Отбасылық бюджетті үнемдеудің 7 тәсілі

05 наурыз, 14:20

Фото: ғаламтордан

Ақшаның барлығы қайда кетті? Мен соншалықты көп жұмсаған жоқпын ғой...

Таныс жағдай ғой, иә? Күніне болмаса да, аптасына кем дегенде төрт рет өзімізге осындай сұрақ қоямыз. Көп шығын шығармасақ та ақшаның қайда кетіп жатқанын білмей, есебіне жетпей сасамыз. Кейде қаржылық сауаттылығымыздың жоқтығынан, үнемдейміз деп екі есе шығынға ұрынатынымыз тағы бар. Оның алдын алуға бола ма?

Ендеше, кәдеңізге жарар деген үмітпен отбасылық бюджетті үнемдеудің 7 тәсілін ұсынамыз.

1. Үйден тамақтаныңыз, жұмысқа асыңызды бірге ала барыңыз.

Тамақтанатын орындар (кафе, асхана, ресторан) тағамның бағасын тек қана азық-түлікке кететін шығындармен есептемейді. Оған электроэнергияны, ыдыс-аяққа кететін қаражатты, аспазшы мен даяшының еңбегін, ғимаратты жалға алу құнын, салықтарды қосады. Егер өз асыңызды үйден дайындап алсаңыз, мұндай шығындар үшін қалтаңыздан артық ақша шығармайсыз.

2. Үйдегі азық-түлікті қадағалаңыз, дүкенге жиі соқпаңыз.

Тым қымбат азық-түліктерді алуға құмарланбаңыз. Оның орнына бағасы қолжетімді, пайдалы өнімдерді сатып алыңыз. Дүкенге барар алдында бір аптаға жететіні азық-түліктің тізімін түгендеп шығыңыз. Керек-жарағыңызды алар кезде қолыңыздағы тізімді ұмытпағайсыз. Тек тізімдегі заттарды ғана алуға дағдыланыңыз. Дүкенге жиі соғудың қажеті жоқ. Жұмыстан келе жатып (әсіресе, қарныңыз аш болса) дүкенге бас сұқпаңыз. Олай еткен жағдайда көрсеқызарлықпен көп шығынға батасыз.

3. Өзіңізге бірінші кезекте қажетті киім-кешекті сатып алыңыз.

Егер сіз отбасылық бюджетті үнемдеп жүрген болсаңыз, артық киім сатып алудан өзіңізді шектеңіз. Мысалы, сізге көктемге арналған жеңіл етік сатып алу керек болса, тек аяқ-киімдер сатылатын дүкенге ғана кіріңіз. Ары қарай алмайтын заттарды қарап, барлық дүкенді аралаудың қажеті жоқ. Олай ететін болсаңыз, міндетті түрде өзіңізге дәл қазір керек емес бір-екі киімді қоса сатып алатыныңыз анық.

4. Өзіңізбен бірге көп ақша алып шықпаңыз.

Бір күніңізге толық жететін ақшаны ғана алып жүріңіз. Өйткені қалтаңызда ақша артығымен жүрсе, артығымен жұмсамай қоймайсыз. Тіпті арнайы сауда жасауға шықсаңыз да солай етуге дағдыланыңыз.

5. Жоспарлап үйреніңіз.

Қолыңызға түскен қаражатты жұмсайтын мақсатыңызға қарай реттеп алыңыз. Айлық алған бойда аранайы жоспар жасаңыз. Сол жоспарды орындап, артық ақшаны үнемдеп үйреніңіз. Қазіргі таңда шығындарды есептеп, арнайы жоспар құруға араналған түрлі телефон қосымшалары бар. Егер техникаға сенбесеңіз, арнайы дәптер арнаңыз.

6. Дисконт карталарын пайдаланыңыз.

Қазіргі таңда көптеген дүкендер сатып алушыларға арнап жеңілдік қарастырылған дисконт карталарын ұсынады. Оның пайдасы – алған затыңыздың белгілі бір пайызы картаңызға түсіп отырады. Келесі жолы сауда жасағанда сол жеңілдікті пайдалана аласыз.

7. Міндетті түрде депозит ашып, ертеңгі күніңізге инвестиция салыңыз.

Барлық шығындарды есептеп, жоспар бойынша жүргізілген есеп-қисабыңыздан артылған ақша болса, бірден депозитке салып отырыңыз. Депозитте ақшаңыз болса, қысылған кезде көмекке келеді. Айлығыңыздың 20 пайызын депозитке арнасаңыз тіптен жақсы. Бұл несие алғаннан да тиімді. Қажетті затыңызды жинаған ақшаңызға сатып алуға дағдыланыңыз.

Егер сіз өз қаражатыңызды басқаруды ойға алып, алдыңызға белгілі бір мақсат қойған болсаңыз осы кеңестерді пайдаланып көріңіз. Қанымыз қазақ болғандықтан аптамыз той-думансыз өтпейді. Оны да қаперіңізге алып, ескере жүргеніңіз абзал.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации