Оффлайннан онлайнға. Қазақстандағы бизнес қалай өзгереді?

13 наурыз, 08:00

Фото: nege.kz

Бүгін жарияланған карантиннің әрбір күні отандық бизнес үшін ауыр соққы болмақ. Және "карантин неғұрлым ұзаққа созылса, соғұрлым кәсіпкерлерге карантин алдындағы бағытын сақтап қалу қиындай түседі", - дейді сарапшылар.

Карантинге дейін дөнер сатсаң, карантиннен кейін интернет-дүкенмен айналысып кетуің мүмкін. Дәл қазір Қазақстандағы шағын және орта бизнес бұрын-cоңды болмаған трансформацияны бастан кешудің алдында тұр. Бірақ ШОБтың өзі оны жете түсіне қоймады.

"Мұндағы ең басты фактор карантиннің мерзімі. Мысалы карантин бір айдан асса, онда шағын сервистік бизнес не нарықтан кетеді, немесе өз көлемін азайтуға мәжбүр болады", - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

Орташа бизнес 2-3 айға ғана шыдай алады. Оффлайнның барлығы бір айда онлайнға ауысып кетуі мүмкін емес.

Жалпы бизнестің бет-әлпеті өзгеріп, кейбір бағыттар дамып, кейбірі шығынға отыратынымен EXANTE сарапшысы Андрей Чеботарев те келісіп отыр. Онлайнға қатысы бар нәрсенің бәрі дамиды, дейді ол. Керісінше, адамдарды шоғырландырып, содан пайда табатын бизнес түрлері тақырға отырмақ. Оның қатарына концерт, кино, театр, түнгі клубтар мен барларды жатқызуға болады.

Ranking.kz есебінше, осы жылдың басында елімізде 1,3 миллион кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның ішінде 800 мыңға жуығы жеке кәсіпкерлер. Оның көбісі сауда-саттықта. Егер карантин саудаға кері әсерін тигізсе, шамамен жарты миллион кәсіпкердің басына күн тумақ. Тіпті карантин жарияланбай тұрып, Қытайдағы өндірістің тоқтауының өзі біздің кәсіпкерлерге нәубет туғызатынын осыдан бір ай бұрын жазған болатынбыз.

Тақырыпқа орай: Бос тұрған "барахолка". Қытай тауарларын сатып жүрген саудагерлер вирустан опық жемек

 

Бизнес үшін коронавирустың беті тезірек қайтып, карантиннің аз уақыт ішінде аяқталғаны дұрыс. Шығындар бүгіннен басталды деуге болады. Себебі, форс-мажор ретінде, талай келісім-шарттың орындалуы кейінге қалдырылып отыр. Форс-мажорға талаптар бір-біріне айыппұл төлемейді. "Әзірге карантинның кесірінен біздің экономиканың қанша қаржы жоғалтатынын есептеу қиын" - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының мамандары. Себебі, оның барлығының мультипликативті әсері бар. Бір анығы, наурыз-сәуір айлары Қазақстан экономикасы үшін ауыр сынақ болады. Және оның жағымсыз әсері алдағы 2-3 жыл бойы байқалып тұрмақ.

#бизнес #карантин #коронавирус
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации