«Спутник V» екпесін кейбір елдер НЕГЕ жаратпай отыр?

16 сәуір, 15:39

Фото: ғаламтордан

Біраз елдің басшысы коронавирусқа қарсы екпені салғызып алды. Таяуда Қазақстан президенті Қ.Тоқаев та Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник V» вакцинасын салғызды. Жұрт осы күнге дейін салдырмай жүргенге «отандық екпені алатын шығар» деп топшылаған-ды. Бірақ президент оны күтпеді.

Еліміз ай сайын 2 млн адамға екпе салуды жоспарлап отыр. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін 10 млн адамға екпе салу көзделген. Бүгінде еліміз бойынша I компонентпен – 254 344, II компонентпен 94 246 адам екпе алды. Соңғы күндері екпе салғызушылардың қатары көбейді. Оның бәрі ресейлік «Спутник V» екпесін қанағат тұтуда. Сәуір айының алғашқы екі аптасында екпенің 600 мың дозасы таратылса, айдың соңына дейін тағы 900 мың доза жөнелтіледі. Ал екпе салына бастаған ақпан айынан бері Қазақстанға 958 мың доза екпе жеткізіліпті.  

Ал Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында жасалып жатқан QazCovid-in вакцинасының таныстырылғаны кеше. Қазақстандық вакцинаның ғылыми атауы – QazCovid-in, саудаға шығарылатын атауы – QazVac.

Отандық екпені әзірлеушінің бірі ғалым Леспек Құтымбетовтің айтуынша, бұл вакцина иммунитетті 7 айға дейін қорғайды. Оның алғашқы партиясы, яғни 50 мың дозасы 25 сәуірде «СҚ-Фармация» хабтарына жеткізіледі екен.

Айта кету керек, Қазақстанда «Спутника V»-дан бөлек, америкалық Pfizer мен отандық QazCovid-in екпесі тіркеуден өткен.

«Спутник V»: Эстония неге қарсы?

Қазір екпе шығарудан үш мемлекет көш бастап тұр. Ол – Қытай, АҚШ, Ресей. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да ресейлік ғалымдар дайындаған екпенің қауіпсіздігі мен тиімділігін айтып, алғашқы екпе ретінде тіркеді. Алайда, кейбір мемлекеттер бұл екпеден саяси және экономикалық мүдде тұрғысынан бас тартуға көшкен.

Мәселен, екпе салдыруды 2020 жылдың аяғында бастаған Эстония билігі «Спутник V» екпесін емес, АҚШ-тың Pfizer компаниясы өндірген екпені сатып алатынын жеткізген. Ол ол ма, билік «Спутник V» екпесін алған адамға құжат бермейтінін де ашып айтты.

«Біз Еуроодақ мақұлдаған екпені ғана мойындаймыз. Оның ішінде «Спутник V» жоқ. Сондықтан бұл біздің ел азаматтарының шетелге шығуына кедергі келтіруі мүмкін», – деді Ақпарат технологиясы және кәсіпкерлік жөніндегі министрі Андрес Сут. 

Соған қарамастан, елде індет жұқтырушылар саны көбеймесе, азайған жоқ. Бұл мәселеге қатысты ғалымдар да пікірін білдіріп, «Бізге саясаттан гөрі адам өмірі мен денсаулығы маңызды» деп ресейлік екпені қорғауға көшті.

Украина: Үндістан екпесіне тоқтады ма?

Өткен аптада Украинада коронавирус инфекциясын жұқтырушылардың рекорды тіркелді. Соңғы деректерде елде 1,8 млн адам ауырып, 37 мың науқас қайтыс болғаны айтылады. Ал қазір бір күнде 18 мың тұрғын вирус жұқтырған. Салдарынан елдің 12 облысы мен астанасы «қызыл» аймаққа кірсе, Киев және Львов қалаларында қоғамдық көлікті тоқтатып, балабақшаларды жабу қарастырылып отыр. Украина Денсаулық сақтау министрі Максим Степановтың айтуынша, 24 ақпаннан бері екпені 400 мың адам алса, әлі электронды тізімде 450 мың адам тұрған көрінеді. Олардың бәрі Үндістанда жасалған CoviShield (AstraZeneca) екпесін салдырғанын айта кеткен жөн.

Себебі, Украина COVID-19-ға қарсы ресейлік екпені тіркеуден өткізуге тыйым салған-ды.

Президент Зеленскийдің өзі: «Агрессор мемлекеттің» екпесін салдыратындай украин халқы «сынақ қояны» емес. Біз әлем мойындаған ірі өндірушілер шығарған екпені алуға тырысамыз», – деген.

Бұдан кейін Жоғары рада «COVID-19-ға қарсы шыққан ресейлік екпеге тыйым салу туралы» заң жобасын да қабылдап тастағаны белгілі.    

Украина наурыз айының басында індеттің үшінші толқыны басталғанын мәлімдеді. Ал сәуірдің басында вирус жұқтырушылар саны бойынша Еуропада бірінші орынға шықты. Әйтсе де, одан қаймығып отырған билік жоқ. «Халықтың 70 пайызы екпе алса, жылдың аяғына дейін коронавирусты жеңеміз» деген оптимистік болжамы тағы бар.  

Армения: «Спутник V»-ден 1 млн доза алмақ

Кеше Армения «Спутник V» екпесінің 1 млн дозасын сатып алу бойынша келісімге келді. Жалпы, екпенің алғашқы үлгісі 2020 жылдың қараша айында сынамадан өткен. Денсаулық сақтау министрі Анаит Аванесянның айтуынша, мемлекет екпені ақпан айында мақұлдапты. «1 млн дозаны алсақ, жаппай екпе салу жұмысы жандана түседі. Қазір бізде бұдан өзге швед-британдық AstraZeneca екпесін алдырту мәселесі шешіліп жатыр. Мұны 55 жастан жоғары адамдарға саламыз», – деді министр.

Ал Словения билігі ресейлік екпені салғызғандарға арнайы 10 күндік карантин енгізген еді. Бұл елде тек Johnson & Johnson екпесін алғандар ғана емін-еркін жүре алады. Бұған дейін Pfizer/BioNTech, Moderna және AstraZeneca екпесін алғандар да осы қатарда болды. Тіпті, Түркия да ресейлік екпе алғандарды жарты айға шекарасынан кіргізбей қойды. Мұның салдарынан 500 мың турист билет алған ұшақтар ұшпай қалған.

Ресей эпидемиологы Наталья Пшеничнаяның айтуынша, пессимистік сценарий бойынша коронавирус індеті тағы бір жылға созылуы мүмкін. «Ал оптимистік болжамға сүйенсек, енді жарты жыл қиналатын шығармыз. Былтыр ғалымдар математикалық есеп негізінде індеттің кем дегенде екі жылға созылатынын айтқан еді, осы болжам шындыққа жанасады» деді ол. Ал Ресейде індет басталғалы 4 554 264 мың ауырып, 4 176 419 адам сауығып кетсе, 99 мың 233 адам көз жұмған. 

#пандемия #вакцина #ресей #украина
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации