Миссия НЕГЕ орындалмайды? Антикризистік 6 триллион теңгені игере аламыз ба?

11 мамыр, 16:23

Фото: Nege.kz

Коронавирус пандемиясынан туындаған дағдарыспен күреске еліміздің 6 триллион теңге немесе 13 миллиард доллар бөлгенін ақпарат құралдары жарыса жазды. Біреулер "Неге сонша көп қаржы жұмсалды?" десе, екіншілері "Ақшаны қайдан алды?" деп сұраған. Бірақ, басты мәселе ол емеc.

Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға 5,9 трлн теңге бөлгенін Қаржы министрлігі тәптіштеп жазған болатын. Республикалық бюджет есебінен – 3,4 трлн теңге, бюджеттен тыс қаражат есебінен – 2,5 трлн теңге алынып отыр. "Бюджеттен тыс дегеніміз, Ұлттық банктің ақша станогы" дейді сарапшылар. Бізде ақша станогынан басқа тез арада 2,5 триллион теңге ұсына қоятын мүмкіндік жоқ.

Бұл қаржының қайда жұмсалатыны да жоспарланып қойған. Жұмыспен қамтудың Жол картасына 1 трлн теңге, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие мен «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 1 трлн, салық азайғандықтан бюджет жоғалтатын шығынды жабу үшін 1,7 трлн теңге кетеді. Қалған 2,2 трлн теңге азаматтарға 42 500 теңгеден үлестіру,  тұрғын үй құрылысы, ірі бизнеске көмек, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді индексациялау, ауыл шаруашылығы, «Еңбек», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Ауыл – ел бесігі» сынды бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсалмақ.

Алайда бізді алаңдатып отырған басты мәселе басқа. Ақша бөлінді, бірақ ол игеріле ме?

"Шын мәнінде 6 трлн теңгенің тез арада игерілуі мүмкін емес нәрсе", - дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. Аталған бағыттардың ішінде кәсіпкерлік нысандарды 8 пайыздық жеңілдетілген несиелеу, қарапайым заттар экономикасы, ауыл шаруашылығы мен бизнестің жол картасы сынды бағдарларламалар қаржыны игеру бойынша сөзсіз қиындықтарға тап болмақ.

"Негізі банктер арқылы жүретін барлық мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын тежейтін бір системалық түйткіл бар. Ол регрессті жүйе деп аталады. Мысалы, мемлекет қаржы бөледі, оны банк ақырғы тұтынушыға жеткізеді. Бірақ, несиені алған кәсіпкер не азамат оны қайтара алмаса, мемлекеттің шығынын банк өтеп беруі тиіс. Сондықтан банк мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие беруге асықпайды, ол барлық тәуекелдерді ескереді. Ал мұндай талаптарға сай келетін сапалы қарыз алушылар қазір елімізде көп емес"

"Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша биыл алдында бөлінген 700 миллиардтың бәрі жұмсалмайтынына сенімдімін" - деп жазады экономист Мұрат Темірханов. "Бұл соманың тек 200 млрд теңгеге жуығы игеріледі деп ойлаймын".

«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы 2019 жылдың басынан осы наурызға дейін небәрі 150 млрд теңгеден астам несие берген. Оны 600 миллиардқа дейін кеңейту не үшін қажет болды? Кәсіпкерлерді несиелеу бағдарламасы - жаңа бастама. Бірақ қазір дағдарыс кезінде банктердің несиелеу қарқынын азайтатыны түсінікті.

Темірхановтың жазуынша, тек сөз жүзінде ғана 6 триллион теңге көмек берілді деп айтылады. Ал іс жүзінде оның көбісі игерілмейді және мемлекетке қайтып келеді. Оның басты себебі мемлекеттік көмекті алуы тиіс кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің несиелерінің көптігінде болып отыр. Бір нысан екі-үш айналдырып несие алып алған. Оның үстінен банктің жаңа несие бермесі анық. Осыны ескеріп, кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауды ескі несиені жабу үшін қайта қаржыландыруға бағыттауды сұраған болатын. Бірақ оған мемлекет келіскен жоқ.

#экономика #кризис #тоқаев
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации