Мәдина Әбілқасымова коронавирустан НЕГЕ қорқады?

17 ақпан, 18:20

Фото: almaty.tv

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктерге коронавирус келтіруі мүмкін зиян көлеміне қатысты сауалнама жолдап отыр. Егер эпидемияның Қазақстандағы қаржы секторын құлату мүмкіндігі жоғары деп танылса, онда банктерге МСФО9 бойынша қосымша қор жинауға тура келеді.

Коронавирус Қазақстан азаматтарына емес, алдымен елдегі қаржы секторына жұққанға ұқсайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) вирустан келер қауыпті алдын-ала болжау үшін банктермен шұғыл кеңесе бастады. ҚНРДАның банктерге сауалнама жіберіп жатқанын осының алдында RiskTakers хабарлаған болатын. "Бұл ретте ҚНРДАның мәліметтерді банктердің өзінен талап етуі қызық болып отыр" - дейді, бізге берген түсініктемесінде қаржы сарапшысы Владислав Туркин.  

"Короновирустың теріс әсері макрошок ретінде қабылданатынын ескере отырып, ҚНРДА статистикалық деректерді талдау мен AQR нәтижелеріне сүйеніп, қандай макропруденциалды реакцияның (капиталды ұлғайту және провизиялар бойынша талаптар) керектігін өз бетінше шешуі тиіс".

Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов, Қытайдағы эпидемияның біздің банктерге тікелей әсері болмаса да, жанама кесірі тиюі мүмкін екенін айтып қалды. Мәселен, банк Қытайдан тауар таситын сауда компаниясына несие берген болса, онда кредиттік портфелі нашарлады деген сөз.  

"Біздегі импорттың жартысына жуығы Қытайдан. Егер тауар айналымы тоқтаса, сауда компаниялары шығын шегеді. Ол өз кезегінде экономикаға жағымсыз әсер беретіні анық. Әрине, қаржы секторы мұндай проблемалардан тыс қала алмайды".

Бірақ, Владислав Туркин коронавирустың қаржы секторына тікелей әсері тимейтіндігін айтады. "Жалпы ҚНРДА банк секторындағы құпия қиындықтармен AQR нәтижесін алған сәттен бастап-ақ таныс деп ойлаймын. Орын алуы мүмкін тәуекелдердің барлығы провизия саясаты мен банктердің тәуекел саясатында ескерілуі тиіс. Резервті бағалау аясында қарыз алушының тәуекелін талдау мәселесіне айрықша назар аударылады" - дейді, Владислав Туркин.

Коронавирус қаупі дұрысында ҚНРДА емес, Ұлттық Банк пен Ұлттық экономика министрлігінің бас ауруы болуы тиіс еді. Себебі, вирус нақты қаржы нарығы емес, тұтастай макроэкономикаға зардабын тигізуі мүмкін. "Мен коронавирус үшін банк провизияларының айтарлықтай өсуін күтпеймін. Қазіргі уақытта қазақстандық банктерге қосымша өтімділіктің қажеті жоқ" - деген пікірде, Владислав Туркин. 

Десе де, ҚНРДА банктерге сауалнама жіберіп үлгерді. Банктердің не деп жауап қайтаратыны, вирустың болашақ зардабын қалай есептейтіні белгісіз. Енді үкімет ҚНРДАның осы тәсілін қолдана ма? Ол Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинетінің коронавирусты қаншалықты қарсылас санап отырғанына байланысты. 

#коронавирус #әбілқасымова #қнрда
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации