Қазақстан Қытайдан тағы 76 млрд теңге несие алмақ

30 маусым, 12:06

Фото: ғаламтордан

Қазақстан тағы бір мегажобаны бастау үшін Қытайдан қарызға қаражат алуды жоспарлап отыр.

Мамыр айының соңында Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылын жаңарту жұмыстары биылғы жылдың 1 маусымында басталатыны хабарланды.

Жөндеу жұмыстары Есіл өзені көпірінен «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайына дейінгі аралықта жүргізіледі. Жоба аясында «Салтанат сарайы» мен әуежай арасын жалғайтын, жалпы ұзындығы 17,353 шақырым болатын Қабанбай батыр даңғылын 6-8 жолаққа дейін кеңейту көзделген.

«Бұдан бөлек, жаңарту жұмыстарынан өткен соң елордада Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарының арасында көліктік торап пайда болады. Жоба көлік ағынын арттырып, аталған жолда жиі болып тұратын көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді», ­– деп мәлімдеді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Құрылыс үш жыл жүргізіледі, мердігер кәсіпорындар – China Xinxing Group Co., Ltd компаниясы мен «СП Сине Мидас Строй» ЖШС консорциумы, ал ТЭН авторы – «АстанаСтройПроектСервис-М» ЖШС.

Интернетте пайда болған ақпаратқа сәйкес, жобаның жалпы құны – 91,6 млрд теңге, ішінде келісім негізіндегі сома – 89 млрд тенге. Қаражаттың басым бөлігін – 76 млрд теңгені Қытайдың «ЭксимБанкінен» қарызға алу көзделген. Әзірге бұл тек жоспар ғана, несие мөлшері тексеріс барысында нақтылануы мүмкін.

Қабанбай батыр даңғылын жаңартуға қатысты мәселе қоғамда екіұшты қабылданды. Қаладағы кептелістерден шаршаған астаналықтардың кейбірі қуанса, қалғандары тіпті онлайн-петиция жариялап, бұл бастаманың елорданың экологиясына, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге кері әсер ететінін және көлік кептелісін жоя алмайтынын алға тартты.

Жобаны ЛРТ-мен де салыстырып жатыр. Кезінде жеңіл рельсті жер үсті метросының құрылысы үшін қазақстандықтар Қытайдан несие алған. Алдыңғы жылдың қарашасында Қытайдың Даму банкінің алдындағы 343 миллион доллар көлеміндегі қарыз өтелді. Ал құрылыс әлі біткен жоқ.

Айта кетелік, ЛРТ тіректері Қабанбай батыры даңғылы бойында да қаңырап тұр. Жақында жергілікті әкімдік жобаны аяғына дейін жеткізетінін мәлімдеген еді. Бірақ астаналықтар нақты қай уақытта жер үсті метросымен қатынай алатыны әзірге белгісіз.

Аделаида Ауеспекова, Нұр-Сұлтан

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации