СОҒЫС ПЕН ҮЛКЕН БИЗНЕС: Армения НЕГЕ Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырын атқыламайды?

03 қараша, 17:14

Фото: Nege Media

Таулы Қарабақтағы соғыс отының тұтанғанына айдан асты. Армения күні бүгінге дейін Әзірбайжанның бірқатар шекаралас қаласы мен ауданын зымырандармен, снарядтармен, кассеталы бомбамен атқылауда. Әзірбайжан тарабы армян әскерилерінің осындай шабуылының салдарынан жүз қаралы бейбіт тұрғынның көз жұмғанын хабарлады.

Жараланғандар саны 500-ге жуықтады. Осы жерде бір сұрақ туады. Бейбіт елдімекендерді атқылауға зымыран, бомбасын аямаған армян жағы неге Әзірбайжан экономикасының күретамыры – Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын көздеймейді? Бір-екі зымыраны дөп түссе болды, мұнай құбырын жөндеуге кем дегенде бірер апта уақыт кетер еді. Соншама уақытқа мұнай айдауды тоқтату Бакуға үлкен материалдық шығын әкелер еді. Дүниежүзілік банк бұған дейін Әзірбайжанның ЖІӨ 4,4 пайызға кемиді деп болжаған. Бұл елдің экономикасы мұнай бағасы мен өндірілген көлеміне тікелей тәуелді. Мұнай құбырының жұмысы тоқыраған жағдайда Баку бір жағынан бизнес серіктерінің алдындағы міндеттемесін орындамағаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болмақ, екінші жағынан әзірбайжан мұнайын сатып алушылар басқа балама сатушыларды іздей бастайды. Демек мұнай құбырының зақымдануы әзірбайжан экономикасына орны толмас шығын әкеледі.

Баку-Тбилиси-Жейхан құбырының зақымдануы Ресейге тиімді. Ресей биыл осы құбыр арқылы миллион тоннаға жуық мұнай тасымалдағанымен, іс жүзінде Мәскеу мен Баку Еуропаға мұнай тасу жағынан бір бірімен бәсекелес ел. Кезінде жаңа мұнай құбыры мұнай тасымалын әртараптандыру үшін, Еуропаны мұнай-газ жағынан Ресейге тәуелді қылмау мақсатында салынғаны белгілі. Демек Баку-Тбилиси-Жейхан құбырындағы қиындықтар Ресейге Каспий аймағындағы мұнай тасымалын қайтадан бақылауына алуына мүмкіндік береді. Сонымен Армения мен Ресейге тиімді соққыны Ереван НЕГЕ жасамайды?

ҚҰБЫРДЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАРЫ КІМ?

Гәп құбырдың қожайындарында және құбырдағы мұнайдың түпкі сатып алушыларының қайда орналасқанында. 2006 жылы іске қосылған мұнай құбыры 1768 шақырымға созылып жатыр. Күні бүгінге дейін түріктің Жейхан қаласындағы айлақ арқылы осы құбырмен жеткен 3,47 миллиард баррель шикі мұнай Еуропаға тасымалданған.

Бұл мұнай құбыры арқылы әзірбайжан мұнайы ғана емес, қазақ мұнайы да Еуропаға ағуда. Қазақ билігі Ресей арқылы өтетін мұнай транзитіне тәуелділікті азайту мақсатында, мұнайдың бір бөлігін осы құбырмен Әзірбайжан, Грузия арқылы Түркияға жолдайды.

Баку-Тбилиси-Жейхан құбырына соққы берілсе ол Грузияның да экономикасына зиянын тигізеді. Біріншіден Тбилиси өз аумағынан өтетін мұнай транзиті үшін жылына шамамен 200 миллион долларға дейін табыс табады. Екіншіден Грузияның өзі де осы құбыр арқылы өзара келісім бойынша арзандау бағаға мұнай сатып алуда.

Бірақ осы үш елден бөлек әлемдегі саясатқа ықпалы орасан тағы үшінші күш бар.

Олардың арасында Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры акциясының 30 пайызына иелік ететін британдық BP (British Petroleum) корпрациясын ерекше атауға болады. BP - Ұлыбританияның қазынасына миллиардтаған доллар табыс әкелетін ең ірі британдық он корпорацияның бірі. Одан бөлек 5 пайыз акцияны ұстап отырған итальяндық Eni, норвегиялық Equinor (8.71%), француздық Total (5.00%), америкалық ExxonMobil (2.50%) секілді алпауыт трансұлттық корпорациялардың мүддесі тұр.

Айтпақшы, қазанның басында армяндардың бомбасы мұнай құбырына тым жақын жерде жарылған кезде British Petroleum өкілдері алаңдаушылық білдіріп, ресми мәлімдеме жасаған. Содан кейін ақ мұнай құбырының маңында снаряд жарылғаны туралы ақпарат сап тыйылды.

Оның үстіне әзірбайжан мұнайын сатып алып отырған Италия, Израиль, Грекия, Үндістан, Франция мен Германия секілді мемлекеттер де ақшасын төлеп қойған мұнайының уақытында жетуіне кедергі келтірген Ереванға жылы қабақ танытпасы анық. Әзірбайжан әскерін тоқтату мақсатында Таулы Қарабаққа халықаралық бітімгерлік күштерін, тіпті скандинав елдерінің әскерін кіргізуге жанталасып жатқан Пашинян үкіметінің бұған бара қоюы екіталай. 

Ресей өзінің экономикалық мүддесі үшін Арменияның мұнай құбырын талқандауын қолдауға дайын ба? Меніңше Кремль де мұндай авантюрадан ат-тонын ала қашады. Өйткені онсыз да санкцияның астында қалған елге қосымша экономикалық қиындықтар қажет емес. Әзірбайжандар мен қазақтарды ресейлік құбырмен мұнай айдауға мәжбүрлеуден түсетін пайда да жаңа санкциялардың салдарын жаба қоюы екіталай екенін Путин билігі түсінеді деп ойлаймыз.

Міне, сондықтан да Әзірбайжанның бейбіт тұрғындарын күндіз-түні зымыран, снарядтармен атқылап жатқан Армения қарсыласының «күретамырын» қия алмайды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации