті үйсіз қалуыңыз мүмкін.

Заң не дейді?

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу – тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа негізделген қатынастары. Жай сөзбен айтқанда – сіз ақша төлейсіз, ал сізге үй салып береді. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт – уәкілетті компания мен үлескер арасында жасалатын, бір тарап тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталған соң екінші тарапқа тұрғын үйдегі үлесін беруге міндеттенетін, ал екінші тарап төлем жүргізуге және тұрғын үйдегі үлесін қабылдауға міндеттенетін, тараптардың құқықтық қатынастарын реттейтін шарт.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша жасалады және оны осы Заңның 12 бабында көзделген тәртіп бойынша тұрғын үй орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органда есепке қою сәтінен бастап жасалған деп есептеледі.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу:

  • кепілдік беру қорынан кепілдік алу;

  • екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы;

  • тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады.

Тұрғын үйлердің құрылысы үшін осы бапта көзделмеген өзге тәсілдермен ақша тартуға тыйым салынады. Өзіңізді алаяқтықтан сақтаңыз және тек сенімді құрылыс компанияларымен жұмыс істеңіз. Есіңізде болсын, құрылыс индустриясы тәуекелі өте көп, алаяқтық көп жасалатын салалардың біріне жатады.

#пәтер #баспана #ипотека
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации