Мырзахметов НЕГЕ Дамуды аңсайды?

19 наурыз, 17:00

Фото: интернет мем

Бәйтеректің бұтақтарын балтамен шауып, отын қылып алуға біраз жан мүдделі болып отыр. Соның бірі - "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов. Оның "Бәйтерек" ұлттық холдингінің қажеттілігіне күмән келтіруі, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорын палатаға қосып алу жөніндегі ұсынысы Бәйтерек тарапынан наразылық тудырған еді. Ол ол ма, Мырзахметов Бәйтерекке қарасты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін министрлікке беріп, ал Қазақстанның даму банкінің бағытын басқа жолға бұру туралы төтесінен батыл мәлімдеме жасады. Оны естіген Бәйтерек басшысы Айдар Әріпханов та тыныш жата алмады. Нәтижесінде екі күннен бері Атамекен мен Бәйтерек арасында қызу ақпараттық соғыс жүріп жатыр.

Бүгін Абылай Мырзахметов өзі басқаратын палатаға бағынышты inbusiness.kz порталы арқылы кешегі мәлімдемелер атысына түсініктеме берді. «Палата холдингтің барлық еншілес ұйымдарының қызметіне шүбә келтірмейді. Алайда олардың жұмыс тиімділігін арттыру және экономикадағы қазіргі дағдарысты жағдайға қайта форматтау талап етіледі. Атап айтқанда, Қазақстан Даму банкінің портфеліндегі жобалардың жартысынан астамы – квазимемлекеттік сектор, сондай-ақ ірі компаниялар. Бұрындары ірі және ұзаққа созылатын инвестжобаларды несиелеу өзін-өзі ақтаған болар. Ал бүгінде ұлттық палата шағын және орта бизнесті, импорталмастыру жобаларын кредиттеуге басымдық беруді ұсынады. Елдің қажет етіп отырғаны да осы ғой. Пандемия және негізгі экспорттық тауарлар бағасының құлдырауы қаржылық институт жұмысының форматын өзгерту керек екенін көрсетті. Ол енді отандық бизнес сұранысына сәйкес келуі тиіс», – деді Абылай Мырзахметов.

Мырзахметов мәселені ақпарат айдынын шулатпай, басқаша шешуді ұсынып отыр. Оның айтуынша, Бәйтерек басшылығы ашық диалогтан қорықпайтын болса, президент әкімшілігі жанынан биыл құрылған Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығының жиынына келіп, есеп беруі тиіс. Ол ұсынысқа Әріпханов әлі жауап қайтармады.

Қазіргі дағдарыс жағдайында Атамекен өзі квазимемлекеттік секторға айналғысы келеді дейді, Nege.kz түсініктеме сұраған сарапшылар. Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, коронавирустің үдеуі, әлемдік экономикалық рецессия жағдайында бизнесті қолдауға бөлінетін 1 триллион теңге Даму қоры арқылы жүрмек. Атамекеннің Дамуды қыпша белінен қапсырып, әдемі келіншектей өзіне тартып отырғаны да содан. Өз жауабында Бәйтерек басшысы Атамекенге "Даму белгілі бір мақсатта құрылған мемлекеттік мекеме. Ал сендер бар болғаны бизнес бойынша кеңес беретін коммерциалық емес ұйымсыңдар" деген болатын. Бірақ қоғамдық ұйым болса да, кәсіпкерлер палатасының квазимемлекеттік секторға ауыз сала бастауы, оның өзіне деген сенімінің өте мықты екендігін білдіреді.

Қалай десек те, тараптардың қаржылық ресурстарға бұдан да батыл таласа бастағандығын көріп отырмыз. Бірақ бұл жолғысы тым ашық болды.  

#бәйтерек #атамекен #мырзахметов
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации