Тайраңдаған долларды Ұлттық Банк ертең орнына қояды

09 наурыз, 17:05

Фото: profinance.ru

Ертең Қазақстан қор биржасы ашыла салсымен Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаменті доллардың мойнына құрық салуға кіріспек. Бұл туралы Nege.kz-ке бірнеше сенімді ақпарат көздері хабарлады. Бүгін мейрам күні болғандықтан, KASEде сауда-саттық платформасы жұмыс істемейді.

Сарапшылардың айтуынша, бүгін өсек-аяң мен ажиотажға сеніп, долларды қымбатқа сатып алғандар опық жеп қалуы мүмкін. Сондықтан Nege.kz редакциясы да, қауесетке сеніп, валюта айырбастау бекеттеріне жүгірудің қажеті жоқтығын ескертеді.

"Ресейдің Сауд Арабиясымен мұнай бойынша ұзақ тіресетін қауқары жоқ. Арабтар мұнайдың баррелі 20 долларға түссе де былқ етпей отыра алады", - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. Демек Ресейдің өзі тез арада мәселені реттеуге мүдделі болуы тиіс. Ал теңге бағамына келсек, доллардың бүгінгі шарықтауы мұнай бағасының түсуінен туындаған үрейлерге қатысты.

Бүгін бағамды "эмоцияналды" деуге болады. Ал мемлекетке, экономикаға жағымсыз әсерін тигізбейтін бағам коридорын ертең, жұмыс күні басталғанда көруіміз тиіс. Ұлттық Банк оған әрине септеседі және оның экономикамызды сыртқы жағымсыз факторлардан қорғау үшін жасайтын қадамдары уақытылы болмақ.

 

Барреліне 30-35 долларға түскен мұнай бағасының қазіргі деңгейі теңгеге қысымын едәуір арттырғаны рас деп жазады, Тенгеномика. "Алайда, «соңғы сөз» Ұлттық Банкте қалады. Қажет болса, реттеуші нарықты интервенциялармен «толтырып», USDKZT жұбын 385-390 аралығында ұстап тұра алады, бұл RUBKZT жұбын 5.2-5.4-ке дейін төмендетеді".

Теңгенің өзімен өзі құлап кетпейтінін, оны ұстап қалуға мемлекеттің күші де, жігері де жететінін алдында жазған болатынбыз. 

Тақырыпқа орай: Үш себеп: Теңге НЕГЕ бір күнде құламайды?

 

Әңгіме Үкіметтің ішкі нарық пен сыртқы экспортерлердің қайсысына басымдық беретініне байланысты. Ұлттық Банк экспорттың бәсекеге қабілеттілігін және бюджет балансын қолдағысы келсе, долларды 400 теңгеге дейін шығара алады. Себебі, долларды тым төмен ұстау да қолда бар қорға ауыр жүк болып отыр. Ұлттық Банк соңғы айда биржада теңгені ұстап тұру үшін 95 миллион доллар жұмсаған. Сондықтан, қадағалаушы қазір ішкі резервтерді барынша сақтап қалып, және теңгенің оптималды бағамын ұстап отыру үшін "өгізді өлтірмей, арбаны да сындырмайтын" саясатқа көшуі тиіс.

Тақырыпқа орай: Теңгені ұстап тұру үшін бір айда 95 миллион доллар кетті

 

Не болса да, Ұлттық Банктің тұрақтылық жолында қандай ерліктерге дайын екендігі, ертең Қазақстан қор биржасының түстен кейінгі сессиясының барысында, шамамен кешкі 17-00 сағаттарда белгілі болмақ. 

#доллар #курс #теңге
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации