Қазаққа қайсысы дұрыс: Көлік пе, әлде пәтер ме?

03 наурыз, 18:00

Фото: nege.kz

Тоқсаныншы жылдары азаматтардың пәтерді көлікке ауыстырып жататын жағдайлары аз емес еді. Қазір әрине, ол сирек кездесетін құбылыс шығар. Көлік екінің бірінде бар, ал баспанаға қол жеткізу оңай емес. Nege.kz экономикалық факторларды сараптап, көлік немесе пәтердің қайсысы тиімді екенін зерттеді.  

Ең бастысы, экономистер тілімен айтқанда көліктің пассив, ал жылжымайтын мүліктің актив екенін анықтап алуымыз керек. Актив дегеніміз - уақыт өскен сайын құны да қымбаттайтын, сізге пайда әкелетін, яғни қолданыстағы шығыны табысынан аз болатын дүние. Пассив - қолданудың өзі шығын әкелетін, үнемі қаржыны талап етіп отыратын зат. 

1. Жылжымайтын мүлік

Бір нәрсеге таласпау керек. Экономикалық тұрғыдан алғанда, пәтер көлікке қарағанда тиімді. Бірақ егер сіздің көлігіңіз раритет, белгілі бір коллекциялық құнға ие болса, онда оның бәсі биік тұратыны анық. Бірақ бұл жағдайда ол көлік ретінде қарастырылмай, сирек кездесетін бағалы заттар санатына жататын болады. Ал жылжымайтын мүлік несімен құнды?

Біріншіден - оның амортизациялық мерзімі ұзақ жылдарға созылады. Демек жақын арада құны түспейді деген сөз. Баспана тек озық-тозығы жеткенде, апатты жағдай алдында тұрса ғана бағасын жоғалтады. Ал ол үшін кемінде 50 жыл қажет.

Екіншіден -  оның кірісі пайдалану шығынынан асатын болады. Бір сөзбен айтқанда, пайдасы бар. Демек, пәтерді жалға берсеңіз, түскен ақшаға салығын төлеп, коммуналды шығынын өтейсіз және оның үстінен сізге қомақты кіріс қалуы тиіс. 

 Фото: yvision.kz

2. Автокөлік

Автокөлік шын мәнінде пайдалы ма? Ия, ол тасымал құралы, діттеген жеріңізге жеткізеді. Әсіресе, шалғай, ауылды жерлерде мұндай сұрақ мүлде туындамауы тиіс. Ал тығыз орналасқан, қоғамдық көліктері дамыған қалада ше? Бұл ретте, автокөліктің пассив ретіндегі кемшіліктері бірден көзге ұрып тұрады.

Біріншіден - жыл сайын, әр шақырым жүрген сайын бағасы түсе береді. Көлік апатына ұшырап қалсаңыз, тіпті шығынға батып қалуыңыз мүмкін және көлік бағасын жоғалтты деген сөз. 

Екіншіден - жүру үшін жанармай құю керек, арагідік жөндеп тұратыныңыз да бар. Демек, пайдалану шығындары өте жоғары,

Үшіншіден - пайда әкелуі күмәнді. Алдымен есептеп алайық. Көліктің салығы бар, сақтандыруы бар, жанармайы бар, тұраққа төлейтін ақшасы тағы бар және жыл сайын жөндеуге, оны жууға кететін қаржы бар. Осының бәрінің сомасын шығарып, бір жерге қосыңыз. Енді осы сома сізге таксиге жетер ме еді? Мүмкін такси арзан шығатын шығар?

Төртіншіден - амортизация. Көлік баспанаға қарағанда өз құнын 10 есе тез жоғалтады. Әсіресе, жаңа көліктер. Сондықтан, егер көлікті артынан тиімді бағаға сатқыңыз келсе, онда елімізде құны түспей жүрген айтулы көлік маркаларына назар аудару керек. Себебі, басқа автомобильмен қып-қызыл шығынға батуыңыз мүмкін. Арнайы маманданған ақпарат көздерінің зерттеуінше, елімізде Тойота, Лексус және Мерседес маркалы көліктер өз құнын жақсы сақтайды. Оның ішінде Ланд Крузер, Камри, Прадо, RX, LX, W220 маркаларының шоқтығы биік.  

Фото: kolesa.kz

#авто #көлік #пәтер
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации